Жаңа кодекстің жаңалығы неде?

Президент былтыр маусым айында қол қойған әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс алдағы шілде айында күшіне енеді. Әкімшілік әділет институтының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңнамада мемлекеттік органдар мен қарапайым халық арасындағы жарияқұқықтық дауларды таразылаудың қандай қағидаттары қарастырылған? Біз осыған орай Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Ғалым ҚАЛДАРОВТЫ әңгімеге тартып, кодекстегі жаңалықтарды түсіндіріп беруін сұраған едік.

– Ғалым Қалижанұлы, дәл осы жарияқұқықтық дауларға Президент неге айрықша назар аударып отыр? Дауды реттеу үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті бар ма еді?

– Жасыратыны жоқ, жарияқұқықтық даулардың қаралу тәртібі бүгінгі заман талаптарына сай емес-тін. Бұл мәселе осы уақытқа дейін «Әкімшілік рәсімдер туралы» кодекс аясында қарастырылып келді. Ал, бұл кодекс негізінен әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстарды реттеуге бағытталған болатын. Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырманың мәні де осы түйткілді жоюға арналуы тегін емес. «Әкімшілік әділет жарияқұқықтық дауларды қараудың мықты механизмі» деп бағалаған Президент мемлекеттік орган мен азаматтар арасындағы дауда дәлелдерді жинау ғана емес, сол дәлелдердің шынайылығына жауаптылықты да құзырлы органдарға жүктеуді тапсырған. Сосын заңнамадағы түсініксіз, бір-біріне қайшы тұстар азаматтардың пайдасына шешілуі тиістігі туралы айтылған ұсыныс та құптарлық. Міне, Президенттің алғашқы Жолдауында берген міндеттемелерін орындау мақсатында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жаңа жобасы жасалды. Азаматтардың құқығын қорғауға жол ашатын құжат қазақстандық заңнамалардың сапалық тұрғыдан өсуіне, құқық үстемдігін нығайтуға серпін берері сөзсіз.

– Қалай десек те, сот – биліктің бір тармағы. Осы тұрғыдан келгенде, таразы басын тең ұстау мүмкін бе?

– Бұл сұрақ бүгінге дейін заңгерлер арасында жиі талқыланғаны рас. Бірақ, заңның қоғам қажеттілігіне сай дайындалғанын мойындауымыз керек. Шындығында, бізге әкімшілік әділет институтын енгізетін уақыт жетті. Мұндай құжат бүгінде Латвия, Болгария, Нидерланды секілді елдерде бар. Арнайы заң жұмыс істеп тұрған соң өз шағымының тыңғылықты зерттелетініне, сапалы қаралатынына азаматтар да сенеді. Содан болар, бұл елдерде жарияқұқықтық даулар бойынша арызданатындар аз емес. Ал, Қазақстандағы әрбір 1000 тұрғынның тек біреуі ғана мемлекеттік құрылымдарға қатысты арызданады екен. Ал, өркениетті елдерде әрбір мың тұрғыннан беске жуық шағым түседі екен. Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы Азаматтық процестік кодекстің 29-тарауы бойынша (мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу) елімізде 18307 арыз қаралып, 10370-іне қатысты шешім шығарылған. Осы істерде мемлекеттік органдардың пайдасына шығарылған шешімдердің саны екі есе жоғары екенін көреміз. Яғни қарапайым халық екі есе ұтылып отыр деген сөз. 2018 жылғы жағдай да мәз емес. Былтырғы қаралған істердің едәуір бөлігінде де мемлекеттік құрылымдар басым түскен. Әрине, таразының бір басында қолында үлкен билік бар, құзыреті мықты мемлекеттік орган тұрса, екінші басында құқықтық сауаттылығының өзі күмәнді қарапайым азаматтар тұрғандықтан, жеңістің кімнің жағында болатыны айтпаса да түсінікті емес пе?!

– Жаңа кодексте осы теңсіздікті жоюға байланысты нақты қандай тетіктер қарастырылған?

– Жалпы, мемлекет азаматтардың құқығын қорғауға қолайлы жағдай туғызуға міндетті. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жедел қабылдануы да сондықтан. Жаңа заңнамада судьяның белсенділігін арттыруға айрықша ден қойылып отыр. Енді судьялар шешімді мемлекеттік органдар мен жеке азаматтардың әкелген дәлел-дәйектеріне ғана сүйеніп шығармайды. Судья қажет деп тапса, істі нақтылауға көмектесетін дәлел, құжаттарды сұратуға құқылы. Егер сот дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға да мүдделі. Ең бастысы, ендігі жерде мемлекеттік мекемелер өз істерінің дұрыстығын өздері дәлелдеуі керек. Ал, азаматтар мұндай әурешіліктен босатылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз