Жұмыс ширап келеді

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Шыны керек, биыл кәсіпкерлер палатасының жұмысы кәдімгідей жанданды. Негізгі жұмысы кәсіпкерлердің құқын қорғау, оларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді түсіндіріп, билік пен кәсіпкерлердің арасына алтын көпір болуы тиіс мекеменің пандемия кезіндегі рөлі орасан зор еді. Себебі өздеріңізге белгілі, төтенше жағдай тұсында кәсіпкерлік нысандары түгелге жуық жабылып, не болмаса шектеу шаралары күшейіп, нәпақасын адал еңбегімен тауып отырған кәсіпкерлер әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай келеді. Ал, осы тұста кәсіпкерлер палатасы өздерінің міндеттеріне жедел түрде кірісті.

Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Арсенұлының айтуынша, 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде палатаға 3000-нан астам ауызша және жазбаша өтініштер келіп түскен.

Кәсіпкерлер палатасы осынау кезеңде бірқатар келеңсіздіктердің, түсініспеушіліктердің алдын алуға, кемшіліктерді дер кезінде жоюға үлес қосты. Өңірімізде сәуір айының басындағы проблемалық мәселелер негізінен сауда, қоғамдық тамақтану объектілерінде орын алған.

Өздеріңізге белгілі, карантин енгізілгеннен кейін барлық азаматтар мен көлік құралдарының Түркістан облысына және басқа өңірлерге кіріп-шығуына тыйым салынды. Осы кезде Палатаға жүк тасымалы бойынша өтініштер жиі түсе бастаған. Мәселен, Сарыағаштан 15 жүк көлікке тиелген минералды суды Алматы қаласына жіберу, одан бөлек Ресей, Өзбекстанға жүктерді жеткізу мәселелері күрделене түскенде ең алдымен кәсіпкерлер палатасы көмекке келді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің «Шым-Карантин» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған «Сергек Патруль» және «Сергек Блок- Пост» базасы кәсіпкерлер үшін өте күрделі мәселе болып шықты.

Сәуір айында «ASFIR SK» ЖШС-ден фитосанитариялық сертификат мерзімі өтіп кету салдарынан «Сарыағаш» теміржол стансасында (Павлодар – Шыназ) вагонның тұрып қалу проблемасы туралы ауызша өтініш келіп түскен. Палата қызметкерлерінің жедел араласуының нәтижесінде қысқа мерзім ішінде жаңа сертификат алынып, жүк вагоны Павлодар қаласына қайта кетпей, межелі пунктке (Шыназ қаласына) жеткізілген. Дәл осындай блок-бекеттер қойылған кезеңдерде кәсіпкерлер палатасы жүк көліктерінде кездескен талай проблеманың түйінін шешуге ықпал еткен. Олардың ішінде блок-бекеттерде апталап тұрып қалған тауарларының сақталу мерзімі өте қысқа жүк көліктері де болған.

Тимур Нақыпбеков сонымен қатар, карантиндік шараларға байланысты тез бұзылатын өнімдерді блок-бекет арқылы кедергісіз өткізу үшін «#bizbirgemiz Түркістан облысы азық-түлік өнімдері» логотипі әзірленгенін атап өтті. Осы шаралардың барлығы көліктердің блок-бекеттерден кедергісіз өтуіне және халыққа тауарларды уақтылы жеткізуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, Түркістан облысында 126 сауда орталығы, 86 базар мен 550 кафе, мейрамхана бар. Шектеу шараларына байланысты сауда үйлерін жалға беруші мен бутиктерді жалға алушылардың нысанды пайдалануына мүмкіндігі болмады. Дәл осы тұста кәсіпкерлер палатасы жалға берушілермен келіссөздер жүргізіп, олардың жалдау ақысын кейінге қалдыру мәселелерін шешіп берді. Тіпті, жұмыс істеген апта үшін төлем алмауға да қол жеткізді.

Мәселен, жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша нарық иелерінің 80 пайызы төтенше жағдайдың барлық кезеңі үшін жалдау ақысын алып тастаған. Сайрам ауданындағы «ЭльНурс» базарының меншік иесі жалға алушылармен коммуналдық қызметтер мен күзет қызметтеріне ғана төлем жасау туралы келіскен.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарына қиындық әкелген тағы бір мәселе – коммуналдық төлемдер. Кәсіпкерлер палатасы «Энергопоток» АҚ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалымен бірлесіп, өңірдің кәсіпкерлік субъектілерінің коммуналдық төлемдері бойынша айыппұл санкцияларын кейінге қалдыру, есептемеу, күшін жою бойынша іс-шаралар өткізгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне ұсыныс жолданып, тарифтер мен бағаларды төмендету жобасы әзірленген. Осылайша, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап ТЖ кезінде «Уранэнерго» АҚ және «Энергопоток» АҚ коммуналдық қызметтердің құнын төмендетті.

Сонымен қатар, Түркістан және Кентау қалаларындағы кәсіпорындар мен жеке тұлғалар үшін ауыз судың құны 6 пайызға төмендеген. Төтенше жағдайға байланысты 23 наурыз бен 2 сәуір аралығында кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша көптеген салаларда қызметкерлерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілгені анықталған. Әсіресе, туризм саласы мен қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері көптеген қиындықтарға тап болған. Тіпті, жұмыстан босап жатқандар да бар.

Айта кетейік, өңірімізде кәсіпкерлік ұйымдардың жұмысын жандандыру аясында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, «Ырыс» МҚҰ карантинге қарамастан облыс көлемінде ауыл шаруашылығын қаржыландыру мақсатында наурыз-мамыр айларында көктемгі егін егу және жинау жұмыстарына 1,7 млрд. теңге тарқатқан. Мал шаруашылығы бойынша да 1,7 млрд. теңге үлестірілсе, «Ырыс-Бизнес» бағдарламасы бойынша 18 кәсіпкерге 141 млн. теңге берілген. «Жұмыспен қамту – 2020» Еңбек» бағдарламасымен 18 жобаға 249 млн. теңге берілген.

 

 

Пікір қалдырыңыз