Авиабаза Су-30СМ ұшағымен толықты

ҚР Қарулы күштерінде әуе шабуылына қарсы қорғанысқа басымдық беріліп жатқаны белгілі. Осы мақсатта техникалық жабдықтау және жаңарту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиабазасы таяуда жаңа Су-30СМ ұшағымен толықты.

Көпфункционалды Су-30СМ буынды жойғышы қарсыласқа қарсы атыс іс-қимылы жағдайында алыстан ауқымды әскери міндеттерді мүлтіксіз орындайды. Аталған ұшақта әскери-әуе күштерінің құрамындағы Су-27 мен Миг-31 жауынгерлік машиналарының қуаты бар. Жаңа жойғыш ұшақ армияны қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

«Cу-30СМ ұшағы әуе шабуылы құралдарының соққыларынан әскерлер мен нысандарды қорғау, әуедегі және жердегі нысаналарды табу мен жою мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Олар өздерінің ұшу және тактикалық-техникалық сипаттамасы бойынша ұтқырлығымен ерекшеленеді. Жалпы, бұл техника 5-ші буынды ұшақтарға ұқсас» деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов.

Еліміздің әуе шебін күзетуде Әскери-әуе күштерінің ұшу экипаждары әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерімен өзара бірлесіп тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Қандай да бір қауіп төнгенде және штаттан тыс жағдайларда іс-қимылды ұйымдастыру, үйлестіру жағынан Әуе қорғанысы күштерінің жалпы құрылымына кіреді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың негізгі міндеттерін зениттік-зымырандық және радиотехникалық әскерлер жүзеге асырады. Олар әуе кеңістігін пайдаланудың радиолокациялық бақылауын жүзеге асырып, маңызды нысандарды қорғауды қамтамасыз етеді. Олардың қару құрамына ауқымды, орта және жақын қашықтықтағы іс-қимылға арналған зениттік-зымырандық кешендер кіреді. Әуе нысанасын 25 метрден 40 шақырымға дейінгі биіктікте, жерде 7-ден 250 шақырым қашықтықта жоя алады.

Әуе нысандарын анықтауға автоматтандырылған заманауи «Роса», «НҰР» радиолокациялық стансалары, басқару жүйесі мен байланыс құралы қолданылады. «Роса-РБ-М» стансасы төменгі жылдамдықтағы шағын көлемді төмен ұшатын нысаналарды ұтқыр және жоғары дәлдікпен анықтайтын қабілетке ие. Нысананы тапқанда радиолокациялық станса автоматтандырылған басқару жүйесіне оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат береді. Қазақстандық өнім «GM 403 НҰР» ұтқыр радиолокациялық стансасы әуе нысандарының координаттарын анықтаудағы жаңа сандық жүйе болып саналады.

Қазіргі уақытта әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне «БУК-М2Э» көп каналды ұтқыр зениттік зымырандық орта қашықтықты кешені жеткізілді. Бұл заманауи көп мақсатты кешен тактикалық-техникалық сипаттамасы жағынан шетелдік нұсқаларынан айтарлықтай асып түседі. Ол стратегиялық және тактикалық авиация ұшақтарын, тікұшақтарды және қанатты зымырандарды жоюға арналған. «БУК-М2Э» зениттік зымырандық кешені белсенді радиолокациялық іс-қимылға қарсы жағдайларда жүктелген міндеттерді сәтті орындауды қамтамасыз етеді.

Бүгінде еліміздің қорғаныс кәсіпорындарында ескі парктегі радиолокациялық стансаларды жаңарту жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «П-18» радиолокациялық стансасы. Осы стансаларды жетілдіру олардың ресурсын ұлғайтып, ұтқырлығын және басқа да тактикалық-техникалық сипаттамаларын арттырады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрылымын техникалық жабдықтау әскерлердің жауынгерлік мүмкіндіктерін арттырып, тапсырмаларды сапалы орындауға ықпал етеді.

ҚР Қарулы Күштерінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз