Бейнежазба жүргізушіні сотта қорғайды

Қазір жүргізушілердің көпшілігі бейнетіркеу құрылғыларына ерекше мән береді. Олардың тарапынан мұндай қызығушылықтың туындауы бекер емес. Мысалы, жол-көлік оқиғаларына байланысты сот өтсе, өзіңіздің кінәлі емес екеніңізді осы құрылғы арқылы жазылған видеомен дәлелдей аласыз. Алайда, құзырлы органдарға тапсырылған бейнетаспа сол орын алған жағдайға сәйкес келуі қажет.

***

Егер көлігіңізге бейнетіркегіш орнатылған болса, міндетті түрде куәгерлерге және уәкілетті органдарға хабарлаңыз. Жол полицейі түзетін хаттамада сіздің құралыңыз туралы барлық ақпарат көрсетілуі тиіс: камераның үлгісі, жолдың бағыты, видеоның жазылған уақыты мен күні. Бұл өте маңызды. Кейде тәртіп сақшылары бұл деректерді хаттамада көрсеткісі келмейді. Ондай жағдайда, хаттамаға қол қоймай тұрып, барлық деректі құжатқа енгізуін талап етіңіз. Сондай-ақ, әр сапар алдында камераны жолды дұрыс түсіретіндей етіп қоюды ұмытпаңыз.

***

Бейнетіркегішті инспекторға тек куәгерлердің қатысуымен ғана тапсырыңыз. Яғни қажетті ақпараттың барлығы міндетті түрде хаттамаға жазылуын қадағалаңыз. Бұл сіздің бейнетаспаңыздың жалған емес екенін сотта дәлелдеуге мүмкіндік береді.

***

Егер сізде «полицей жол-көлік оқиғасының басқа қатысушыларымен келісіп, видеоны өшіріп жібереді» деген күдік болса, хаттамаға деректерді енгізіп, бейнетіркегішті өзіңізде қалдырыңыз. Есіңізде болсын, сот кез келген жағдайда сараптаманы сіздегі түпнұсқа арқылы жүргізеді. Ал, тәртіп сақшысы бейнематериалды беруді талап етсе, бірден көшірмесін жасап алыңыз. Бірақ, бейнетіркегіштердің барлығы бірдей көшірме жасауға қабілетті емес. Ондай кезде көшірме жасаудың басқа бір амалдарын табуға тура келеді. Ал, дәл сол сәтте бұл әрекетті орындау мүлдем мүмкін болмаса, видеоның көшірмесін кейінірек жасап, оны сотқа арнайы тапсырыс хатпен жібере аласыз.

***

Өз құрылғыңыздың қалай жұмыс істейтінін өте жақсы білгеніңіз жөн. Өйткені, сот бейнетаспадан кемшілік тапса, құрылғының кейбір техникалық сипаттамалары жайлы сұрақ қоя алады. Сіздің бейнетіркегішіңіз көлік салонына сән беретін әдемі ойыншық емес, өте маңызды құрал. Сондықтан оның көмегі тисін десеңіз, барлық бейнежазбаларды сауатты ресімдеуді меңгеріп алыңыз.

 

 

Пікір қалдырыңыз