Аталар аманатына адалдық

Тарихымызды таразылап, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі болып 1979 жылдың 11 мамырында құрылды. 1982 жылдан бастап Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын қорық-музейі мәртебесіне ие болды. Үкіметтің 1998 жылғы №1335 қаулысына сәйкес Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекемеге айналып, 1999 жылы 27 сәуірде қайта тіркелді. Осы ретте Қазақстан музейлерінің жұмысын жан-жақты дамытуда, музейлер ұйымдастырып, мамандар даярлауда мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жұмыстарын айта кеткен жөн. Өзбекәлі аға музей экспозициясын жасақтады және Отырар қорық-музейінің ауласындағы қоржын үйді салдырды. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ашылған алғашқы жылдары жергілікті ұстаз, өлкетанушы, республикамызға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Асантай Әлімов көп еңбек сіңірді. Қазіргі таңда музей – республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттейтін, қазба жұмыстарын жүргізетін, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар, халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме. Мұнда осы міндеттерді жүзеге асыратын бірнеше бөлім жұмыс істейді. Олар: археология, тарихи ескерткіштерді қорғау, реставрация және консервация, қор сақтау, этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар, экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс ғылыми-зерттеу бөлімдері және кітапхана.

Музей ғылыми-зерттеу орталығы болғандықтан, ең алдымен музей қорын жасақтау, ондағы коллекцияларды толықтыру, музейлік коллекциялар мен заттарды ғылыми айналымға енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп келеді. Қорды жасақтау үшін этнографиялық, фольклорлық және археологиялық экспедициялар ұйымдастырылады. Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелерінің Отырар оазисіндегі және Қазақстанның басқа аймақтарындағы зерттеулеріне қатысу арқылы қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстары аясын кеңейту жоспарланып, Отырар өңірінен шыққан ақын-жазушылар шығармашылығы, мәдениет және өнер қайраткерлері туралы зерттеулер жыл сайын жалғасын тауып келеді.

Музей қорындағы жәдігерлер археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттар және этнографиялық экспедиция барысында, ел арасынан жиналған бұйымдар мен музейге сыйға берілген жәдігерлерден құралған. Қазіргі таңда музей қорындағы жәдігерлердің жалпы саны – 24538. Олардың 21892-сі негізгі қорда, 2646-сы қосымша қорда. Жәдігерлердің 12239-ы археологиялық, 11847-сі этнографиялық және 268-і көне кітаптар мен қолжазбалар болып табылады.

ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы ету жөніндегі тарихи шешімі біз үшін қуанышты оқиға болды. Түркі әлемінің алтын бесігіне айналып, рухани-мәдени астанасы болған қалаға келуші туристердің саны жылдан-жылға арта түсуде. Бұл біздің қазақ өркениетінің алтын діңгегі атанған Отырар жеріне де оң ықпалын тигізеді. Өйткені, Отырар жеріне бұл күндері жер жүзінің ғалымдары мен саяхатшыларының қызығушылығы артуда. Түркістанға келген туристер Отырарға да ат басын бұратындығы анық. Мысалы, 2019 жылы бізге 485000 турист келсе, оның ішінде 11000-нан астамы шетелдіктер. Демек, алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Келушілерге кешенді қызмет көрсететін және тарихи құндылықтарымызды насихаттайтын, тарихи-мәдени мұраларымызды зерттейтін «Сапар» орталығы салынды. Орталық көне Отырар қалашығы маңынан бой көтерді.

Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерге насихаттау, қорық-музейдің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновацияларды дамытып, туристерге қолайлы жағдай жасау жоспарланған.

Орталықтың бірінші қабаты туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Яғни демалыс орындары: балалар алаңы, коворкинг алаңы, тағы басқа орындар қарастырылған. Ал, екінші қабатта көне Отырар қаласының бес кезеңі, атап айтқанда, II-VI ғасырлардағы Отырардың құрылуы, IX-XII ғасырлардағы Отырардың өркендеуі, XIII ғасырдағы Отырар апаты, XIV ғасырда Отырарды қайта қалпына келтіру кезеңі және қазақ хандығы кезеңіндегі Отырар бойынша экспонаттармен жабдықталған.

Отырарды ұлылардың Отаны деп бекер айтпайды. Ұлылардың басында Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың тұрғаны белгілі. 2019 жылы тамыздың 26-сы күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №133 Жарлығы шығып, күллі түркі жұртының мақтанышы, екінші ұстаз атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы пәрмені жарияланды. Осы Жарлыққа сәйкес, «Сапар» орталығында әл-Фараби залы ашылды. Фарабитану ғылымын пайдалана отырып, ұлы тұлғаға қатысты ғылыми және заттай деректерді мейлінше мол көрсету – залды ашудағы басты мақсат болатын.

Биылғы 13 қараша күні «Сапар» орталығы экспозициясының және Әбу Насыр әл-Фараби залының ресми ашылуы өтті. Осы іс-шара аясында «Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция ұйымдастырылды. Конференцияның мақсаты – еліміздің археология саласының жетістіктерімен таныстыру, археология ескерткіштерін зерттеу, сақтау тақырыбында тәжірибе алмасу, Отырардағы реставрация нәтижесімен бөлісу болып табылады. Еліміздегі белгілі ғалымдардың, музей қызметкерлерінің қатысуымен өткен конференцияда Отырардың тарихы, қазіргі жай-күйі және болашағы туралы, ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби және басқа да ғұламалар жайлы баяндамалар оқылып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Биыл Отырар қалажұртындағы нысандарды қайта жаңғырту мақсатында кең ауқымды археологиялық және реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Осы жұмыстар барысында Отырардың оңтүстік-батыс қақпасының оң және сол жағындағы шахристанның қамал қорған қабырғасы аршылып, реставрациялық жұмыстар басталды. Шахристанның ішкі бөлігінде оңтүстік-батыс қақпа мен солтүстік қақпаны байланыстырып жатқан магистральды көше толығымен археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталып, магистральды көшенің екі қапталында орналасқан бірнеше тұрғын үй орамдары, шеберхана орындары анықталды. Аршылған тұрғын үй орамдарының орнына, магистральды көшеге реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. Отырардың шахристан қамалының солтүстік қақпасы археологиялық қазба жұмыстары барысында толығымен анықталып, реставрациялық жұмыстар жүргізуге дайындалды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша ертеректе аршылған, XIV-XV ғасырларға қатысты жұма мешіттің орнына және оңтүстік-шығыс қақпаның ішкі бөлігіндегі тұрғын үй орамына консервациялық және реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, Отырар қалажұртында ХІІ-ХІХ ғасыр аралығындағы солтүстік және оңтүстік қақпаларын, ежелгі тұрғын кварталдарын, мешіт, монша, магистральды көше, қыш шеберханасы, бекініс қабырғаларын қалпына келтіру бағыттарындағы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Мәселен, бүгінде Отырар қалажұртының оңтүстік қақпасынан басталатын тарихи қалалық бас жол қалпына келтіріліп жатыр. Қалашыққа осы бас қақпадан кірген бетте басты жолмен жүретін турист немесе келуші жолдың екі қабатында орналасқан ежелгі тұрғын-жайлармен таныса алады.

Жалпы, биыл Отырартөбедегі 3 жылға арналған ауқымды реставрация жұмыстары басталды. Бұл жоба Ұлы Даланың терең тарихынан сыр шертетін нысандарды қайта қалпына келтіріп, туризм саласын жандандыруға бағытталған.

Қысқасы, өскелең ұрпаққа өткенімізді дәріптеп, ата-баба аманатын жеткізу үшін өзіндік үлесімізді қоса береміз. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстарды дамытып, жалғастырып, жандандыра беру – біздің басты міндетіміз.

Жангелді МАХАШОВ, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК директорының міндетін атқарушы.

 

 

Пікір қалдырыңыз