Істеймін деген адамға жұмыс көп

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жұмыс істеймін деген адамға бүгінде мүмкіндік көп. Тіпті, бизнесін бір жүйеге келтіріп алғанша мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер де аз емес. Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз алдына бизнес бастағандардың бірқатары қайтарымсыз грантқа ие болып жатса, тағы біреулері өз істерін одан әрі өркендету үшін жеңілдетілген жолмен несие алуда.

Мәселен, Арыс қаласының тұрғыны Жадыра Дүйсенхан «Бизнестің жол картасы – 2021-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,5 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алған. Кәсіпкер құрылысшыларға қолғап тігумен айналысады. Бүгінде отбасылық бизнесін ұлғайтып, төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бұдан бөлек, Түлкібас ауданында 600-ден астам тұрғын мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Оның 98-і үйіргелік жерлерін жылыжайға айналдырса, қалғандары да бұл жеңілдікті тиімді пайдаланып, өздерінің бизнес-жоспарларын жүзеге асыруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің негізгі ресурстары ретінде ауыл шаруашылығы саласына басымдық берген болатын. Бұл ретте, Қазақстанда ауыл шаруашылығының маңызды бір саласы – түйе шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Осы орайда Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылының «Аруана» шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарлама аясында 19 млн. теңге көлемінде төменгі пайызбен несие алып, 10 түйе сатып алған. Шаруашылықтың жұмысы жанданып, екі жылда Ойсылқара тұқымын бес есе көбейткен. «Аруана» шаруа қожалығының басшысы Бақытгүл Қасымбекова төрт түліктің төресі саналатын түйе көл-көсір табыс көзі ғана емес, сонымен бірге оның сүті мен еті түрлі ауруларға таптырмас ем екенін де айтады. Бүгінде көпшілік түйе сүті мен етінің емдік қасиетін сезінгендіктен, күн санап сұранысты да арттырып келеді екен. Шаруашылық басшысы сол үшін алдағы уақытта кәсібін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр. Осылайша Кентау қаласында түйе шаруашылығымен айналысатындардың қатары өткен жылмен салыстырғанда отыз пайызға артқанын да айта кетейік.

Ал, кондитерлік өнім түрлерін өндіретін кентаулық тағы бір кәсіпкер – Шүкіржан Тәжметовтің қарамағында бүгінде төрт адам тұрақты жұмыс істейді. Ол алдағы уақытта жеңілдетілген жолмен несие алып, кәсібін одан әрі өркендетуді көздеп отыр. Жас кәсіпкердің айтуынша, оның тұтынушылары да өз ауылдастары. Яғни ол пісірген нан мен тәтті күлшелерді ауылдағы балабақша мен мектеп асханасы сатып алады екен. Сондай-ақ, Түркістан, Кентау қалалары мен басқа да ауылдардан тапсырыстар түсіп тұратын көрінеді.

 

 

Пікір қалдырыңыз