Елді асқақтатар ер

Ысқақ Садық, «Ońtústik Qazaqstan».

Әскер – ер жігітті шыңдайтын, темірдей тәртіпке үйрететін, бойына сенімділік пен күш-жігер беретін үлкен мектеп.

Әскери дайындықтан сүрінбей өткен сарбаз кез келген қауіп-қатерге қаймықпай қарсы тұра алады. Өзін де, өзгені де, Отанын да қорғап шығады. Отанды тек соғыс кезінде қорғамаймыз, шетелдік әскери сайыстарда жеңіс тұғырына шығып, Отанның абыройын асқақтату да осыған барабар іс деп ойлаймыз. Қазақ сарбаздарының мықтылығын шетелдерде дәлелдеп жүрген сарбаздар біздің де арамызда жүр. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты Шымкент гарнизоны 35748 әскери бөлімінің «Үздік сержанты», аға сержант Нұрбол Дәулетов АҚШ-тың Аризона штатында өткен сержанттар сайысына қатысып, 18 келі ауыр жүкпен 22 шақырымға жүгіру, 16 кедергіден тұратын барлаушы «аймағынан» өту, картамен тауда бағдар жасау және спорттың 6 түрі бойынша сайыстарда 1-орынды иеленген.

Ол әскери бөлімнің барлау ротасында қызмет етеді. Басшылықтың бұйрықтары мен талаптарын дер кезінде, уақтылы орындай білетін, қызметтік міндеттерін толықтай меңгерген білікті маман. Жауынгерлік және дене дайындығы сабақтары барысында өз тәжірибесін ортаға салудан, үйретуден жалыққан емес.

Бұған дейін сержант Нұрбол Дәулетов қызмет барысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің бірнеше дүркін үздік сержанты атағына ие болған еді. Атап айтқанда, 2016 жылы «Үздік бөлімше командирі» және 2019 жылдың «Үздік рота сержанты» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. 2019 жылы желтоқсан айында оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен II дәрежелі «Ел қорғаны» медалі табыс етілді.

– Нұрбол Дәулетов – бөліміміздің абыройын асқақтып жүрген, өз ісіне адал, кәсіпқой сержант. Өзінің қызметтік міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарайды. Тапсырмаларды орындауда табандылық пен батылдық танытып жүр. Жеке құрамды тәрбиелеуге барын салады, – дейді батальон командирі, подполковник Рустам Хасанов.

– Әскери қызметші ретінде Отанды қорғауға, қалтқысыз қызмет етуге ант бердік, сол антыма адал болуға, серттен таймауға тырысып келемін, – дейді сержанттың өзі.

Нұрбол секілді білекті, жүректі сарбаздар – жас сарбаздарға өнеге. Еліміздің Қарулы күштерінде Нұрболдай мықты сарбаздар көп болса, айбынды әскеріміздің абыройы асқақ, еліміздің мәртебесі биік болатыны сөзсіз!

 

 

Пікір қалдырыңыз