Өрісіміз ұзарады деген сенім бар

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Иә, ежелден он екі жыл бір мүшел саналады. Әр жыл бір жануардың атымен аталады. Қазақша жыл қайыру тышқан жылынан бастау алады. Одан ары қарай кезекпен сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз болып айналып келе береді.

Не себепті жыл аттары хайуандардың атымен аталатыны және жыл басы неге тышқаннан басталатыны туралы ел ішінде аңыз көп. Оны қайталамай-ақ қояйық.

Биыл тышқан жылымен қоштасып, сиыр жылын қарсы алғалы отырмыз. Халқымыздың осы жыл санауына қарап келер жылға болжамдар жасап, әр жылға тиісті баға беріп, өзінше әрекет ететіндер де бар. Жыл қайырудың басы саналатын тышқан жылы туралы былтыр жасалған болжамдар қаншалықты расқа айналды? Өтіп бара жатқан жылды ой елегінен өткізіп, өзімізше екшеп көрейік. Тышқан жылын қазақтар молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен бірліктің, тыныштық пен татулықтың жылы деп санаған. Бұл жылда жаугершіліктер көп бола қоймаған. Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, соның көбісінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған екен. Ал, осы жылдың еншісіне тиген 2020 жыл қандай болды?

Иә, бұл жыл біздің елімізге ғана емес, бүкіл дүние жүзі үшін ауыр жыл болды. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты төтенше жағдай енгізіліп, тосыннан келген ауру қаншама адамға қайғы-қасірет шектірді. Мекемелер мен ұжымдар түгелге дерлік қашықтан жұмыс істеп, адамдар бір-бірімен жүзбе-жүз көрісуден қалды. Мінекей, бұл жұқпалы індетпен күресіп келе жатқанымызға бір жылға жуықтап қалды. Бұл індет елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына ғана емес, сонымен бірге ішкі рухына да кәдімгідей салмақ түсірді. Алайда, қиын-қыстау кезде мемлекет тарапынан халыққа көптеген қолдаулар көрсетілді. Биылғы тышқан жылы осындай үрейімен, тіршілік үшін күресімен есте қалды. Бұл да бір сынақ шығар.

Алдымыздағы 2021 – сиыр жылын сәуегейлер ауыр жылдардың қатарында атайды екен. Сиыр жылы түрлі қиындықтармен, дау-дамайларымен есте қалғаны айтылады. Бірақ, төрт түлікті танып білген біздің қазақ бұл жылды береке-байлықтың жылы деп біледі. Өйткені, ежелден мол етімен, тасыған сүтімен, ақ-ағарған өнімімен танылған Зеңгі баба тұқымы адамзатты тарықтырып қоймайды деген сенім бар. Иә, сиыр – үйдің берекесі, айран-сүттің көзі, балаларының асыраушысы ретінде қадірлі мал болған. Демек, түрлі сәуегейлердің сандырағынан гөрі бізге қазақи таным-түйсік жақын емес пе?!

Ендеше, «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дегендей, жаңа жылдан мол үміт, жағымды жаңалықтар күтейік. Тышқан жылы ауруға байланысты «інге» тығылсақ, сиыр жылы сыртқа шығайық, өрісіміз ұзарсын деген тілек айтамыз.

 

 

Пікір қалдырыңыз