Ауыл түгел кәсіпкер!

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Жуырда Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2020» мерекелік іс-шарасы өткені белгілі. Айтулы мерекеде еңбек озаттарының мерейі үстем болды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласының мамандары және мол өнім өндірген, жоғары көрсеткiшке қол жеткiзген шаруалар мен ауыл әкiмдерi арнайы сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Агроөнеркәсіп кешенінің  даму бағдарламасы көрсеткіштерін орындау» номинациясы бойынша 1-орынды Қ.Әбдәлиев ауыл округі иеленді. Әрине, жеңістің артында жұмысты ұтымды ұйымдастыра білетін іскер басшының тұратыны анық. Осыған орай біз Қ.Әбдәлиев ауылдық округінің әкімі Оразалы Қазыбаевқа арнайы жолығып, әңгімелескен едік.

Қазығұрт ауданының Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округінде жалпы 7 елді мекен орналасқан. 1932 жылы құрылған ауылдық округте қазіргі таңда 11 715 тұрғын бар. Олардың арасында 27 Батыр ана, 184 «Алтын алқа» иегері тұрады.

Кеңес заманында бұл ел «Күйік» асыл тұқымды қой зауыты» деп аталатын. Оның 75 қора, 18 мың гектар егіндік жері бар еді. «Бүгінде сол 75 қораның бәрі малға толы, бірақ жекеге өтіп кеткен. Қазір олар жеке шаруа қожалықтары, өндірістік кооператив болып еңбек етуде. Ал, 18 мың гектар егістік жер толық игерілуде» дейді Оразалы Қазыбаев.

Оразалы Өтепұлы қазіргі таңда Қ.Әбдәлиев ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарады. Ауылдық округте «Айқожа», «Үш бастау», «Ақпан батыр» өндірістік кооперативтері, «Тілеуберді» шаруа қожалығы бар. Бұлардың барлығына да мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Бұл жөнінде ауылдық округ басшысы былай дейді:

«560 тонна жанар-жағаймай, 495 тонна тыңайтқыш беріліп, оны шаруа қожалықтары түгел дерлік алды. Бұлар жеңілдетілген төменгі бағада беріледі. Мұнан бөлек, бүгінде ауыл округіне қарасты елді мекендерде «Ырыс» микроқаржы ұйымынан төменгі пайызбен несие алып, мал бордақылаумен айналысатындар қатары көбейген. Ауылдық округ бойынша шағын және орта бизнес субъектілері 323-ке жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 102,3%-ға артып отыр. Яғни ауылды жерлерде кәсіпкерліктің дамуы мемлекеттік бағдарламалардың қолдау құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асып келеді.

2019 жылы Қ.Әбдәлиев ауылдық округінің 25 тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, «Максимум» АИО» ЖШС және «Ырыс» МКҰ-нан 123,3 млн. теңге несие алып, кәсіпкерлікпен айналысуы да осы сөзіміздің жарқын мысалы. Сонымен қатар, жастар жылы аясында «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша Қ.Әбдәлиев ауылдық округінен 18-29 жас аралығындағы 13 азамат өз кәсіптерін ашу үшін 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алды. Жалпы алынған несие 6 млн. 565 мың теңгені құрады».

Бүгінгі таңда округ аумағында 25 өндірістік кооператив,10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 229 шаруа шаруашылығы мен 43 жеке кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде. Кәсіпкерлік саласы бойынша, округ аумағында жекеменшік тігін цехтары ашылуда. Мал бордақылаудан бөлек, округте лимонад шығаратын цех, сондай-ақ бөдене өсіру арқылы пайда көзін тапқан, жылыжайларында жылына екі рет өнім алып отырған кәсіпкерлер бар. Негізінде Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округінде кәсіпкерлік сала бойынша жыл басында ұсынылған 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Рабат елді мекенінен «Береке», «Бинұр» балабақшалары ашылды. Сондай-ақ, әмбебап дүкені, тамақтану орны, мал бордақылау алаңы ашылды. Жалпы, 47 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бюджеттік емес инвестиция тарту бойынша жоспардағы 300 млн. теңге толығымен орындалды.

Оразалы Қазыбаевтың айтуынша, ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындарының тұрмысы жақсы. Барлық көшелер асфальтталған, жарықшамдар орнатылған. Амангелді, Қызылдала, Еңбекші елді мекендеріне газ тарту жұмыстары жоспарланып, бастапқы шаралары жасалып та қойылды. Ауылдарда таза ауыз су, жол мәселесі де толықтай дерлік шешілген.

Округ аумағында 8 мектеп, жекеменшіктерді қосып есептегенде 9 балабақша бар. Тұрғындарға бір мәдениет үйі, бір клуб, үш кітапхана қызмет көрсетеді. Ауылдық округтің орталығы Рабат елді мекенінде 25 орынды аурухана, мұнан бөлек әр елді мекенде ФАП бар, оларда 33 медбике, 7 дәрігер жұмыс істейді.

Оразалы Өтепұлынан тұрғындар көбіне қандай арыз-шағымдармен келетінін сұрадық. Білгеніміз, баспана сұрап келетіндер көп. Бұл үшін азаматтар тиісті мекемеде арнайы тұрғын үй кезегіне тіркелуі тиіс. Биыл жеке кәсіпкер Шекер Нәлібаева 30 миллион теңгеге төрт үй салып, ол үйлерді аз қамтамасыз етілген жалғызбасты аналарға тарту етіпті.

Ауыл әкімдерінің жұмысы елдің тыныс-тіршілігін ұдайы назарда ұстау, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін оң шешу десек, О.Қазыбаев туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында негізінен халықпен жұмыс істеу жағына үлкен басымдық беріп отыр.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз