Мақсат – елдің әл-ауқатын жақсарту

Қазығұрт ауданында биыл біршама келелі істер атқарылып, жаңа бастамаларға жол ашылды. Әлеуметтік маңызы бар нысандар көптеп салынды. Орайы келгенде, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетовтен 11 айда атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеуін өтінген едік.

– Тайбек Әділбекұлы, Мемлекет басшысының Жолдауда белгіленген тапсырмаларына сәйкес ауданда атқарылған жұмыстардың негізгі бағыты туралы айтып өтсеңіз?

– Жолдауда белгіленген басты мақсат – өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құра отырып, халықтың табыс көзін сақтау. Осы бағытта, Президент алдымызға 11 міндет қойды. Оның ішінде мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, жаңа жағдайдағы экономикалық даму талаптарына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете отырып, әлемді шарпыған коронавирустық инфекцияға тосқауыл қою да бар.

Ал, экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім биылғы 11 айда 121 577,7 млн. теңгені құрады, 2019 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өсім айтарлықтай жоғары болды.

– Бюджеттік салықтық саясатқа тоқталсаңыз?

– 2020 жылы аудан бюджетінің көлемі 26 747,4 млн. теңгені құраса, оның 81 пайызы немесе 21 671 млн. теңгесі әлеуметтік салаға бөлінді. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдер 11 айда 1 824,6 млн. теңгені құрап, жоспар 17,3 пайызға артығымен орындалды. Бюджеттің шығыстар бөлігінде жоспарланған 24 405,8 млн. теңгенің 24 388,2 млн. теңгесі игерілді.

– Білім саласына қатысты маңызды нысандар салу мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Бұл бағытта да бірқатар шаралар атқарылуда. Биыл 4 мектеп, 1 қосымша құрылыс нысандарын салуға мемлекеттік бюджеттен 916,1 млн. теңге қаржы қаралды. Осы оқу жылында «Ащыбұлақ» мектебіне қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді.

Жалпы, биыл 12 нысанның құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, 5 мектеп құрылысы жүргізіліп, 3 мектеп пен 3 мәдениет үйін газдандыру, аудандық полиция бөлімінің фронт-офис ғимаратын салу сияқты жұмыстар атқарылды. Мұндағы 5 мектептің үшеуі 2019 жылдан 2020 жылға өтпелі еді. Осы 12 нысанның 8-і пайдалануға берілді. Тұрбат ауылдық округі, Өндіріс елді мекеніндегі 200 орынға арналған «Ақпарақ» жалпы орта мектебінің, Қазығұрт ауылдық округі Қазығұрт елді мекеніндегі 200 орынға арналған жалпы орта мектеп, Жаңабазар ауылдық округіне қарасты Қазақ КСР-інің 20 жылдығы елді мекеніндегі К.Әзірбаев мектебінің 200 орындық, Қызылқия ауылдық округі Айнатас елді мекеніндегі «Айнатас» мектебіне қажет 100 орынға арналған қосалқы құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталады. Бұл ауқымды жұмыстарды мердігер «АРТ-Құрылыс», «Андас-Групп», «ТаразСтрой-2004» және «ПМК-7К» ЖШС-тары жүргізуде.

– Тұрғындардың көкейінде жүрген ауыз су, табиғи газ, жарықпен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы мәселелерін тарқатып айтсаңыз?

– Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысанның құрылысына 893,6 млн. теңге қарастырылды. Бөлінген қаржыға су құбыры жоқ 8 елді мекенге жаңа ауыз су жүйесі тартылуда. Аудан көлеміндегі 64 елді мекеннің 58-і қазіргі таңда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылды.

Қазіргі таңда ауданда 64 елді мекеннің 47-сі табиғи газ жүйесімен қамтылды. 2021 жылы табиғи газ жүйесіне қосылатын елді мекен саны 50-ге жеткізілмек.

Ал, жарыққа келсек, аудандағы 63 елді мекен 98,4 пайыз орталықтандырылған электр желісіне қосылған, 1 елді мекен (шалғайдағы шағын Өгем е.м.) дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы есебінен Жаңабазар, Қақпақ, Сарапхана елді мекендеріндегі электр энергиясы жетіспейтін аумақтарға 3 дана трансформатор орнатылды.

Аудандық маңызы бар КХКZ-39 «Тесіктөбе – Қызылбұлақ» автомобиль жолын жөндеуге 2020-2021 жылға

79 772 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме «Достық Спец Транс» ЖШС-і аталған жолды орта жөндеуден өткізуде. Аудандық бюджет есебінен 2020-2021 жылдарға өтпелі кезеңмен 843,734 млн. теңге бөлініп, 55,2 шақырымды құрайтын 22 көше орта жөндеуден өтті. Мұнан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, өңірімізде 1 196, 444 млн. теңгеге Қызылқия, Сарапхана, ауылдық округтерінде жалпы, 52 шақырымды құрайтын 25 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 24 көшеде жұмыстар аяқталды.

Қазығұрт ауданында коммуналдық тұрғын үй кезегінде 636 адам тұр. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 отбасыға тұрғын үй сатып алынып, қазіргі таңда құжаттары рәсімделуде. Жол картасы негізінде ауылды абаттандыру бойынша 60,2 млн. теңгеге орталық саябаққа және 80,3 млн. теңгеге дендросаябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап көрсетілген экономиканың даму бағдарына негіз болатын жеті қағидат пен теңгерімді аумақтық даму міндеттері аясында ауданда нәтижелі жұмыстар атқарылды деп сеніммен айтуға болады.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

 

Пікір қалдырыңыз