«Біз өз саламызда әлемдегі ең озық мемлекеттер қатарындамыз»

Серік АТАБАЕВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты:

Еңбектің қызығы ғылыммен айналысқанда көрінеді

1987 жылы Алматы медицина институтының стоматология факультетіне түсіп, 1992 жылы бітірдім-дағы, ординатурада оқыдым, оны 1994 жылы бітірдім. Бітірген соң мені «балалар стоматологиясы» кафедрасына оқытушы етіп қалдырды.

– Демек, үздік студенттің бірі болдыңыз ғой?

– Солай шығар... 1997 жылдан деканның орынбасары болып істедім. 2001 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. 2003 жылы Астана медициналық университеті біздегі Мақсұт Темірбаев есімді профессор екеумізді қызметке шақырып, осында келіп стоматология факультетін аштық. Сол университетте биылға дейін доцент болып қызмет істедім. Сонымен қатар Президенттің іс басқармасы Президент ауруханасына жұмысқа шақырып, ол жерде мамандығым бойынша 2009 жылға дейін дәрігерлікпен айналыстым. 2009 жылы өзімнің жеке клиникамды аштым-дағы, содан бері осында жұмыс істеп келемін. Мен имплантаттарды енгізуді сол ауруханада істеп жүргенде бастадым.

– Диссертацияңыздың тақырыбы қандай еді?

– «Балалардың туабітті ерін және таңдай жырықтарын хирургиялық жолмен емдеудің әдістері».

– Хирургиядан қалай имплантацияға ауысып кеттіңіз?

– Мен балалар мен ересектерді емдеумен қатар айналыстым. Хирургияның бұл саласы «бет-әлпет хирургиясы» деп аталады ғой, орысшасы «челюстно-лицевая хирургия».

– Әрине, «жақ-бет» деп тікелей аударып атағаннан «бет-әлпет» деген әлдеқайда қазақы атау ғой.

– Мен студент болып оқып жүрген кездің өзінде ауруханада, хирургияда жұмыс істейтінмін. Ординатурада жүргенде емханада да, ауруханада да қызмет еттім. Жетекшім Әскербек Есімов жасаған талай хирургиялық операцияға қатыстым. Соның ішінде тісті емдеумен, жұлумен де, салумен де айналыстым. Ал, мына ауруханада да емнің барлық түрін қолдандық.

– Сонымен, оқу бітті, ординатура бітті, белді буынып, білекті сыбанып қызметке кірісіп кеттіңіз. Оның қызығы мен қиындығы қатар жүретіні тағы белгілі. Ендеше, осы мәселелер төңірегінде айта отырсаңыз...

– Еңбектің қызығы ғылыммен айналысқанда көрінеді екен.

– Мұныңыз бүгінгі жастарға ой салатындай өте әдемі пікір екен. Қазір ғылымға жастар аз баратын болды ғой. Мемлекет те оның мәртебесін көтерейін демейді... Ғылымның қызығы неде екен?

– Иә, дұрыс, бізде қазір ғылым саласы өзіне көбірек көңіл бөлуді қажетсініп тұр... Ғылымның қызығы – нәтижесінде. Мысалы, мен ұстазым Әскербек Есімовпен бірге жұмсақ таңдай ақауына операция жасағанда, қиық, таспа қою арқылы оны ұзартамыз. Бұл – операциядан кейін пациенттің мұрнымен сөйлемей, даусының анық болуына мүмкіндік береді. Біз пациенттің операциядан соң бір ай өткенде қалай сөйледі, үш ай өткенде, алты ай өткенде қалай сөйледі, осының бәрін дыбыс жазу аппаратына жазып отырамыз.

Одан бөлек осы жұмсақ таңдайдың ұзарғанын өлшейтін «палатометр» деген құрал ойлап тапқанбыз.

– Бұл жаңалықтарыңызға патент алдыңыздар ма?

– Иә, Есімов аға екеуміздің атымызда алған патентіміз бар.

– Керемет! Жалпы, патентпен расталған, қорғалған жаңалықтарыңыз қанша?

– Жеті-сегіз.

– Есімов аға екеуіңіздің атыңызда ма бәрі?

– Иә.

– Демек, бұл аталған салада біз дамыған елдерден алда тұрмыз ғой?

– Әрине. Жасы сексенге келген Есімов ағамыз жасаған отаның бәрі жоғары нәтиже береді. Ана бір жылы ұстазым Әскербек Есімов академик Камал Ормантаев екеуі Италияға барып, екі басты болып туылған балаға ота жасап, екінші басын алып тастады ғой.

– Екі басты?.. Неге олар Еуропа мен Америкадан емес, Қазақстаннан, қазақты шақырған?

