«Ұрмаңдар, олардың жазығы жоқ!»

Белгілі әнші Байғали Есенәлиевпен бала күннен бірге өскенбіз. Төлеби ауданындағы «Майбұлақ» мектебінде оқыдық. Бүгінде ол актер, әнші, сазгер, драматург, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты өнер иесі. Алматыдан әр келген сапарында онымен мүмкіндігінше жолығып қалуға тырысамын. Ол да әңгімені нәшіне келтіріп айтады. Нағыз құйма құлақтың өзі. Сонысына қызығамын. Талай жыл араласып жүріп, оның 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқанынан бейхабар екенмін. Бірде осы тақырыпта әңгімелесудің сәті түсе кеткені...

– Байғали, білетіндер сені де ереуілге шыққан жастардың ішінде болды дейді. Рас па?

– Ол енді ұзақ әңгіме.

– Жалықпай тыңдауға бармын.

– Онда тыңда... Дінмұхамед Қонаев атамыздың орнынан алынғаны туралы суық хабарды «Қазақфильмнің» дубляж залында отырып естідік. Әртістердің бәрі төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды. Орнына Колбин деген біреуді қойыпты дегенді естігенде мүлдем ұнжырғамыз түсіп кетті. «Мына өмірде қазақтардың көзқарасымен ешкім санаспайтын үлкен державаның алдындағы құл-құтан екенбіз ғой» деген тікенек ой санамызды тілгілеп өтті. Әркім Брежнев алаңында басталған оқиға туралы естіген-білгенін айтып жатты. Сөздеріне қарасам, ешқайсысы алаңда болмаған, тек сырттай естігендерін ғана айтатын сияқты. Әсіресе, жастар жағы қалайда алаңға баруымыз керек екенін түйсіндік.

– Алаңға бардыңдар ғой...

– Түс шамасында келдік. Жиналған адамдармен бірге Фурманов көшесімен төмен түстік. Гоголь көшесімен солға бұрылдық. Сол кездегі «Юбилейный» дүкенінің алдында семіз қазақ әйелі орыс тілінде бұрқылдап аузына келгенін айтып жатыр екен. Не айтқанын түгел естімесек те, әйтеуір бізді ұнатпай тұрғаны түсінікті еді. Шетте кетіп бара жатқан жігіттерге сөзі өтіңкіреп кеткен болуы керек, ашумен әлгі әйелге тұра ұмтылды. Бірақ, топ бастап жүрген жігіттер басу айтып, оларды тоқтатты. Кетіп бара жатқан жастарға үй-үйдің терезелерінен дауыстап ұрсып жатқандар да болды. Сосын Желтоқсан көшесімен жоғары көтерілдік. Жол бойы әр-әр жерден әндер (туған жер, Отан тақырыбында) естіліп қалады. Есімде қалғаны – «Менің Қазақстаным». Мен бар даусыммен Мұхтар Шахановтың «Арман жолында» әнін айттым. «Бабамыздың намысындай, Кеуде керіп дала жатыр...» деп басталатын асқақ рухты ән. Қайырмасына келгенде, сөзін білмесе де жанымда келе жатқандардың біразы қосылып кетті. Біз айналып алаңға жеткенде сағат үш-төрттердің шамасы болып қалған еді.

– Бұл оқиғаның алғашқы күні ме?

– Иә. Алаңдағы халықтың саны бұл кезде кәдімгідей көбейіп қалыпты. Сырт жақтың бәрінде топ-тобымен торуылдап милиция тұрды. Мінбеге шыққан әртүрлі деңгейдегі басшылар микрофонмен жастарды сабырға шақырып, тарамаса жағдайдың қиын болатынын ескертіп жатты. Онсыз да ызалы жастарға олардың сөзі онша әсер еткен жоқ. Қорқыту-үркітуге толы қатқыл үндері керісінше жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ашуға мінген бір жігіт алдында тұрған офицердің қалпағын жұлып алып, лақтырып жіберді. Қас қарая бастағанда резеңке таяқ ұстаған сақшылар күш қолданып, жұртты таратпақ болды. Қолымызда дәнеңе де жоқ біз алғашында күтпеген шабуылдан сасқалақтап, бытырай бастадық. Сол кезде «Қашпаңдар!» деген дауыстар естілді. Сөйтсек, біраз жігіттер алаңның төменгі жағындағы аллеяның жақтауынан мәрмар тастарды опырып алып жатыр екен. Біз де үйлердің іргетасындағы, субұрқақтардың шетіне қаланған тастарды теуіп сындырып, сонымен қаруландық. Бірде олар, кейде біз шегініп, алма-кезек алға ұмтылдық. Үкімет үйінің шеткі терезелері сынды. Сағат түнгі он-он бірлер шамасында оларға қосымша күш келді. Саны бағанағыдан әлдеқайда көп жасақ Үкімет үйінің артқы жағынан қаптай шығып бізге қарай лап қойды. Кейбіреулерінің жетегінде ит бар. Қаптаған әскердің алдында қарусыз жастар не істей алсын?! Амал жоқ, ақырындап шегініп, соңы жаппай қашуға ұласты. Арт жағымыздан шыңғырған дауыстар естіліп жатты...

Сол түні әйтеуір Мир көшесіндегі 24-ші үйдің сегізінші қабатындағы 116 пәтерде түнеп шықтым. Сағат түнгі екі шамасында көшеден шыңғырған әйелдің, жанұшырған ер адамның даусы естілді. Жүгіріп балконға шықсам, көшенің жиегінде қолына қызыл шүберек байлаған «друженниктер» үш-төрт адамды аунатып тепкілеп жатыр екен. Тіпті қолдарындағы ағаштармен аямай ұрып жатты. Әлгі байғұстар «Меруерт» мейрамханасынан отырыстан шыққандар болуы керек. Сол үйдің тұрғындары балконнан «Ұрмаңдар, олардың жазығы жоқ» деп айқайлап жатты. Үйдегі тұрғындардан сескенді ме, жоқ әлде ұрып жатқан адамдарының қимылсыз қалғанын енді байқады ма, ерікті жасақшылар зым-зия жоғалды. Қозғалыссыз жатқан байғұстарды сәлден соң милиция алып кетті. Орындарында қарайып қанның ізі білінеді. Сол түні ұйқы болған жоқ. Әр-әр жерден түннің бір уағына дейін айғай-шу, автокөліктердің гүрілі, иттердің үрген даусы естіліп тұрды.

– Сол жылдарда газеттер желтоқсан оқиғасы туралы «алаңда маскүнем, нашақор жастар бұзақылық танытып, жаппай тәртіпсіздіктер жасады» деген мазмұндағы тақ-тұқ ресми ақпарат қана жариялағаны есімізде.

– Таңертең ерте тұрдым. Сағат таңғы алты шамасында Желтоқсан көшесімен жоғары қарай гүжілдеп үш-төрт автодүкен тәріздес жабық мәшинелер өтті. Сәрсен Ысқақов (арада бірер жыл өткенде белгісіз жағдайда қайтыс болды. Троллейбус басып кетіпті деп те есіттік) деген суретші жігіт екеуміз тез шығып, үй-үйдің арасымен өтіп, жаңағы мәшинелердің қайда бара жатқанын аңдыдық. Екеу-үшеуі алаңның Желтоқсан көшесі жағына тоқтады да көшеге кеспелтек темірлер мен ағаштарды шаша бастады, екінші көліктен солдаттар жәшік-жәшік арақ түсіріп, алаңның әр жеріне қойып жатты. Қағазға оралған заттарды да лақтырып жатқанын (ол кезде «есірткі» дегенді естімеген кезіміз) көрдім. Жаңағы айтқан сөзіңнің жаны бар. Өздерінің қанды қылмыстарын жасыру үшін әлгіндей қитұрқы әрекеттерге барды ғой. Фурманов көшесіне де апарған болуы керек. Кейінірек жастар алаңға қайта жинала бастадық. Әлдекімдер әлгі арақтарға тұра ұмтылғанда, ештеңеге тимеулерін, оларды таңертең әдейі әкеліп тастағанын айттық. Осы ескертуден соң ешкім ол жаққа қарап аяқ баспады.

– Жадыңда қандай сәттер сақталып қалды?

– Қырғынның ертесіне алаңға келе жатқанымызда бір оқиға өшпестей есімде қалып қойды. Абай даңғылының Желтоқсан көшесіне бұрылатын тұсынан бастап кейбіреулерінде оргстекло, кейбірінде көз тұсында көп тесігі бар үлкен темір қалқан ұстаған солдаттар тұрған. Солардың арасындағы қазақ жігіттеріне деген ызамыз шексіз еді. Қазір ойлап қарасам, ол байғұстар да зорлықпен-ақ тұрған екен-ау. Кенет жап-жас бір қазақ солдатының тістеніп жылап тұрғанын көріп, жүрегім шым ете қалды. Көзін көлегейлеп, жүзін жасыруға тырысқанымен, бетін жуған жасын көрдік. Мен де жылап бара жаттым.

Желтоқсанның бойында Сәтбаев көшесінен Абай даңғылы бағытында 32-ші автобус тоқтайтын аялдама болатын. Сол жерде топталып тұрған адамдарды байқап, Сәрсен екеуміз соларға жақындадық. Таңертеңмен дүкенге шыққан қарттар, автобус күтіп тұрған жолаушылардың басым көпшілігі орыс ұлтынан еді. Орталарында басында сұр папахасы бар, үстіне шинель киген орыс офицері аузы тынбай сөйлеп жатыр.

– Түнде бұл оңбаған қанішер калбиттер орыс балабақшаларына кіріп, көптеген орыс балаларын өлтіріп тастапты, – деген сөзін анық естідік. Жиналғандар «ужас!» деп жағаларын ұстап, шоқынып, қарғап-сілеп жатыр. Біз жақындап келгенде әлгі офицер тілін тістей қойды. Сәрсен орысшаға жетік еді.

– Мынауыңыз қалай? Сіз офицер емессіз бе? Неге өтірік айтасыз?! – дей бергені сол еді, аялдамадағылар Сәрсеннің өзіне дүрсе қоя берді. Түндегі шайқастан соң алаңға қарусыз баруға болмайтынын біліп, курткамның ішінен қарым мен білегіме қалыңдап қағаз орап алғам. Сосын дүкенге баратын тор сеткаға қағазға оралған жұдырықтай тас салып алған болатынмын. Әлгі офицер қашығырақта тұрған солдаттарға айқайлай бергенде, айналдырып бір ұрдым. Оң жақ шекесінен оңбай тиді. Сәрсенге қарауға шама жоқ, ұстамақ болғандарды итеріп жіберіп, алды-артыма қарамай қаштым. Соңымнан етіктері тарсылдап солдаттардың қуып келе жатқанын анық естідім. Қазіргі Ұлттық кітапхананың тұсында алдымнан қарсы шыққандарды көріп, солға қарай бұрылдым. Абай даңғылынан аттап-бұттап өте шығып, Лермонтов театрының төменгі жағындағы жарқабақтан төменге зуылдап түсіп, сол кездегі «Пионер» дүкенінің жанындағы үлкен шыршаның түбіндегі күртік қарға сүңгіп кеттім. Адасып қалды ма, жоқ әлде іздегілері келмеді ме, ол жағын әлі күнге дейін түсінбеймін. Әйтеуір, қолға түспей аман қалдым. Егер де сол сәтте қолдарына түссем, оңдырмас еді. Өйткені, әлгі офицерге тиген соққы жастық шағымды түрмеде өткізуге, өмірімді өксітуге толық жететін. Бұл туралы күні кешеге дейін тіс жаруға қорықтым.

Алаңға бізді апарған ұлттық намыс пен жастық жалын еді. Шовинист офицердің сыбағасын бергеніме өкінбеймін.

– Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

1 пікір

  • Гүлсім
    Гүлсім

    Осындай елдің қамын ойлайтын, қазақ елі үшін шырылдап шындықты айтатын ағаларымыз көп болсын.

Пікір қалдырыңыз