«Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды тиімді жүзеге асырды»

Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысының алдында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев фракциялардың жетекшілерімен кездесті. Президент Конституцияда бекітілген тәртіпке сәйкес депутаттық фракция жетекшілерімен Премьер-министрдің лауазымына ұсынылатын кандидатураны ақылдасты.

Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, атқарушы билік тармағының пандемия салдарынан болған жаһандық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекетіне баға берді.

– Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды тиімді жүзеге асырды. Соның арқасында жұмыссыздықтың көбеюіне, халық табысының жаппай төмендеуіне жол берілмеді. Бұл шаралар тиімді болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты және қаржы жүйесінің орнықты екенін атап өтті. Үкімет пен Мәжілістің жаңа құрамы экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

Білікті әрі тәжірибелі, еңбекқор, талапшыл және парасатты мемлекеттік қызметші деп баға берген Асқар Мамин жөніндегі өз шешімін Мемлекет басшысы: «Ол алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді жақсы түсінеді. Оның Үкіметтегі нәтижелі жұмысы – соның айқын дәлелі» деп түсіндірді.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарына өзі ұсынған кандидаттарды қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Асқар Маминді жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

 

Үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейді

ҚР Премьер-министрі лауазымына тағайындалған Асқар Мамин Үкіметтің Парламентпен үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейтіндігін айтты.

«Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс айтамын. Бұл – мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Алдымызда Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басым бағыттарын жариялады. Соның ішінде ең бастысы – халықтың табысын арттыру» деді Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы.

Аталған міндеттерді экономиканы қарқынды дамыту арқылы орындауға болатындығын айтқан А.Мамин:

– Осы мақсатта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, жаңа технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру және тағы да басқа бағыттар бойынша тиімді шаралар іске асырылады. Осы стратегиялық міндеттерді іске асыруда Үкімет Парламентпен бірге үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейтін болады, – деді.

 

Премьер-министр он күн ішінде Президентке Үкімет құрамын ұсынады

Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметті ҚР Конституциясында көзделген тәртіппен құрады.

Конституцияның 65-бабына сәйкес, республика Премьер-министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді.

Содан кейін Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен Президентіне ант береді.

 

 

Пікір қалдырыңыз