– Өйткені, әдетте ондай қиын шаруаға кім қандай ота істеп жүр, нәтижесі қандай, соның бәрін қарастырып барып шақырады ғой.

– Біз Серік Ақшолақов секілді әлемдік деңгейде миға, жұлынға ота жасайтын нейрохирургтарды білеміз, ал, Есімовтей Еуропаның дамыған елдері ат-түйедей қалап шақыратын шипагерді білмейді екенбіз...

Сіздің өзіңіздің ғылымдағы табысыңыз қандай?

– Докторлық диссертациям дайын болғанымен, мен оны қорғап үлгермедім, 2010 жылы біз бұрынғы жүйеден болоньялық жүйеге өттік қой, ғылым кандидатының орнына «пэйджи докторы» деген келді. Доценттік қызмет жоқ қазір, ал, бізде стоматология саласында «пэйджи докторы» қорғалмайды, сондықтан мен «ассоциированный профессор» деген қызметті атқарып жүрмін.

Менің өзімнің шәкіртім, клиникамда жұмыс істейтін орыс жігіті кандидаттық диссертациясын Мәскеуге барып қорғап келді, Ресейде ғылыми атақты қорғаудың бұрынғы жүйесі сақталып қалған.

– Қазіргі таңда ғылыммен айналысып жүрсіз бе?

– Менің бірталай ғылыми мақалаларым бар. Одан бөлек біз түрлі көрмелерге қатысамыз. Рас, технологиядан ешнәрсе апара алмаймыз, бірақ, ота жасауды жетілдіретін әдістерімізді айтамыз.

– Ота жасауды жетілдіру деген, бұл да үлкен жетістік қой, ондай озық әдіске патент берілмей ме?

– Беріледі, бірақ, оны алу үшін біраз қағаз дайындап, соның соңында жүру керек, оған уақыт жете бермейді...

– Міне, біздің қазақтығымыз осы жерден көрінеді ғой!..

– Қайтеміз, қазақпыз ғой... Мен осы емханамда қатерлі ісікке де ота жасай беремін. Тек қана жалпы наркозбен жасалатындарынан бас тартамыз.

 

Тісін бізге салдырған италиялық турист 6,5 мың еуро үнемдепті

– Имплантация дегеніміз адам ағзасындағы мүшені жасанды мүшемен алмастыру екенін қазіргі сауатты оқырманның бәрі білсе керек. Ол сізді несімен қызықтырды?

– Адам денсаулығы үшін тістің қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық шығар. Басқаны былай қойғанда, қызыл иекке киілетін протез адамның реңін бұзады, сөз сөйлеу дағдысы өзгереді, кей дыбысты дәл айта алмайды, протез тіспен тамақты толық шайнай алмайсыз, шайналмаған асты асқазанның қорытуы болса да қиындайды... Ал, имплантат тісті алмастырады, тістің өзінің орнына қойылады. Имплантат титаннан жасалады, ол әлемде үш-ақ жерде өндіріледі: Канаданың Торонто қаласында, Ресейдегі Новокузнецкіде және біздің Өскемендегі титан-магний комбинатында, солардың ішінде ең тазасы, ең сапалысы – біздікі...

Кез келген тісі түсіп қалған адам табиғи тісінің орнында протез емес, оған мейлінше ұқсас имплантат болғанын ұнатады. Бірақ, олай етуге бәрінің бірдей әлеуметтік жағдайы көтере бермейді...

– Ол тісті қалай алмастырады?

– Қызыл иектің етін кесіп, сүйекті тесеміз де, имплантатты – титаннан жасалған бұрандалы шегені соған орнатамыз, сосын кесілген етті жауып, тігіп тастаймыз. Үш айдан кейін әлгі шегеге жасанды тісті отырғызамыз.

– Ол қандай заттан жасалады?

– Оның түрі көп. Негізі керамиканы қолданамыз. Бірақ, қазір одан да жақсы цирконий деген затты пайдаланып жүрміз. Ешқандай аллергия шақырмайтын, эстетикалық жағынан да әдемі, табиғи тістен айнымайтын, және беріктігі де керамикадан артық зат.

– Тісті шегеге қалай отырғызасыздар?

– Арнайы желім бар. Қазір оны шегеге басқа бір бұранда шегемен отырғызып жүрміз.

– Тісінің бәрі түсіп қалған, асты-үстіне протез киіп жүргендер көп қазір. Сол 32 тісті алмастыру үшін қанша имплантат керек?

– Тістің астына сегіз, үстіне сегіз, он алты имплантат қойылады. Сол он алты имплантатқа жиырма сегіз тіс орнатылады.

– Неге жиырма сегіз, отыз екі тіс қойылуы керек емес пе?

– Азудағы шеткі төрт тіс тамақты шайнауға қатыспайды.

