Ұлтарақтай жерден де көл-көсір өнім алуға болады

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Самат  мол табысқа кенелудің жолын жеті-сегіз жыл бұрын үйінің артынан кішігірім жылыжай салып, қарбыз, көкөніс егіп бастаған. Кейіннен есігінің алдына үлкен етіп жылыжай салады. Осылайша жыл он екі ай екі қолға бір жұмыс табады. Биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-Бастау» кәсіпкерлікке баулу курсынан өтіп, сертификат алып, мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алды.  Самат Сұлтанов жылыжай шаруашылығымен бірге, егін егумен де айналысады. Бүгінде жылыжайға шалқан егіп тастаған.

– Көкеніске күнделікті сұраныс бар. Сондықтан осы салаға ауыстым. Бастапқы жылдары тәжірибенің жетіспеушілігінен қиындықтар болды. Кез келген кәсіпте тәуекелге бармасаң жетістікке жету қиын. Алғашқыда жіберген әр қателігімнен сабақ ала бастадым. Арнайы күнделік толтырып, жіберген қателерім мен жеткен жетістіктерімді  түртіп қойып отырдым. Тәжірибені осылай жинадым. Былайша айтқанда, өмірдің өзі үйретті ғой, – дейді ол.

Тәжірибелі диқан ретінде көпшілікке танылып қалған Самат өз білгенін көпшілікпен бөлісіп отырады. Кәсіпкер өнімін Іnstagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы жарнамалап қоюды да ұмытпайды. Осылайша әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, өз тұтынушыларын да тауып жүр. Сондай-ақ, қызығушылығы бар жастарға жылыжай салудың қыр-сырын да үйретуден жалыққан емес.

Есік алдындағы жылыжайда көкөніс егудің тағы бір жақсы жері, үйдің де шаруасын қоса атқарып жүре бересің. Көкөніс өскен жердің ауасы да таза болады. Ең бастысы, бала-шағаңыз көкөністі егіс басынан, балғын күйінде жейді. Ендеше, не тұрыс, сіз де өз аулаңызды тиімді пайдаланып,  табыс табуға асығыңыз!

 

 

Пікір қалдырыңыз