Үр қызындай Үрзада апай!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жүрген жерінде айналасына шуақ шашып, төңірегіңдегілерді өзінің биязы қалпымен тәнті ететін асыл жандар қай ортадан болсын табылады емес пе?! Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, ХХІ ғасырдың алғашқы күндеріне дейін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында жемісті еңбек еткен, бүгінде зейнеткерлік жасына қарамастан қоғам тыныс-тіршілігінен бір сәт те тыс қалып көрмеген Үрзада Айтөрееваны өз ортасының гүлі десе жарасады. Қарашаңырақта сол тұстары Қайым Тілегенов, Сәділ Кәдеев, Кәрім Үкібаев, Оразхан Жарқынбеков, Слам Нұрмағанбетов, Қуандық Оразбеков сынды сақа журналистер қызмет етті. Олардың барлығы, соның ішінде тонның ішкі бауындай етене араласатын құрдастары Үрзада әпшемізді «Үр қызындай Үрзада» деп ерекше құрметпен атады. Араласа келе білдік қой, Үрзада осы бағаға әбден лайық, жүріп өткен жеріне гүл өсетін жан екен.

Қазақта «тартпай қоймас негізге» деген сөз бар. Үрапаның арғы тегіне қарап отырсаңыз осал жандар кездестірмейсіз. Басқасын айтпағанда, оның анасы белгілі қаламгер әрі композитор Якуда Амандықовтың әпкесі еді. Ал, өзі Қызылорда облысы, Шиелі ауданына келін болып түсіп, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың немере інісіне жар боламын деп ойлапты ма? Осындай береке мен құт дарыған шаңырақтардың тәрбиесінен шыққан Үрзада апайымыз қалай осал болсын?! Оның үстіне кішкентайынан құшағына басқан әжесі Күләйша оның бойына ұлттық тәрбиені молынан сіңірді.

– Әже, мен үлкейгенде сот боламын, –деді бір күні қос бұрымы арқасына төгіліп жүрген қаршадай қыз.

– Соты несі? – деп шошып кетті әжесі.

– Әділдік іздеймін. Қылмыскерлерді соттаймын, – деді өжет қыз.

– Қарағым, қыз баланың ізгілік, инабаттылық мекендеген, ар ұялаған аяулы жерде жүргені жақсы. Сот болу қыз балаға қиын ғой. Судьяның өзі таза болғанмен, ол қылмыс әлемімен күн сайын бетпе-бет келеді. Қаталдық, қатыгездік қыз бала бойына сіңбеуі тиіс, – деді әжесі ұршығын иіріп отырып.

Тағы бірде енді бойжетіп келе жатқан Үрзада әжесіне:

– Тағы да ойландым. Геолог болғым келеді, – деді.

– Геолог тау-тасты аралап жүретін мамандық. Арқасынан қоржыны түспейді. Сол қоржынға балғаңды саласың ба әлде олжаңды саласың ба? – деген әжесі.

«Балғасы – балға. Ал, олжасы не болды екен?» Үрзада қыз ойланып қалды.

– Әне көрдің бе? Ойланып қалдың ғой. Қызым, дүниеде адамдар жүрегіне ізгілік нұрын құятын бір өлмес, өшпес бір мамандық бар. Ол – өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін шәкірттерінің жүрегіне жеткізе білетін, жан шуағы мол, көңілі дария ұстаздық жол. Қыз балаға шәкірт тәрбиелегеннен асқан бақыт болмақ емес, – деді Күләйша әжесі.

Міне, Созақ ауданы, Созақ ауылындағы Ленин атындағы орта мектепті бітірген ол Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне осылай түсті. Оқуды бітірісімен оны Созақ ауданының қиыр бір шетіндегі «Шу» кеңшарындағы бастауыш мектепке жіберді. Түске дейін бір, түстен кейін екі рет шәкірттеріне дәріс берген ол кешке интернатта тәрбиешілік жұмысты қоса атқаратын. Таңертеңнен түннің бір уағына дейін жүру, әрине, оңай емес еді. Алайда, ар-ұятының семсеріне сына түсірмеуді ойлайтын жас маман бұған қажыған да, налыған да жоқ. Қайта жұмысы көбейген сайын құлшына түсті.

Тәрбиеші-ұстаз бұдан кейін Шиелі ауданынан бір-ақ шықты. «Қызыл Ту» орта мектебіне мұғалім болып қабылданды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, өнерден де құралақан емес әрі тілге шешен, ойға кенен жас келін ә дегеннен суырылып шығып, көзге түсті. Жас маманды шиеліліктер партия қатарына қабылдады. Артынша ол мектепішілік бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде саяси науқандардың бел ортасынан табылатын болды. Атқарып жүрген қоғамдық қызметі аздай, оған әйелдер кеңесінің төрайымындығын қоса жүктеді. «Шаршадым» демеді, «шалдықтым» демеді, жас келін қашан да жасындай жарқырап, қоғамдық жұмыстардың қайнаған жерлерінде жүрді. Адамдық мұраттың биігі адалдық пен өз ісіңе деген сүйіспеншілік екеніне оның көзі сонда жетті. Арада бес жыл өткенде ол жолдасының Шымкент қаласына қызметке ауысуына байланысты ұжымымен қоштасуына тура келді. Сондағы әріптестерінің оны қимастықпен шығарып салғаны кешегідей көз алдында.

Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепте ұстаздық етіп жүрген оны Баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау басқармасы қызметке шақырды. Аталған мекеме Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қарайды екен. Бұл шақырудың мәнісі жас мұғалімнің біліктілігімен қоса журналистикаға жақын екенінде болса керек. Басқармада ол тағы да бастауыш партия ұйымына жетекшілік етті.

– Жүрегімнің бір түкпірінде «журналист болсам-ау» деген арман бұғулы жатты. Сол арман мені облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне алып келді, – деп еске алады бүгінде Үрзада апай.

Бірақ, оның журналистік жолы өтпелі шаққа тура келді. Тәуелсіздік алған жылдары қағаз тапшылығы, жазылымның аз болуы газет қызметкерлерінің иықтарына аз салмақ түсірген жоқ. Осындай кезеңде газеттің еңбекші хаттары бөлімінде қызмет істейтін оған жүктелер жауапкершілік көп еді. Сол жылдары Үрзада Айтөреева көшпелі редакция ұйымдастырып, аудандарды жиі аралады. Бұдан бөлек редакциядағы бірқатар ұйымдастыру жұмыстары Үрзада апайға жүктелетін. Қай жұмыста да ол табандылық танытып, сенім үдесінен шығып жүрді. Соның арасынан сына тауып, қаламын да қолынан тастаған жоқ. Көкейтесті мақалалары жиі жарияланып тұрды.

Үр қызыңдай Үрзада апамыз зейнеткерлікке кеткенде әлденені жоғалтқандай үрпиісіп жүрдік. Иә, оның ұжымдағы орны кәдімгідей білініп тұрды. Қоғамшыл апайымыз мұнан соң иығындағы жүкті сілкіп тастап, демалады ғой деп ойлағанбыз. Сөйтсек, өзінің өмірін қоғаммен, адамдармен тығыз байланыстыратын апамыз қарап жатуды өзіне ар көреді екен ғой. Көп кешікпей Үрзада Айтөрееваның облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланғанын есітіп, бір марқайып қалдық. Артынша облыстық әжелер кеңесінің төрайымы болып сайланды. Міне, осы қоғамдық қызметтері арқылы ол ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында барлық уақытын сарп етіп келеді. Ол бүгінде өзінің қоғамнан тыс өмір сүре алмайтынын жақсы түсінген. Сондықтан да үнемі облысымыздың сан-салалы қоғамдық жұмыстарының қайнаған ортасында жүреді.

Үрзада апайды жетпіске келді дегенге бір түрлі сенгіміз келмейді. Әлі де сол баяғы құлшынып тұратын қалпы. Әлі сол Үр апа! Отбасында екі полковник (Данияр мен Сәбит) және бір құрылысшы (Спандияр) ұлы, Жанардай жайсаң қызы бар апамыз Құдай қосқан жары Құрбанмен бақытты ғұмыр кешіп келеді. Бақытқа, мұратқа жету дегеніміздің өзі де осы шығар...

 

 

Пікір қалдырыңыз