Білім беру заңнамасында қандай өзгерістер бар?

Енді балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты құрылмақ. Мұның өзі мемлекеттік бюджеттің салмағын азайтпақ. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

– Қабылданған заңнама мемлекет тарапынан бөлінетін үлкен қаражатты қажет етпей-ақ балалардың секцияларға, үйірмелерге және де басқа да дамыту орталықтарына баруға қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі, – деп атап өтті министр.

Министр сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар мен орта және арнаулы оқу орындарының арнайы аттестаттаудан өтетінін атап өтті. Білім саласы бойынша бұл мәселе ұзақ талқыға түскен болатын. Енді білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша атқарған жұмыстарын саралау үшін аттестация жүргізіледі.

Министрдің сөзіне сенсек, аттестаттау проблеманы анықтаудың ғана емес, оны жоюға бағытталған құрал ретінде қолданылмақ. Яғни ол арқылы балабақша, мектеп, колледждердегі білім беру сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалнама жүргізілмек. Бес жылда бір жүргізілетін аттестация кезінде білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы, кадр құрамы және өзге де аспектілер бойынша стандартқа сәйкестігі бағаланады.

Министрдің сөзінен тағы бір ұққанымыз, үлгілік оқу бағдарламалары мен оқу жоспары білім беру процесіне енді бірден жіберілмейді. Оны енгізу үшін міндетті түрде сараптамадан, содан кейін сынақтан өткізіледі. Оқу процесіне кіретін жаңа бағдарлама жан-жақты талдамалардың нәтижесінде енгізілмек. Бұл болашақта орын алуы мүмкін кемшіліктердің алдын алуға көмектеспек.

– Бұл – өте маңызды норма. Жаңа бағдарламаларды енгізуге байланысты мәселелерде асығыстық жасамауымыз керек. Бұл нормаларды министрлік бекітеді. Жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген, әбден сыннан өткен бағдарламаларды ғана енгізу механизмі жұмыс істейді, – деді министр.

Атап өтерлік тағы бір жайт, мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар өзгеріске ұшырайды. Министрдің сөзінше, бұл оқулықтардың сапасын арттыруға сеп болмақ. Сонымен қатар білім беру ұйымына алып кіруге болмайтын, пайдалануға тыйым салынған заттардың тізімі бекітіледі. Бұл заңнама білім алушылардың қауіпсіздігі мен орын алуы мүмкін келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін қабылданған.

Қашықтан оқыту мәселесі де министрдің назарынан тыс қалған жоқ. Қашықтан оқыту ұғымы, оны ұйымдастыру қағидаларын бекітетін уәкілетті органның құзыреті айқындалды. Енді қашықтан білім беруге қатысты жаңа талаптар енгізілмек.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз