Жауапкершілік жүктеген жеті міндет

Заман кім-кімнен де жаңашыл болуды талап етеді. Қоғам алға жылжыған сайын талаптар да күшейеді. Сол талап үдесінен шыққанда ғана, заманның көш-керуеніне ілесіп отыруға мүмкіндік бар. Мұны не үшін айтып отырмыз? Қазіргі ХХІ ғасырда бір сәтке де аялдап қалуға болмайды. Өркениетті мемлекеттердің қатарынан көріну үшін оң өзгерістерге бастайтын оңтайлы тұстарды тиімді пайдалана білуіміз керек.

Еліміз бүгінде қоғамдық-саяси тұрғыдан түрлі бастамаларды қолға алып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жарық көрген мақаласында тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін айта келе, сол қымбат дүниені одан әрі өміршең ету жолдарын ұсынды. «Бағдар мен белес» деп аталатын бөлімде Президент еліміздің бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолына қысқаша шолу жасап, алдағы міндеттерді де айқындап берді. Иә, алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екінші онжылдықта керегесін кеңейтті. Үшінші онжылдықта еліміз индус­триялық-инновациялық даму жолын таңдады. Ал, алдағы төртінші онжылдықта қуатты елдің иесі және кемел халық болуды көздеп отыр. «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз ойын осылай түйіндеген Мемлекет басшысы бұл айтылғандарды ертерек жүзеге асыруға шақырды. VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен, міне, осыны аңғарғандай болдық. «Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде оның жеті бағытын нақтылап берді. Ең бірінші азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту керек екенін айтып, «Тиімді әлеуметтік саясат – мықты және инклюзивті қоғам құрудың негізгі құралы» екеніне ерекше тоқталды.

«Біз әлеуметтік қамтамасыз ету саясатын қалпына келтіруіміз керек. Мемлекеттің басымдығы неғұрлым әлжуаз азаматтарын қолдау болуы тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік көмектің атаулығы мен оны алуға тиісті талаптарды күшейту қажет. Әзірленіп жатқан әлеуметтік кодекс осы маңызды саладағы өзекті мәселелерге жан-жақты жауап береді».

Сондай-ақ, ұлттық экономиканың үдемелі өсуінсіз азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айта келе: «Мен қазірдің өзінде «таза парақтан» бастап реттеуге көшуді тапсырдым, бұл бизнесті бастау мен жүргізу шығындарын едәуір төмендетеді. Тиісті Жарлыққа мен 2020 жылдың соңында қол қойдым. Соған сәйкес Үкімет маңызды заң жобасын дайындап жатыр, оны Мәжіліске 2021 жылы маусымда жібереді. Мен депутаттардан осы заң жобасын кәсіпкерлердің тілектері мен қоғамдық мүдделерді ескере отырып, жан-жақты қарастыруын сұраймын» деді.

Қ.Тоқаев төртінші мәселе ретінде аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуын сөз етсе, бесінші мәселе ретінде «Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру» екенін еске салды. Иә, осы орайда ең маңызды қадам ретінде ауыл әкімдерінің бұрынғыдай тағайындалмай, сайлануын айтуға болады. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетінін ескерсек, бұл саяси науқанға елдің болашағына бей-жай қарай алмайтын әрбір адам атсалысуы керек.

Сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Бұл мәселені алтыншы басымдық ретінде атап өткен Президент жетінші басымдықты тағы да әділетті қоғам құру мәселесіне арнады.

Иә, Мемлекет басшысы айтқандай, біздің басты мақсатымыздың бірі адам құқықтарын толық қорғау болып табылады. Ал, жоғарыда айтылған жеті міндеттің жауапкершілігін әркім жан-жүрегімен түйсінер болса, біз үшін алынбайтын асу жоқ.

Әділхан АСАУОВ, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

 

 

Пікір қалдырыңыз