Түркістан – бизнес жүргізуден ең үздік өңір!
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Жыл сайын дүниежүзі мемлекеттерінің бизнеске қолайлылығы бойынша The World Bank Doing Business рейтингі жасалады. Ол рейтинг бойынша Қазақстан 190 мемлекеттің арасында 25-орында тұр. Кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы еліміздің облыстары мен мегаполистері арасында суб-рейтинг жүргізіліп, Түркістан облысы бизнес жүргізу үшін ең үздік өңір болып танылды.
Бұл рейтингте біздің ел он критерий бойынша бағаланса, оның ішінде өңірлерге реттеуші климат, инфрақұрылым, бизнес үшін қаржының қолжетімділігі, адами капитал және қабылданатын шешімдердің транспаренттілігі сияқты бес фактор бойынша баға беріледі екен.
– Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бизнес климатты жақсарту аясындағы тапсырмаларына сәйкес өңірде ауқымды жұмыстар жүргізіліп, Түркістан облысы жоғары көрсеткішке ие болды. Бұл бизнес саласын жақсарту аясында еңбектеніп жүрген әр азаматтың, сонымен қатар отандық өнім шығарып, халықты жұмыспен қамтып отырған әрбір кәсіпкердің жетістігі екенін айта кетуіміз керек. Әрине, атқарылған еңбек еленбей қалмайды. Облысымыздың үздік аталуы әрқайсысымызды ынталандырып, бұдан да биік белестерді бағындыруға бастары сөзсіз, – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
The World Bank Doing Business бұл дүниежүзілік банк тобы дамудың барлық негізгі салаларында жұмыс істейді. Олар қаржы өнімдерінің кең ауқымын ғана емес, сонымен бірге техникалық көмек те ұсынады. Сондай-ақ, бизнеске бейім жастардың инновациялық білімін жетілдіруге, жас кәсіпкерлердің алдынан жиі кездесетін проблемаларды шешуге де көмектеседі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, біздің облыста 150 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Бүгінгі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 24,4 миллиард теңгеге 246 жоба қаржыландырылса, 5 миллиард теңгеге 29 жоба мақұлданып, жүзеге асыру жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек, алты миллиард теңгеден астам қаржыға тағы 27 жобаны іске қосу көзделіп отыр.