Ол нағыз ұстаз еді

Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының профессоры ретінде жемісті қызмет атқарған Сапарбек Ергөбекті түркістандықтарға таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің жай-күйін Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімімен байланыстыра зерттеген алаштанушы ғалымның айтары да, берері де көп еді. Әттең, сұм ажал белгілі ғалым-ұстазды арамыздан ерте алып кетті.

Біз бүгін ол кісінің жары Нағима Қошановамен сұхбаттаса отырып, Сапарбек ағаның көпшілікке беймәлім қырларына үңілуді жөн көрдік.

– Нағима апай, Сапарбек ағай екеуіңізді тағдыр қалай табыстырды?

– Екеуміз Алматыда, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бірге оқыдық. Ол филология факультетінің «Араб тілі, қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында, мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» тобында оқыдым. Кеңес заманында студенттерді оқуға түскеннен кейін ауыл шаруашылығы жұмыстарына алып баратын. Ең алғаш 1979 жылы тамыз айының соңында Алматының маңындағы Горный садовод деген жерге алма теруге барғанда таныстық. Екеуміз де оңтүстік өңірінің тумасымыз. Дос болып жүріп, бесінші курста отбасын құрсақ деген шешімге келдік. Бірге жүрген досыңның өмірде ерлі-зайыпты болғанының пайдасын көп көрдім. Ортақ әңгіме, ортақ таныс, ортақ естеліктер... Мен университетте белсенді студенттердің бірі болдым. Менің жетістіктерімді аузынан тастамай айтып жүретін Сапарбек кейіннен өз студенттеріне де жақын танысып барып үйлену керектігін жиі айтады екен. Біз үйдің, жұмыстың шаруаларын бірлесіп, ақылдасып, үнемі бір-бірімізге кеңес беріп атқаратынбыз. Осылай 36 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Бір-бірімізді шексіз сыйлағандықтан көпке үлгі болдық. Ол жас кезінен алдына мақсат қоя алатын, сол мақсатты орындау жолында аянбай еңбек ететін, жұмысына жауапты болды. Сапарбектің «Көңіл күнделігі» естелік-эссесі «Мен де сондай мимырт, күйбең тірлікпен жүріп орта жастан асып, алпысты алқымдап, қазақ «төрінен көрі жуық» деп қатал қайыратын жасқа келіп қалыппын. Жылжып жылдар, құмдай сусып сырғып, қайран уақыт, қадірсіз уақыт өтіпті... Қайтып қайырылмайтынын өзі біле тұра, білдірмей өтіпті. Уақыт-әміршіні ешкім тоқтата алмасы анық. Бұл бүгін біз мойындап отырған шындық» деп басталады екен. Өзінің өмірінің бітер тұсын мойындатып, Алла тағала жазғызып отырғандай...

Сапекең кешегі жазда, қанша қазақтың асыл азаматын алып кеткен індет – пневмониядан көз жұмды. Сапекеңнің әкесі, яғни қайын атам (Сәрсен ата – Ұ.Ү.) шопан болған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, жетімдіктің, жоқшылықтың зардабын бір кісідей тартқан екен. Енем екеуі төрт баланы өмірге келтіріп, тәрбиелеп өсірген. Атам 1959 жылы Сапарбектің алты айлығында өмірден өтеді. Апамның айтуынша, атам да... өкпе қабынуынан қайтыс болған. Содан да болар, атам қайтыс боларының алдында апама «балалардың өкпесін абайла, кеудесінен кеудешесін тастамасын» деп үнемі ескертіп отырады екен.

Апам ерте жесір қалып, тіршілік тауқыметін жастайынан тартса да мойыған емес. Балаларын жалғыз өзі жетілдірді. Және қандай етіп өсірді десеңізші... Төрт ұлы да бірінен бірі асып түскен, өз салаларының білгір мамандары болып өсті. Үлкені (марқұм Берсінбек ағаны айтады – Ұ.Ү.) фототілші ретінде қазақ журналистикасының өркендеуіне зор үлес қосты. Республикалық «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ал, екінші ұлы – қазақ әдебиетінің білгір сыншысы, профессор қайнағамды (Құлбек Ергөбек – Ұ.Ү.) көпшілік жақсы таниды. Сапарбек ағаларың осы әулеттің кенжесі болғанымен, қарашаңыраққа өзінен үлкен ағасы (Сайрамбек Ергөбек – Ұ.Ү.) ие болып қалды. Ол да өз саласын жетік білетін ауыл шаруашылығының білгір маманы. Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Апамыз 93 жасқа келіп дүние салды.

Сапарбек анасын өте жақсы көретін. Апамыз да «Сапаным» деп кенжесін жиі іздеп тұратын. Сапарбек үнемі: «Үлкен кісілердің жадын жаңғыртып тұру үшін әңгімелесіп отыру керек» деп жиі іздеп барады, өткен-кеткенді айтып сөзге тартады. «Көңіл күнделігі» деген шығармасы «Апам айтып отыратын», «Биекең (Бибайша апаны балалары осылай атайды) былай деп еді» деген сияқты циклды шежірелік эсселерден тұрады. Қарап отырсам, бұл еңбекті жазу арқылы ағайларың ата-ана алдындағы борышын өтегісі келген екен-ау...

– Әлеуметтік желіден Сапарбек ағаның студенттері жазған жазбаларды оқыдым. Бірі өлең арнаса, енді бірі жүрекжарды лебізін, қимас сезімін білдіріпті. Сондай-ақ, Сапарбек Ергөбек атындағы «Шырақ» қайырымдылық қоры туралы оқыдым. Сапарбек ағайдың өз шәкірттерінің алдында осыншалық құрметті болуының сыры неде деп ойлайсыз?

– Жалпы, Сапарбек ағайларыңмен бір ұжымда 30 жылдай бірге қызмет атқардым. Әріптес ретінде оны ұстаз-педагог, ұстаз-тәрбиеші, ұстаз-тарихшы, ұстаз-әдебиетші, ұстаз-теолог, ұстаз-тілші бола білді деп есептеймін. Студенттерге барынша жақын болды. Нұрдәулет Қабасов есімді шәкіртіміз Сапарбекті «Әкелер институтының интеллигенті» ретінде бағаласа, Бақберген есімді студент:

«Тұнықтықтың болмайды бұлағы көп,

Шын асылдың қашанда сыңары жоқ.

Түркістанның аспаны жылады ма?!

Тектіліктің бір тауы құлады деп» деп өлең-жырдан ескерткіш орнатқандай болды. Сапарбектің артынан студент-шәкірттері осындай өлең арнап, орнын жоқтап жатса, демек, босқа жұмыс істемегені, шәкірт жүрегінен орын ала білгені ғой.

– Сіз Сапарбек ағайдың жары ғана емессіз, өзіңіз де ғалымсыз. Ендеше, профессор Сапарбек Ергөбектің ғылыми еңбектерінің маңызына неге тоқталып кетпеске?!

– Сапарбек ғалым ретінде қазақ әдебиетінің Алтын Орда дәуірі, ХІХ-ХХ ғасыр әдебиеті мен мәдениеті тақырыптарымен айналысты. Осы бағыттарда «Қайраткер қаламгер М.Сералин», «Қазақтың дәстүрлі жазба әдебиеті», «Ясауи және қазақ әдебиеті: дәстүр мен жалғастық», «Ясауи сопылық ілімі және дәстүрлі жазба әдебиет», «Айқап» және М.Сералин мұрасы», «Кітаби ақындар шығармашылығы және оның теориялық мәселелері» атты монографиялары мен «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті және М.Сералин», «Дәстүрлі жазба әдебиеті», «Дәстүрлі жазба әдебиеті және Алтын Орда әдеби ескерткіштері» атты оқу құралдары жарық көрді.

Ясауидің мұрасы қазақ мәдениеті мен руханиятының кез келген саласымен сабақтасады. Оның сопылық поэзиясы дінді, Алла тағаланы, Оған ғашық болуды, елшісі Мұхаммед Пайғамбарды қадірлеуді арқау етті. Оның адам болмысындағы түрлі қасиеттерді: имандылық, әділдік, мейірімділік, қанағатшылдық, қайырымдылық секілді ұнамды қасиеттерді мадақ етуі, дүниеқорлық, нысапсыздық, нәпсіге құл болушылық, зұлымдық, қараулық тәрізді келеңсіздіктерден жирендіруі қазақ поэзиясында ғасырлар бойы дәстүр сабақтастығы аясында жырланып отырды. Бұған мысал ретінде Бұқар жырау, Шал ақын, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Абай, Майлы, Молда Мұса секілді көптеген ақындар шығармашылығын айтуға болады. Өйткені, қазақ ақын-жыраулары, кейінгі ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері Қожа Ахмет Ясауидің сопылық жолын жақсы біліп, сол мәдениеттен нәр алған еді. Аталған еңбектерінде қазақ әдебиеттану ғылымында «кітаби», «нәзиралық» аталып жүрген қазақ қиссашыл ақындар мұрасы шығармашылық дәстүрін Ясауи хикметтерімен және Ұлы Ұлыс – Алтын Орда әдебиетімен байланыстыра түзген дәстүрлі жазба әдебиет деңгейінде қарастырып отырды.

Аллаға шүкір, 4 ұл-қыз тәрбиеледік. Ерім ұл-қыздарына ақылшы әке бола білді. Балаларға ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес, жәй сөзбен түсіндіретін. Үлкеніміз Жанатты еркелетіп «Ергөбекова» десе, Қасымды «Қасеке», Алтынайын «Алтын қыз» деп, кіші баласын «Есаға» деп еркелетіп отыратын. Немерелерін ерекше жақсы көрді, біреуін «Атасының баласы» (Ғалымжан), екіншісін «Атасына тартқан қыз» (Нұрай), ал, Айымжанды «Ата дос» деп атайтын. Бес жастағы Айымжаным атасын әлі күтіп жүр, «қашан жазылып келеді?» дейді...

Міне, осындай тәлім-тәрбиенің жемісі болар, ұл-қыздарымыз да елге мақтаулы маман болды. Үлкеніміз Жанат ҚазМҰУ-де «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын қызыл дипломмен бітірген, PhD докторы, халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында доцент болса, Қасым мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірді, мұнай және газ саласының маманы. Әкесінің алтын қызы – Алтынай Алматы қаласындағы Шет тілдері және іскерлік карьера университетін қытай және ағылшын тілі мамандығы бойынша үздік бітірді. Есім де мектепті алтын белгімен бітіріп, халықаралық қазақ-түрік университетінің физика мамандығының 2-курс магистранты. Осылайша қыздарымыз әкесінің жолын қуса, ұлдарымыз техникалық білім алды.

Сұхбаттасқан Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

1 пікір

  • Уфук Тузман - 2000 жылғы бітіруші
    Уфук Тузман - 2000 жылғы бітіруші

    Марқұм Сапарбек ағамыз бен жолдасы Нағима апай менің сүйікті ұстаздарым болды. Қазақстан жаңа тәуелсіз ел болып әлпендеп, қиын-қыстау кездерді бастан кешкен бір кезеңде таныс болдық. Бір топ Түркиялық студенттер боп білім алуға Қожа Ахмед Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне барған кезіміз еді. Бұл керемет ұстаздармен алғаш рет Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түскенде жіті таныстым. Осындай алып жүректі ұстаздың арқасында жолым болып қазақ тілі маманы болдым. Бүгін бұл керемет ұстаздарыға тағзым етемін. Нағима Қошанова апайыма зор денсаулық және сабыр тілеймін. Марқұм Сапарбек ағамызға Алланың мейірімі жаусын. Алла күллі түркі әлеміне күш-қайрат берсін....

Пікір қалдырыңыз