Куәліксіз жүру заңға қайшы емес

Жақында жолда жүру мәселелері қаралған заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жүргізушілердің куәлік пен тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмегені үшін қарастырылған әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды тапсырған болатын. Себебі, ол құжаттар ішкі істер органдарының дерекқорында бар. Полиция қызметкерлері олардың бар-жоғын дерекқорға қосылу арқылы тексере алады.

– Бұл құжат жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жүргізушінің өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормалар алып тасталынды. Аталған нормаларды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің күші жойылды, – дейді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасы әкімшілік жауапкершілік жүктемейді. Есесіне, тәртіпке бас иіп, көлік жүргізу мәдениетін меңгеруге міндеттейді. Осы уақытқа дейін скутер, гироскутер, электросамокат, монодөңгелек сияқты шағын мобильді электр көлік құралдарының құқықтық мәртебесі анықталмағандықтан, заңға «дербес мобильді құралы (шағын электр көлік құралы)» ұғымы енгізілді. Бұған электр қозғалтқышымен жабдықталған және уәкілетті органда тіркеуге жатпайтын, жеке жүріп-тұруға арналған техникалар жатқызылады. Сонымен қатар, енді оларды пайдалану тәртібі де реттеледі.

 

 

Пікір қалдырыңыз