– Он алтысын бірден қоюға бола ма, жоқ аз-аздан қою керек пе?

– Жақтың сүйегі ақаусыз, жақсы болса бірден бәрін қоюға болады.

– Секе, сүйекті тесу дегенді естудің өзі денемді түршіктіріп отыр...

– Қорықпаңыз, жергілікті анестезия жасап, алдын-ала жансыздандырамыз ғой.

– Жалпы наркоз бермейсіздер ғой?

– Жоқ, бермейміз. 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ бір жігіттің аузына тиіп, тісінің бәрін опырып кетіпті. Ол мені 2013 жылы шақырды. Барып көрсем, сүйегі мықты екен, он алты шегені бірден қойып бердім.

– Титан шеге неше жылға шыдайды, цирконий тіс неше жылға шыдайды?

– Шеге өмір бойы алынбайды. Тісті он бес-жиырма жылдан кейін нақты жағдайына қарап ауыстыруға болады.

– Олардың бағасы қандай, біле кетсек...

– Цирконий тістің біреуі жетпіс мың теңге тұрады. Ал, имплантаттың бағасы әртүрлі, жүз мыңдығы бар, екі жүз елу мыңдығы бар.

– Ол сапасына байланысты шығар, ең жақсысы қай елдікі?

– Әрине. Ең жақсысы – немістікі. Оңтүстіккореялықтар да жақсы дүние жасап жатыр.

Мен біраз жыл бұрын Германияда болдым. Сонда менен олар «имплантация жасау сізді қызықтырмай ма?» деп сұрады. Мен оларға «имплантация жасаумен айналысып жүрмін» деп жауап бердім. Және сол неміс профессор кезінде біздің даңқты ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровке имплантат қойып берген екен.

– Тоқаң неге сіздерге келмеді екен?

– Ол кісі ертеректе, космосқа ұшардың алдында істеткен болуы керек. Ал, бізде бұл сала тек екі мыңыншы жылдардан кейін ғана дами бастады ғой.

Мен италиялық бір турист әйелге он тіс салып бердім. Ол еліне барғаннан кейін сол әйелдің танысы, жергілікті бір италиялық стоматолог менің жұмысымды көріпті. Көргеннен кейін бізге келіп, «мені жұмысқа аласыз ба?» деді. «Алайын» дедім. Сонымен, алғашқы бір жыл келіп-кетіп істеп жүрді, бір жылдан кейін біржолата көшіп келді. Көшіп келген себебі, әйелі қазақтың қызы екен. Екі тілде таза сөйлейді.

– Қазақтың жай қызы емес, мықты қызы екен!

– Бес жыл жұмыс істеп, осы биыл коронавирустан қайтыс болып кетті. Одан сөйтіп айрылып қалдық...

– Алда, байғұс-ай!.. Әйелі, бала-шағасы не істеді? Қанша баласы бар екен өзі?

– Бір ұл, бір қызы бар екен. Осында қалды олар, Италияға кеткен жоқ.

– Әйелдің мамандығы бар ма екен?

– Әйел техникалық арнайы орта білім алған, алғашқы жылдары күйеуіне аудармашы болып жүрді. Кейін күйеуі қазақша да, орысша да үйреніп алды ғой.

Ал, әлгі он тіс салдырған турист әйел «мен алты жарым мың еуро үнемдедім» деді маған. Себебі, бір тісті салу бізде бүгін, қымбаттаған кезде жиырма мың теңге. Оларда мың еуро екен. «Мен он тіс салдырдым, Бурабайда он күн демалдым, барлығына үш жарым мың еуро кетті» деген еді.

 

Жақсы дәрігер жалғыз мен емеспін!

– Сізге италиялық турист әйелден басқа шетелден келіп емделген басқа да азаматтар болды ма?

– Болды. Контрактімен жұмыс істейтін үш италиялық тіс салдырды. Германияға көшіп кеткен неміс жерлестеріміздің он бесі салдырды. Бір им­плантат отырғызу Германияда төрт мың еуро тұрады. Мен өзіміздің елдегі «жаңа қазақтың» бірінің әйеліне екі тіс салдым, алты жүз елу мың теңге болды. «Қымбат екен...» деді. Германияға барып тағы төртеуін салдырса, жиырма алты мың доллар болыпты. Әлгі әйел кейін бізге келіп кетті: «Секе, сіздердікі тегін екен ғой...» дейді.

– Ол әйел неге тісінің бәрін сізге салдырмаған?

– Негізі немістердің жұмысын байқап көрейін, біздікінен сапалы, жақсырақ болар ма екен деп ойласа керек. Ал, ақша жағы ол кісілерді ойландырмайды...

– Осы дәрігерлер қант диабеті бар адамдарға «бір жеріңізді кесіп ала көрмеңіз, «қантыңыз» бар, жазылуы қиын болады» деп жатады ғой?..

– Түсіндім, қызыл иекті кесуге қалай қорықпайсыз деп отырсыз ғой. Шетелдіктердің маған келуінің тағы бір себебі – оларда қант диабеті бар адамға имплантат салудан бастарын ала қашады. Ал, мен қашпаймын.

– Неге қашпайсыз, қант диабеті әлемнің барлық бұрышында да қант диабеті емес пе?!

– Иә, солай екені рас. Бірақ, мен өз күшіме, өз біліміме сенгеннен кейін айтамын ғой. Сенімсіз болсам, ісіме жауап бере алмасам айтпаймын ғой.

Мынадай бір жағдай болды. Бірде менің ішімнен қан кетті. Екі мекемеге барып тексеріліп едім, екеуі де «тоқ ішегіңізде үшінші деңгейдегі қатерлі ісік бар» деді. Мен Оңтүстік Кореяға ұшып кеттім, Сеулге бардым. Олар да соны айтты. «Ота жасаймыз, сосын химия алуыңыз керек» деді. Мен «ісік бірінші деңгейдегі ісік» дедім. Сонымен, жеті жарым сағат ота жасатқаннан кейін дәрігерлер «сіздің қойған диагнозыңыз дұрыс болып шықты» деп, маған ақшамның артығын конвертке салып, қайтарып берді...

– Сіз қалай дәл диагноз қоя алдыңыз?

– Мен жақсы дәрігермін. Үшінші деңгейдің белгісі емес екенін көріп отырмын ғой.

– Білімді, білікті дәрігер ретінде сіздің қызметіңізді өзіміздің елде пайдалану үрдісі, тәжірибесі қандай?

– Мені Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ота жасауға жылына екі-үш рет шақырып тұрады. Менің қасымда жергілікті хирургтар тұрады, жәрдем беріп тұрып, өздері де үйренеді.

– Ал, басқа облыстар ше? Жылдың он екі айының әр айында бір облыс шақырып тұрса болмай ма?

– Жақсы дәрігер жалғыз мен емеспін ғой. Бізде қазір мықты хирургтер көп.

– Сонда әр облыс өздері танитындарды ғана шақыра ма?

– Ол енді нақты әр кездегі жағдайға байланысты шығар... 2006 жылы Оралда үлкен облыстық аурухана ашылып, соның құрметіне біраз дәрігерді шақырды. Мәскеуден, Алматыдан. Астанадан жалғыз мен бардым.

– Менің ұстазым сенатор Қуаныш Айтаханов қандай мәселе туса да, оны дереу жүйеге салып қоюшы еді. Сұрайын дегенім, дәрігерлердің, әсіресе, хирургтердің жалақысы жүйеге келтірілген бе?

– Жүйе жоқ бізде. Керемет аурухана салса, соны бизнеске айналдырғысы келеді біздегілер. Мысалы, аспап-құралдан, емдік заттардан, дәрі-дәрмектен үнемдеу қиын, айналып келіп, дәрігердің жалақысынан үнемдегенді дұрыс көреді...

– Израильде «емделу туризмі» жолға қойылған. Кейінгі жылдары Оңтүстік Корея да осы саланы экспорттарының бір бабына айналдырып алды. Бізге де солай істеуге болады екен ғой?

– Болады.

– Онда неге істемейміз?

– Ұйымдастырушы жоқ...

– Тағы да мемлекетке келіп тірелдік... Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?

– Дамыған елдерде біздегідей кез келген ауруды, соның ішінде таңдайдағы ісіктерді де асқындырып барып, емханаға келу деген кездеспейді десе де болады. Сондықтан қандастарымызға осы мәселеге сақ болыңыздар дегім келеді.

– 1989 жылы іссапардан грипп болып қатты ауырып келдім. Ертесіне, дүйсенбіде, учаскелік терапевтке барып, «сәрсенбіге, Тюменьге ұшуым керек еді, аяққа тұрғызып беріңізші» дегенімде дәрігер, қазақтың қырықтардағы келбетті келіншегі өткір көзін өңменімнен өткізе қарады-дағы орысшалап: «Бізге еврейлер ауырайын деп жүрмін деп келеді, орыстар ауыра салып келеді, қазақтар болса өлеріне үш күн қалғанда келеді. Қайдағы іссапар, қайдағы Тюмень! Мына дәрінің бәрін ішіп, тырп етпей жатып емделіңіз! Айтқанымды істемесіңіз алдыма қайтып келмеңіз!» деп бірден он (!) күнге бюллетень жазып беріп еді...

Алдыңызға келген әр науқасқа Алла қолыңыздың шипасын берсін!

– Рахмет! Ауырмаңыздар!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз