Менің ұстазым – Жалғас Кеңесов

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жалғас Кеңесов – қазақ ән әлемінде өшпес ізін қалдырған дара дарын иесі. Ол әнші, белгілі сазгер, ең бастысы, талай шәкірттің жүрегінен жол тапқан ұлағатты ұстаз еді.

Сонау сексенінші жылдары Жалғас Кеңесов «Қазақстан» орта мектебінде бізге ән-күй пәнінен сабақ берді. Ағай жаңа әннің мәтінін бір оқушыға тақтаға жазғызып, баянның сазды үнімен бір айтып беретін. Бұдан соң сыныптағы оқушыларды бес-алтаудан бөліп, тақтаға шығарып айтқызатын. 30 оқушы ән сабағында жапа-тармағай тақтаға ұмтылып, даусымыз келсін, келмесін айқайлап өлең айтушы едік. Балалық па, әлде табиғи құштарлық па белгісіз, әйтеуір ән сабағын сұмдық жақсы көретінбіз. Ағайдың сабағы аптасына бір рет болса да аптаның барлық күнінде өлең дәптеріміз сөмкемізде жүретін. Сол уақыттағы ұстаздардың білімінің, беделінің күштілігі соншалық, нашар оқитын оқушы кемде-кем еді. Балалар жасу, жабығу, торығу дегенді білмейтін.Үйдегі ата-ананың темірдей қатал тәрбиесі, ұстаздардың теңізден терең тұңғиық білімі, қазақ ақын-жазушыларының көркем шығармалары бізді өмірге құштар етіп тәрбиеледі.

Есейе келе аяулы ұстазымның жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарынан оқитын болдым. Оқыған сайын жүрегімді мақтаныш сезімі кернейтін. «Бақ біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады. Тауып қонса өсіреді, ауып қонса есіреді» дегендей, кей пенденің пешенесіне бұйырмас бармақтай бақтың ұстазыма адаспай қонғанына қуанған едім. Жалғас ағайдың талмай ізденуі мен тынбай еңбектенуінің нәтижесінде қазақтың ән қоржыны толыға түсті. Ертең-ақ ән әлемінде ұстазымның есімі алтын әріптермен жазыларына сенемін. Өйткені, қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары орындап жүрген, сазы мен сөзі керемет үйлесім тапқан, жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін көптеген әсем әндер Жалғас Кеңесовтің туындылары. Өткен жылы Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толуына орай өтетін іс-шараның алдында ағаймен хабарласып: «Ағай, ауданның 55 жылдық мерейтойы өтейін деп жатыр. Соған ауданнан шыққан танымал тұлғаларды құрметті қонақ ретінде шақырып жатырмыз» дегенде ерекше шақыртуға балаша қуанған еді. Мерейтойға құрметті қонақ ретінде қатысып қана қоймай, аудандық мәдениет сарайында жеке концертін өткізді.

«Ат та, әйел де ер жігіттің бағына қарай» дегендей, ағайдың жан жары Тұмар апай бізді 7-сыныпта химияның қызықты сырларына жетеледі. Апайдың сабырлы да байсалды көзқарасы, нағыз ұстазға ғана тән орнықты мінезі өзгеше болатын. Екеуі аққудың қос қанатындай болмыс-бітім жағынан бірін-бірі толықтырып тұратын. «Жақсы әйел айдың сәулесі сияқты. Есікті жапсаң, түндіктен түседі» дегендей, ер жігіттің абыройын асырып, беделін биіктететін Тұмар апайдай асыл жарлар аман болсын. Ұлт үшін, келер ұрпақ үшін керемет рухани дүниені жарыққа шығаратын Жалғас ағайдың ізбасарлары лайым көбейе берсін.

Орынша ҚАЛШАБЕКОВА, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары.

 

 

Пікір қалдырыңыз