Әскери қызметші «Shymkent Marathon» Республикалық жүгіру жарысында бақ сынады

HIGHT RACE – түнгі жүгіру сайысы және Атырау марафон сынды сайыстарда үздік үштіктің қатарынан көрінген.

Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған жеңіл атлетиканың майталмандары Шымкент қаласында салауатты өмір салтын насихаттау үшін ұйымдастырылған «Shymkent Marathon» республикалық жүгіру жарысында өз шеберліктері мен шыдамдылықтарын көрсетті. Аталған жарысқа әскерилерде белсене қатысты.
           
            Жарыс Shymkent City аумағындағы Бәйдібек Би монументінен басталды. Қатысушылар таңдау бойынша 5, 10 және 21 шақырымдық дистанцияға шықты. Биылғы жарыс өзгеше форматта ұйымдастырылды. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бір жолғы қатысушылардың саны 100 адамнан аспады. Старттық және мәрелік қалашықтардың аумағында бетперде режимі және күшейтілген санитарлық нормалар сақталды.
            Бұл сайысқа әскери қызметшілеріміздің бірі Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің үздік офицері аға лейтенант Сергей Садриев 21 шақырым дистанциясын 91 минут нәтижесімен үздік 10 спортшының қатарынан көрінді.
            Сергей осы уақытқа дейін көптеген жүгіру марафондарына қатысқан. Атап айтқанда, 2019 жылы Түркістан облысының күзгі қайырымдылық жүгіру сайысында 1-ші орынды иеленсе, HIGHT RACE – түнгі жүгіру сайысы және Атырау марафон сынды сайыстарда үздік үштіктің қатарынан көрінген.
             Аға лейтенант Садриев Сергей Сергеевич, 1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Көп балалы әке. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген. 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында қызмет етеді. Бұл спорт түріне 2012 жылдары Отар әскери базасында қызмет атқарып жүрген уақытында әуестеніп, кәсіби түрде айналыса бастады.
            «Спорт – денсаулық кепілі! Әрдайым қызметтен бос уақытымда жанұямызбен жүгіріп, шынығып дайындаламыз. Әрбір жарысқа барғанда жұбайым мен балдарым қасымнан табылып, маған демеу болып жүреді. Отан отбасынан басталады демекші, мен өз отбасыма үлгілі әке, қызметте үлгілі офицер болуға тырысамын», - дейді Сергей.
              Әрине, Сергей мақтауға лайықты спортшы және қызметте үлгілі әскери. Алдағы уақыттарда тек жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдіміз!
 
Пікір қалдырыңыз