«Арыс» премьер-лигада!

Осы аптада Түркістан облысының жұртшылығы үшін жағымды жаңалық тарады. «Арыс» футбол клубы Қазақстан премьер-лигасына жолдама алды. Жаңадан құрылған Түркістан облысының тарихында тұңғыш рет жергілікті команда премьер-лигаға шығып отыр. Екі жыл бұрын ғана кәсіпқойлар арасындағы жарысқа қатыса бастаған команда биыл ел чемпионатының жоғары дивизионында өнер көрсетпек.

Қазақстан футбол федерациясы жақында Нұр-Сұлтан қаласында алқалы жиын өткізген-ді. Онда алдағы футбол маусымына қатысты өзекті мәселелер қаралған. Соның бірі – премьер-лига командаларының санын ұлғайту. Федерация шешімімен алдағы маусымда премьер-лигада 14 команда ойнайтын болды.

«Арыс» футбол клубы өткен маусымды бірінші лигада өткізген. Өз конференциясында «Ақтөбеге» ғана жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтқан. Әр конференциядан 1 ғана команда премьер-лигаға жолдама алып, арыстықтар қапы қалған еді. Алайда, федерация шешіміне сәйкес өз конференцияларында екінші орын алған қос команда жоғары дивизионға жолдама алды.

«Арыстан» бөлек мұндай жолдамаға Оралдың «Ақжайық» командасы ие болды. Бір айта кетерлігі, оралдық команда былтыр өз конференциясында үшінші орын алған-ды. Екінші орын алған талдықорғандық «Жетісу-Б» командасы регламентке сәйкес премьер-лигаға шыға алмайтын. Сондықтан да «бақыт билеті» батысқазақстандық командаға бұйырды.

«Арыс» футбол клубының тарихына үңілер болсақ, ең алдымен клуб әуесқой команда ретінде құрылған. Кейіннен Арыс қаласы әкімдігінің қолдауымен кәсіпқойлар арасындағы жарысқа қатыса бастады. 2019 жылы екінші лигаға қатысуға жолдама алып, жүлдегер атанады. Былтыр бірінші лигада қандай нәтиже көрсеткенін жоғарыда айттық.

Мұндай жетістіктердің басы-қасында жүрген азаматтарды айтпай кетуге болмас. Клуб директоры Ерғазы Медетбеков – команда үшін суға да, отқа да түсіп жүрген азамат. Команданың осынша жетістікке жетуіне бас бапкер Әбдіхалық Бөрібаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Бапкерлік құрам ұлттық құрама сапында ойнаған Фархадбек Ирисметов, Юрий Новиков есімді белгілі футболшылардан жасақталған.

Айтуды ұмытып барады екенбіз, Шымкент футбол мектебінің түлегі, бірнеше мәрте ел чемпионы атанған тәжірибелі футболшы Таңат Нөсербаев енді «Арыс» командасын өрге сүйремек.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз