Елдің әл-ауқатын жақсарту – өзекті мәселе

Өткен жылды қорытындылап, болашаққа жоспарлар түзіп, негізгі межелерді белгілеп алсақ, алдағы бағыттан айнымасымыз анық. Осы орайда Мақтаарал ауданында атқарылған игі істерді, алда жүзеге аспақ жұмыстарды білу үшін аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұрлан ТҰРАШЕВПЕН арнайы сұхбаттасқан едік.

– Нұрлан Нұрғалиұлы, әр жылдың өз ерекшелігі, қуанышы, өкініші болатыны белгілі. Оның үстіне білесіз, 2020 жыл өте күрделі, қиын жыл болды. Өткен жыл Сіз үшін несімен есте қалды?

Сондай-ақ, пандемиямен күрес жүріп жатқан кезде, мамыр айында Сардоба су қоймасындағы апат, тосыннан келген су тасқыны аудан тұрғындары үшін үлкен қиындық, ауыртпалық әкелгені тағы бар, бұл аудан экономикасына қалай әсер етті?

– Су тасқыны салдарынан орын алған төтенше жағдай тек біздің аудан тұрғындарын ғана емес, сонымен бірге бүкіл республиканы алаңдатты. Шекараға жақын орналасқан бес ауылды топан су басып, 851 үй бүлініп, 6127 адам баспанасыз қалды, 5700 гектар егістік алқап бұзылды. Сын сағаттарда 30 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. Біздің аудан халқының басына түскен ауыр жағдайды мемлекет, бүкіл ел болып көтерді, қиын-қыстау сәтте бәрі де қол ұшын беріп, ауызбіршіліктің арқасында қиындықты жеңіп шықтық. Қысқа уақыт ішінде 1000 тоннадан астам гуманитарлық көмек келді. Еліміз бойынша төтенше жағдай кезіндегі техногендік апатты жою үшін 29,3 млрд. теңге қаралып, оның 16,1 млрд. теңгесі Үкіметтің резервтік қоры есебінен, 11,5 млрд. теңгесі арнайы қор есебінен, 1,7 млрд. теңгесі облыстан бөлінді.

Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент кентінің іргесінен 70 гектар жер бөлініп, онда жаңа шағынаудан бой көтерді. Мұнда 6,63 млрд. теңгеге 386 тұрғын үй салынды.

Фирдоуси, Өргебас ауылдарынан салынған 509 үйге 8,69 млрд.теңге қаралды. Бұл үйлерге инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Газ кіргізуге, электр желілерін жүргізуге, ауыз су, жол салуға, байланыс желісін тартуға, абаттандыру жұмыстарына Үкімет резервінен 6,4 млрд. теңге қаралды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар құрылысына Үкімет резерві есебінен 3,5 млрд. теңге бөлінді. Қазір жаңа шағынауданда 1200 оқушыға лайықталған мектеп, 280 орынды балабақша, медпункт, полиция бөлімшесі салынуда. «Фирдоуси» жалпы орта мектебі жөндеуден өтуде.

– Өткен жылы ауданның ин-фрақұрылымын дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

– Аудан бойынша 67 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. 2020 жылы 6 ауыз су жүйесінің құрылысына бюджеттен 726 367 мың теңге бөлінді. Наурыз, Алаш, Өргебас, Фирдоуси ауылдарындағы нысан құрылыстары аяқталып, іске қосылды. Атакент кенті мен Береке ауылдарындағы ағын су нысандарының құрылысы биыл пайдалануға беріледі. Өргебас, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарындағы су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есентаев, Иіржар елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында олардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, оған 719 миллион 276 мың теңге бөлінді. Қазірге дейін ауданда 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған. 2020 жылы Мырзакент кентіндегі Энергетиктер көшесін газдандыру үшін облыстық бюджеттен 46 миллион 246,6 мың теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС жүргізуде. Бірлік ауылдық округіндегі Қоңырат, Алғабас, Қ.Пернебаев ауылдарындағы және Ж.Нұрлыбаев, Жамбыл ауылдық округтеріндегі жаңадан түскен көшелерге электр желілерін жүргізіп, КТП орнату жұмыстары қолға алынуда.

Аудан көлемінде 3,6 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар 3 автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Былтыр 51,05 шақырымды құрайтын 94 ішкі көшеге тас төселді. Оған аудан бюджетінен 381 миллион 206 мың теңге бөлінді. Биыл аудан бойынша 64,8 шақырым болатын 77 ішкі көшені асфальттау көзделіп отыр. Қазірге дейін 71 көше асфальтталды. Сонымен қатар, Мырзакент кентіне және Нұрлы таң елді мекеніне кіре-берістегі көпірді күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжат әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Оған жалпы 573,1 миллион теңге қаралып отыр.

Елді мекендерді жарықтандыру бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданда 77 шақырымдық 73 көшеде 2962 жарықшам бар. Былтыр 35,3 шақырымдық 24 көше жарықтандырылды. 3,4 шақырымдық 2 көшеге аяқжол салынды. Мырзакенттегі С.Қожанов көшесі бойында орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткішін қайта жаңғырту үшін 137 миллион 317,3 мың теңге бөлінді. Бұл жұмысты мердігер «Таймас Сомpany» ЖШС жүргізуде.

– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында алдағы уақытта қандай игі істер қолға алынғалы отыр? Аудан бюджетінің кіріс-шығысы туралы не айтасыз?

– Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – елдің тұрмыс-тіршілігін түзеу, қол жеткен табыстарды еселеп, жаңа белестерді бағындыру. Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда, аудан халқының әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту үшін ауданның бюджет кірісін көбейтуге күш салудамыз. Өткен жылы жергілікті бюджеттің өзіндік кірісі 1 млрд. 271 миллион теңгені құрап, орындалу көрсеткішіі 100 пайыз болды. Шығыс көздері бойынша 45 млрд. 276 миллион 834 мың теңге жұмсалды (Төтенше жағдай бойынша Үкімет қоры резерві, т.б. қорлардан түскен қаржы есебінен).

Ал, жалпы жергілікті бюджеттің кіріс көздері 4 млрд. 22 миллион 789 мың теңге болды, оның ішінде ауданның өзіндік кірісі 1 млрд. 166 миллион 573 мың теңге, республикалық бюджеттен берілетін субвенция 2 млрд. 856 миллион 216 мың теңгені құрайды. Шығысы 28 млрд. 872 миллион 737 мың теңге болмақ. Оның ішінде әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру жұмыстарына 1 млрд. 141 миллион 961 мың теңге, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 981 миллион 639 мың теңге, оның ішінде жол жөндеуге 359 миллион 824 мың теңге, көшелерді жарықтандыруға 97 миллион 11 мың теңге, елді мекендерді абаттандыруға 120 миллион 983 мың теңге, ауыз сумен қамтуға 60 миллион 182 мың теңге, жасыл желекті суаруға арналған трактор, тіркеме алуға 46 миллион теңге бөлініп отыр. Бұдан басқа «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерге жолдамамен келген 60 маманға тұрғын үй сатып алуы үшін 15 жыл мерзімге 4 миллион 375 мың 500 теңгеден бюджеттік кредит беруге 262 миллион 530 мың теңге қаралды.

Ауданда Қ.Абдалиев, Мақтажан, Т.Бигелдинов, С.Датұлы, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, А.Тұяқбаев атындағы орта мектебіне акт залы, асхана, спорт залы мен 100 орынды оқу корпусы салынуда. Өткен жылы қараша айының соңында Мырзакент кентіндегі стадионды реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында 6,7 млрд. теңгені құрайтын бірнеше жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, 2021 жылы Қазақстан мен Түркия елі бірлесіп жіп шығаратын фабрика салмақ. Мақтааралдық кәсіпкерлер ресейліктермен бірлесіп, мақта майын шығаратын зауыт, германиялық кәсіпкерлермен бірлесіп жеміс-жидек мармеладтарын өндіру жобаларын іске асыруды көздеп отыр.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылғандай, экономика қашанда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік қажет. Біз жұмысымызды осы бағытта ұйымдастырып, үйлестіруге баса мән беретін боламыз.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз