Тың серпін береді

Адам рухани жағынан жаңғырмай, қоғам жаңғырмайды. Ал, мемлекеттің жекелеген адамдардан, ұлт пен ұлыстардан тұратыны белгілі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның мемлекет ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қашанда жаңғыруға бастайтын идеяларды ортаға салып, олардың орындалуына мән беріп келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қазақ елінің бүгінін сараптап, ертеңгі бағытын айқындаған құнды еңбек. Біз осы мақаладағы ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, интеллектуалды қоғам қалыптастыру сияқты мәселелердің аса өзекті екендігін сезіне отырып, олардың ішінде бір ғана мәселеге – латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталып өтейік.

Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшудің кейбір қиындықтарынан өтіп, жаңа жетілдірілген әліпбидің бекітілу кезеңін күтіп отырмыз. Әр реформаның өз қиындығы болады. Мәселенің маңыздылығы ондай-ондай қиындықтарды еңсеруді қажетсінеді. Еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де тиімді боларлық мәселенің шешілуіне байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасуда.

Қазіргі кезде қоғамның барлық саласы дерлік латын әліпбиіндегі таңбалармен жақсы танысып үлгерген. Айталық, мектеп оқушысы бастауыш сыныптан бастап-ақ латын әліпбиі негізіндегі ағылшын немесе француз, неміс тілдерін оқиды, одан жоғарылай келе бірліктері осы әліпбидегі физиканы, периодтық жүйесі латыншамен берілген химияны, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемінің атаулары тағы да осы әліпбимен таңбаланған биологиялық пәндермен танысады. Химиядағы Менделеевтің периодтық кестесі, физикадағы халықаралық бірліктердің СИ жүйесі, барлық математикалық шартты белгілер мен теңдеулер латын таңбаларымен берілген. Ендеше, орта мектепті бітіргендердің баршасы латын таңбаларымен әлденеше рет кездесіп, оларға көздері әбден үйреніскен. Бұларға қоса интернет ресурстарының адрестері тек латын таңбаларымен белгіленген. Қазіргі балалар мен жастар интернетті қолданғанда негізінен, латын әріптерін пайдаланады.

Латын әліпбиі көрнекілік жағынан да, санаға әсер ету тұрғысынан да қазақ мемлекетін даралай түседі, санамыздағы отарсыздану үдерісін күшейтетеді. Тәуелсіздік алғалы айтылып келе жатқан отарсыздану үдерісіне тың серпін береді.

Елбасы өз сөзінде нақтылап айтқандай, латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс. Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек. Мемлекеттік әліпби – мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына жол ашуы тиіс! Латын қарпін талқылауда зор белсенділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиімізді өмірге енгізуде де қарқынды қайрат танытуы керек. Рухани жаңғыруымызға темірқазық болып отырған жаңа әліпбиіміздің тегеуріні мықты, болашағы айқын болады деп сенеміз.

А.ӨТЕПБАЕВА, Кентау қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры.

 

 

Пікір қалдырыңыз