Алты қыздың әппақ әлемі

Поэзия жасқа, жынысқа, істеп жүрген кәсібіңнің түріне қарамайды. Өлең – қай жерде де өлең, ақын – қай жерде де ақын. Алайда, біздің әдебиетімізде кешегі ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарынан бастап «қыздар поэзиясы» деген ұғым қалыптаса бастады. Демек, қыздар жазатын өлеңде бір ерекшелік бар болып тұр ғой!

«Жас ақын қыздарымыздың өлеңдеріне баға беріңізші» деген ұсынысқа ұзақ ойландым. Ақын қыздарға бағаны халық берер. Бірақ, әдебиетші деп қолқа салғасын қашқақтамай, мен де аз ғана пікір білдіргенді жөн көрдім. Әдеби процесті бағамдау барысында өлең өлкесінде оқырман қалыптастырып үлгерген алты қыздың шығармашылығына тоқталмақпын. Олар: Ақбота Бейбітбек, Мақпал Төребек, Арайлым Мұратәлиева, Салтанат Айдарбекова, Салтанат Мадиярқызы, Сезім Мергенбай.

Алдымен ақын қыздардың барлығына ортақ тақырыпқа тоқталайын. «Тақырып – ақынның кеңістігі, поэтикалық өрісі» деген пайымдауға сүйенсек, алты қыздың өлеңдерінен тақырып тұтастығы аңғарылады. Анаға арнау, туған жерге деген сағыныш, сезім, махаббат және көңіл-күй ауанына арналған жырлардың жазылуы да ұнасымды. Себебі, өлең ақынның сезім әлемінің, ой дүниесінің көркем суреті десек, жырлардан уақыттың лебі, мезгілдің, яғни ақынның жастық жалыны сол тақырыпта айқын аңғарылады. Тақырып ортақ болғанмен, әр қыз өлеңде өз жанының қатпарын өзінше ақтарады. Көрген-білгені ғана емес, тағдыр-сабағынан ұққанын, сезінгенін жасыра алмайды. Бұл олардың әрбірін оқшау поэтикалық тұлға ретінде ерекшелеп тұр.

Ақбота Бейбітбек – студент кезінен мүшәйраларға қатысып, жүлдегер атанып жүрген ақын. Кітабы баспадан жарық көрген.

«Апа, қызың өзгеге ұқсамайды» дейтін өлеңінде Ақбота анасына сыр ақтара келе, өз ұстанымына беріктігін, яғни қазақ қызына тән адалдықты бәрінен биік қоятынын аңғартады.

«Апа, қызың өзгеге ұқсамайды,

Жеңілді деп санама жықса қайғы.

Атына кір келтірсе – оңбағаны,

Ол ұятты өлімнен құп санайды». Міне, осы шумақ жаңағы сөзімізге дәлел.

Өлеңге, өмірге деген құштарлық. Қазақ қызына жарасты қайсарлық. Маған бұдан да қатты ұнағаны – «Жақсыға маңайында қарауыл көп» дегені. Иә, Дарқан Даланың даналығын таныған ақылды уәж.

«Жаулығыңды сен қалай қадірлесең, Өлеңімнен ғұмырлық табылды мән». Өмірін өлеңге арнағысы келген ақынның адал ниеті.

«Мама,

Кешірімді алдыңда қателігім,

Тағдырдың жөтелі – мұң.

Жұмсақтығың шығар-ау – аналығың,

Қаталдығың шығар-ау – әкелігің.

Міне, тағдыр. Тағдырдың қиын өткелегінде, отбасы тауқыметін көтерген қайран біздің аналар! Анасымен сырласа келе, әке парызын, әке тәрбиесін аңсау. Кінә артпау.

«Жұрт бақытты болады деп санайды

әкеден аумайтын қыздарды».

Ақбота ішкі сезімін, мұңын, күйзелісін жайып салуға құмбыл емес. Бірақ, өзі таңдаған өлең-өмірде ол кейде мүмкін де болмай қалатын сыңайлы. Ол анасын да, даласын да дұғаға қосады. Ауылдан қалалықтарға мейірімнен сарқыт тасиды. Індет жайлап жатқанда «тыныштықтың қызуы көтерілді, күнде тұйық неғайбыл елжіреуі» деп елеңдейді.

Арайлым Мұратәлиева да – есімі оқушы кезінен мөп-мөлдір мұңымен, сол мұңды танытар тұнық үнімен оқырмандарға танылған есім.

«Жанарынан құлап кетіп жалғанның,

Бейіттердің төбесіне тамғанмын.

Сенесіз бе, әкем менен анамды,

Мен өлеңге айырбастап алғанмын».

Сенеміз! Өмір мен өнердің біртұтастығына сенеміз!

Арайлым Мұратәлиеваның:

«Бүгін жаңбыр жауса екен деп тіледім,

Жуып өтсін жүзімді кешкіре күн.

Кеткеніңе сене алмай сенің ана

Жыламаған көзімді кешші менің».

Ақынның егілуі емес, осылай тағдырының қиындығымен күресе алатын, ағысқа қарсы жүзе алатын ерлігі ұнайды.

Мақпал Төребектің жырларымен жас ақындар жинағынан таныстық. Оның «Көке» деген өлеңінде сол жанның момындығы, мейірімділігі әдемі суреттеледі.

«Тектіден болсам – әкемнің қаны,

Ақылды болсам – анамнан.

Бақытты болсам, ол сенің арқаң

мейірбан болып жаралған».

Мақпалдың бұл өлеңін оқығанда, Есенғали Раушановтың Көркембай ақсағының «құлыным, құлыным» деген үні құлағыма келеді. «Көке» өлеңі адамды мейірімді көрсетеді, мейірімді болуға шақырады. Мақпал «Көк терезе» өлеңінде өткен күннің естелігін, балалығы қалған көк терезелі үйді іздеп барады. Үйдің жаңа иесінің сөзі ақынды тағы да сағыныш боп мазалайды. Мақпалдың өлеңдері оқиғаны керім суреттейді. «Көз алдымда көктем кетіп барады», «Қатігездік құшақтайды кей түні, Құшақтайды кейде мені кешірім» деген тармақтар қарапайым көрінгенмен, оқырманын ой тұңғиығына батырады.

Салтанат Мадиярқызы, Сезім Мергенбай, Салтанат Айдарбекованың өлеңдерімен әлеуметтік желі арқылы таныстым. Сезім қыздың жырлары уақытпен бірге өсіп келеді. Жырларында батылдық басым.

«Шетінеп кеткен сезімдерімнің басында аят оқыңдар!» деген жастық жалын шарпып тұратын жолдар жиі ұшырасады. Салтанат Мадиярқызының өлеңінде де өмірге деген құштарлық бар.

«Лабиринт ішінде адасып жүр тағы,

Тым аңғал сәттерім» деп төгілтіп түсіреді ол.

Ал, Салтанат Айдарбековаға әлі де көп ізденіс тілейміз.

Ақындықты ешкім үйрете алмайды, тек жол нұсқайды. Біздікі – ақынның жырын оқу, әдемі тармақтарға тамсану, бағалау, кей асып-тасып, буырқанып жазған сәттеріне түсіністікпен қарау. Сондықтан алты ақын қыздың өлеңдерін оқығанда мінін тергіштемей, сәтті тіркестеріне құрметпен қарап, нәзік болмыстарына тәнті болып, буырқанған сәттеріне түсіністік танытып, енді басталып жатқан ақындық ғұмырларына ақ жол тіледік.

Зылиха ЖАНТАСОВА, әдебиетші.

 

 

1 пікір

  • Салиха Дуанаева
    Салиха Дуанаева

    Қазақы дарқандық пен ақеділ жомарттықтың үлгісіндей болған қайран дос! Нағимадан артық тани алмағанымыз аян! Алланың шапағатына бөленгейсің!

Пікір қалдырыңыз