Әрекетке – берекет

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Сайрамсу өзенінің екі қапталына ежелден ел қалың қоныстанған. Егін егуге, мал өсіруге қолайлы аймақ. Өзен жағасына қоныстанған ауылдардың бірқатары Көксәйек ауылдық округіне (Төлеби ауданы) қарайды. Көксәйек (бұрынғы Георгиев селосы) елуінші жылдардың орта шеніне дейін аудан орталығы болған, кейін орталық Леңгір қаласына көшірілді. Аудан орталығы мәртебесінен айрылғанымен, Көксәйектің қызу тіршілігі бір бәсеңдеген емес. Бүгінде заманауи талапқа сай жобамен салынған, сән-салтанаты жарасқан тұрғын үйлер, халыққа қажетті тұрмыстық, сауда нысандары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

– Біздің ауылдық округке қарасты – Қазақстан, Жіңішке, Алтынбастау және Көксәйек елді мекенінде 2 500-ге жуық түтін бар, ондағы тұрғындар саны 13 300-ден асады. Оның 7 650-і – экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар санатына жатады. Жалпы жер көлемі 21 631 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 15 600 гектарға жуықтайды. 9 мың гектардан астам алқапқа егін егілсе, 1739 гектары – жайылым. Суармалы алқап 1 200 гектардан асады. Бау 158 гектарды құраса, өндірістік аумақ 56 гектарды, ал, үйіргелік бау-бақша көлемі 269 гектарды алып жатыр, – дейді ауыл әкімі Айтжан Қабылбеков. – Округ аумағында 4 жалпы орта, 2 негізгі және 1 бастауыш мектеп – барлығы 11 мектеп бар. Одан бөлек №9 кәсіптік лицей, саз және спорт мектептері де жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Сонымен қатар, 1 балалар үйі, 3 кітапхана, 2 Мәдениет үйі, 1 аудандық аурухана, 5 балабақша, пошта, тағы басқа кәсіпкерлік нысандар жұмыс істейді. Көксәйектегі «Фудмастер компаниясы» ЖШС-нің тыныс-тіршілігі республикаға танымал. Кәсіпорын халықаралық стандартқа сай өнім шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтуде.

Бүгінде ауыл туралы әңгіме қозғала қалса, жұмыссыздық мәселесі қоса айтылады. Айтжан Сарыбайұлы әңгіме барысында бұл мәселенің басты назарда тұрғанын тілге тиек етті. Жоғарыда аталған мекемелерде жүздеген мұғалім, медицина қызметкері, тағы басқа түрлі мамандық иелері қызмет атқарады. Бұдан бөлек, көршілес Нысанбек ауылындағы «Тау самалы» демалыс аймағында, аудан орталығындағы «Леңгір су» мекемесіне қатынап жұмыс істейтіндер бар. Тіпті, Шымкентке қатынап жұмыс істейтіндер де жеткілікті. Еті тірілер кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп жүр. Былтыр 25 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 19 адам жастар практикасымен еңбек етті.

– Әрине, жұмыс табу – жарты байлық. Ауылда тұрып жұмыс жоқ деу ақылға сыймайды, – дейді әкім. – Пандемияға байланысты біраз кәсіпкерлік нысандарының жұмысы едәуір баяулап, кейбірінің жұмысы тіпті тоқтап қалғаны да рас. Алайда, талпынған жастарға әр уақытта екі қолға бір күрек табылады.

Көшенің қос қапталына сауда нүктелері орналасқан. Бұл жергілікті кәсіпкер Ерлан Әділбековтің наубайханасы екен. Кәсіпкер Әбдіжан Әскеров әйелі Лолахан екеуі аудан орталығында бір айдай оқып, көктемде нан пісіріп, сатуды жолға қойыпты. Ұнды «Ақ маржан» диірменінен алады. Сұранысқа және нанның көлеміне қарай бағасы әртүрлі.

75, 85 және 100 теңгелік ыстық тандыр нанды алушылар көп. Тәулігіне 300-ге дейін нан жабады. Үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал сенбі, жексенбі күндері алымсақ азаяды. Мұндай наубайхана Көксәйекте бірнешеу. Бәрінің жұмысы жүріп тұр. Бәсекелестік күшті. Әрқайсысының өз «клиенттері» бар. Сондықтан нанның сапасына ерекше көңіл бөледі. Қазақстан елді мекенінде Әділ Ахтаев та жақында ғана наубайхана ашыпты. Орталық болған соң мұнда жеңіл автокөліктерге сервистік қызмет көрсететін нысандар жеткілікті. Біреуі шина жөндеумен шұғылданса, екіншісі мотор майын ауыстырады. Келесісі жүріс бөліктерін жөндейді. Қаладағыдай көлік жуатын орындар да ашылған.

Бұрынғы 8 март (қазір Көксәйекке қосылған) ауылындағы қырман маңындағы бос жатқан жерге көлемі 30х50 метр болатын футбол алаңы салынуда. Ол биыл пайдалануға берілмек. Бұл үшін аудан бюжетінен 13 миллион 234 мың теңге бөлініпті. Балабақша жанынан бүлдіршіндер ойнайтын алаңша жабдықталыпты. Одан әріректе осындағы тұрғындардың өтінішіне орай 100 орынды қос қабатты бастауыш мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Осы ауылдан 5 отбасы 555 мың теңгеден қайтарымсыз несие алып, өз кәсіптерін ашқан. Оның біреуі қаржыны дүкен жұмысын жақсартуға жұмсаса, екіншісі тігін машиналарын алып, арнайы цех ашу қамында жүр. Тұрғындардың сұранысына орай көрпе мен көрпеше, жастық, тағы басқа да қыз жасауына қажетті заттарды тігумен айналыспақ. Үшіншісі базардан мал сатып алып, оны бордақылауға қойыпты. Сауын сиырлары да бар, сауған сүттерін «Фудмастерге» өткізеді.

Қазақстан ауылында Қамбар Наралиевтың жанар-жағармай стансасы тоқтаусыз жұмыс істейді. Баллонға «көгілдір отын» толтыратын орны да бар. Аз-кем аялдаған жүргізушілер осындағы азық-түлік дүкенінен өздеріне қажетті заттарын саудалай алады. Жомарт Аманжолов қылшық жүнді қой өсіруде. Уақ малды семіртіп, сойып сатады. Еркебай Ережепов Сайрамсу өзенінің жағасынан 2 гектар жер алып, оны қоршады. Кәсіпкер мұнда шабақ, балық өсірмек.

– Қазақта «қимылдаған қыр асар» деген сөз бар. Әрекет еткен адам береке табады. Біздің ауылдық округ бойынша былтыр

800 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған еді, – дейді әкім Айтжан Қабылбеков. – Індетке байланысты жекелеген кәсіпкерлер бизнес-жоспарларын жүзеге асыра алмады. Дегенмен, өткен жылы 650 миллион теңгенің жұмысы атқарылды.

 

 

Пікір қалдырыңыз