Қауқарсыз болса, заң – ғаріп...

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Міне, көзді ашып жұмғанша, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа сиыр жылы төрімізге озды. Халқымыз жыл ауысарда «Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа» деп өткен жылды саралап, келер жылға үлкен үміт артады. Өткен жыл ел тарихында елеулі оқиғалармен есте қалғаны мәлім. Тышқан жылында елді елең еткізіп, халық арасында талқыға түскен заң жобалары аз болмады. Президент қол қойған бірқатар заң жобалары күшіне енсе, тағы бірнешеуі Сенат пен Мәжілісте мақұлданып, кезегін күтуде. «Барлығына бірдей жақсы болатын заң болмайды» деп ежелгі римдіктер айтпақшы, тышқан жылы қабылданған заңдардың сіз бен біздің өмірімізге әсері қандай болмақ? Енді соған аз-кем тоқталайық.

Әлбетте, халықтың лайықты өмір сүруі үшін әлеуметтік мәселелердің жүйелі шешілгені абзал. Айталық, індет күшейген кезде осы салаға қатысты қаншама проблемалардың қордаланып қалғанына көз жеткіздік. Біраз саланың, әсіресе, жеке кәсіпкерліктің жұмысы тұралап, көптеген жандар нәпақасын тауып отырған жұмыс орындарынан айырылды. Осынау қысылтаяң шақта әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға біржолғы жәрдемақы беріліп, көпшілігінің банктер алдындағы несиесі жабылды.

Өткен жылы құқық қорғау, сот жүйесіндегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде үлкен жұмыстар атқарылды. Былтыр дәл осы уақытта әкімшілік, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстерге өзгерістер енгізілді. Жыныстық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия, браконьерлік, ішімдік ішіп көлік жүргізу, есірткі таратуға байланысты жазалар қатайтылды. Бұлардың бәрі ауыр қылмыстар санатына кіргізілді.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Бұл бүгінде Үкіметтің ашық жұмыс істеуіне, азаматтық қоғам құруға, билік пен қоғам арасында диалог құруға жол ашып отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы ұстанымды әрі қарай дамытып, халық үніне құлақ асып қана қоймай, дұрыс, әділ шешім қабылдай алатын «Әділетті мемлекет құру» қажеттілігіне айрықша тоқталды. Осыған байланысты бірқатар заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі – «Мемлекеттік қызмет туралы» заң. Жасыратыны жоқ, биліктің күнделікті жұмысындағы ашықтық пен әділдіктің жоқтығы, даңғазалық, жауапкершіліктен жалтару, қағазбастылық, бітпейтін жиналыс сынды керітартпалықтар мемлекеттік қызметтің адымын ілгері бастырмай тұрғандығы анық. Мұндай кемшіліктерді жоюдың жолдары қандай? Әрине, бұл ретте көп мәселе кадрға келіп тіреледі. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, «Диплом-мен – ауылға» бағдарламасы бойынша енді ауылға мұғалімдер мен дәрігерлер ғана емес, мемлекеттік қызметшілер де бара алады. Мемлекеттік қызметшілер ауылға барса, бағдарламаның жеңілдіктерін толық пайдаланып, көтерме қаржы, үй және жер телімдерімен қамтамасыз

етіледі. Бұл ауылға барып жұмыс істеп, сатылап өсуді қалайтын жастар үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр.

Өкінішке қарай, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғам күткендей оң нәтиже бермей отыр. Соған байланысты Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес жай ғана көзбояушылық, қағаздағы үстірт баяндау деңгейінде қалып қоймай, күрестің тиімділігін күшейту үшін алдымен заңдарды қатайтуға тапсырма берді. Осыған орай қоғам белсенділерінің атсалысуымен тиісті заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, басшыға бағынышты қызметкерлердің жемқорлыққа қатысты қылмысы сотта дәлелденсе, міндетті түрде жұмыстан кетуі тиіс. Екіншіден, барлық қабылданатын нормативтік-құқықтық актілер енді алдын-ала сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтеді. Тағы бір өзгеріс, мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда жемқорлық қылмыс жасап, сотталғандар енді өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылады. Жуырда қабылданған жаңа норманың бірі – мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшыларының қос азаматтығы анықталса, бірден жұмысынан босатылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге, соттарға шетелдік банктерде ақша, қымбат заттарды сақтауға тыйым салынады. Сосын құқық қорғау органдарының, соттардың, прокурорлардың жемқорлыққа қатысы бары анықталса, оларға қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылып отыр. Енді ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмыс жасағандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндік берілмейді.

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік сатып алуда ашықтықтың сақталмауы, тендер өткізу тәртібінің жиі бұзылуы, оған лауазымды адамдардың ықпал етуі – жемқорлық тәуекелдерін күшейтетін факторлар. Осыны реттеу үшін мемлекеттік сатып алулар жөніндегі заң жобасына өзгертулер енгізілді. Заңға электронды дүкен дейтін ұғым енгізіліп отыр. Бұл процестерде ашықтық барынша сақталып, ұсақ-түйек заттарды бір көзден сатып алу тәртібі реттеледі. Бұрын кім төмен баға ұсынса, солар тендерді ұтып алып кететін еді. Ал, қазір атқарылатын жұмыстың сапасына көңіл бөлінеді.

Бізде заң жүзінде айыптаушы мен айыпталушының құқы бірдей. Жасыратыны жоқ, кейде осы қағида сақтала бермейді. Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, қылмыс жасамаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқаны үшін айыптаушы тараптың жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ, азаматты заңсыз ұстаса, қамаса, жалған куәлік жасауға мәжбүрлесе, айғақтарды бұрмаласа, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар сот ісін жүргізуде әкімшілік сот ісі деген ұғым енгізілді. Бұл туралы заң былтыр маусым айында қабылданған болатын. Алдағы шілде айынан бастап күшіне енеді.

Парламентте ұзақ талқыланып, қоғамның сараптамасынан өткен заң жобаларының бірі – экологиялық кодекс. Мұнда экологияны бұзғаны үшін айыппұлды 10 есе өсіру жөнінде нормалар бар. «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасына да айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әкімнің немесе министрдің қоғамдық кеңеске өздеріне ыңғайлы адамдарды таңдауына тосқауыл қойылады. Жаңа заң бойынша кеңес мүшелері тендерлік комиссия құрамына да енеді. Бұл мемлекеттік сатып алудың ашық әрі әділ жүзеге асуына ықпал етпек. Сонымен қатар алдағы күндері ақпаратқа қол жеткізу туралы заң қабылданбақ. Алдағы жазда бұлардың қатарына «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қосылмақ. Түптеп келгенде, мұның барлығы қоғам мен билік арасында екіжақты диалог орнатып, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз