Полиция жетім балаларды қамқорлыққа алды

Жетісай ауданы полицейлерінің бастамасымен аудандағы сот, прокуратура, кірістер басқармасы мен білім бөлімінің қызметкерлері және діндарлар «дөңгелек үстел» басында кездесті.

Жиында Жетісай АПБ бастығының орынбасары Сәкен Жайлыбаев көп балалы отбасыларды қамқорлыққа алу туралы шешімді сақшылар бір ауыздан қабылдағанын жеткізді.

«Ендігі уақытта мұндай отбасыдағы балалардың қатарларынан қалмай, ешнәрсеге мұқтаж болмай өсуі үшін болашақта қалаған оқу орнына түсіп, белгілі бір мамандық иесі атануы үшін жағдай жасаймыз. Оларды туған күндерімен арнайы құттықтап, өзімізде ұйымдастырылған іс-шараларға шақырып, қамқорлық танытамыз» деп мәлімдеді полиция полковнигі.

Жетісай ауданында барлығы 70-тен астам орта оқу орны, төрт колледж, университет және екі мектеп-интернат жұмыс істейді. Барлық оқу орындарына жергілікті ювеналды полициясының 20 қызметкері бекітілді. Есепте тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, денсаулығы жағдайы бойынша жеке бақылауды қажет ететін 280 оқушы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 89 бала тұр.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз