Кеудемсоқтықтың ақыры...

Егде жастағы ер адамның жол жүру ережесін қасақана бұзған әрекеті кешелі-бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Жұрттың ашу-ызасын тудырған бейнежазбада қара түсті «Chevrolet» көлігін тақымдаған егде жастағы азаматтың бір бағытқа арналған жолда қарама-қарсы жүріп, заңды өрескел бұзғандығы көрсетілген. Онысы аздай, қарсы келе жатқан «Lada» көлігін соғып, түк болмағандай кете барған. Білетіндердің айтуынша, ер адам Келес өңірінің тумасы көрінеді. Кейінірек Шымкент қаласына тұрақтап, сауда-саттықпен айналысқан. Алайда, ол заңның ханға да, қараға да ортақ екенін осы жолы естен шығарып алған сыңайлы. Неге десеңіз, заңды құрметтейтін адам дәл сол мезетте ескертуге құлақ асып, келген жолымен кері қайтуы тиіс еді. Бірақ, ол «заң менің қолымда» дегендей, көлікті қаға-маға ызғытып өте шығады. Кейін жәбірленушіден кешірім сұрап, ерсі әрекеті үшін ақталғандай болды.

Осыған қатысты іс күні кеше Келес аудандық сотында қаралды. Сот жүргізушіні ҚР ӘҚБтК-ның 610-бап (көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соққан бұзу) және 611-бабы (жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) бойынша кінәлі деп тауып, 1,5 жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырды.

 

 

Пікір қалдырыңыз