Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ: «Жан-жақты зерделеуден өткізу керек»

Есімдері елге белгілі ғалымдар мен жоғары оқу орындарының басшылары Оңтүстік өңірге, шырайлы Шымкентке іссапармен келіп отыр. Біздің тілшіміз делегация құрамындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Кәрімбек Құрманәлиевпен жолығып, іссапардың мән-жайын сұраған еді...

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, оқырмандарымызға сапарларыңыздың мақсатын айта отырсаңыз...

– Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңадан мақұлданған мемлекеттік бағдарламасында қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсаты айқындалғанын жақсы білесіздер. Бағдарлама нәтижесінде күтілетін сапаны қалай қамтамасыз ету мәселесі төңірегінде келелі әңгіме жасап, Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар енгізу үшін Халықаралық Силквей (Жібек жолы) университетінің «Жоғары білім сапасы – елдің зияткерлік дамуының кепілі» тақырыбындағы конференциясына арнайы келіп отырмыз.

– Жиынға қатысушылардың әлеуеті жөнінде, қатысуға тілек білдірген білім және ғылым ұйымдарының өкілдері туралы да біле отырсақ...

– Ғылыми жиынға алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары мен отандық мамандар қатысып, жоғары білім сапасына қатысты ой-пікірлерімен бөліседі деп күтілуде. Еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, жоғары білім беру саласының мамандары, профессор-оқытушылар өз ойларын ортаға салатын болады. Сондай-ақ, конференция аясында Боливар атындағы Перу жоғары технологиялық білім институты, Қырғыз халықаралық университеті, Франция елшілігі жанындағы альянспен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою күтілуде.

– Конференцияның негізгі мақсаттары мен күтілетін нәтижелеріне нақтылай тоқтала кетсеңіз дұрыс болар еді.

– Жалпы, жоғарыда айтқанымдай, білім беру мен ғылымды дамыту туралы мемлекеттік бағдарламада көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін атқарылар іс-шараларды тиянақтау қажет болып тұр. Жоғары білім беру саласының өзекті мәселелері, мемлекеттің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру мен дамытудағы жоғары білімнің рөлі мен маңызы туралы ғалымдардың зерттеу нәтижелері мен тәжірибелі мамандардың ой-пікірлері ортаға салынбақ. Мұның барлығы «ақылдасып пішкен тон келте болмас» үшін жасалынып жатқан тірлік.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жоғары оқу орындарында мамандар даярлаудағы кемшіліктерді атап-атап көрсетті. Ол жөнінде не айтасыз?

– Университет түлектерінің жұмысқа орналасу пайызының төмендігі, сапалы білім бермейтін, тек диплом берумен шектелетін жоғары оқу орындарын қысқарту туралы Президенттің өзі тапсырма жүктегені – мемлекеттік маңызы зор мәселе екенін аңғартса керек. Ендеше, Мемлекет басшысы көрсеткен көкейтесті мәселелерді жүзеге асыруда бірінші болып қолға алынуы тиіс іс-шаралар қатарында білім бағдарламаларының сапасы, оның жұмыс берушілерді қанағаттандыруы болу керек. Соңғы кезде тапсырманы орындау аясында 2-3 университеттің жабылғаны және бірнеше жоғары оқу орындарында 25 мамандықтың лицензиялары тоқтатылғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Біздің ойымызша, Білім және ғылым министрлігі университеттердің бас лицензиясын тоқтатпай, сондағы біліктілігі қанағаттандырмайтын мамандықтардың лицензиясының күшін жоюдан бастағаны жөн болар еді. 50-60 мамандықтың ішіндегі талапқа сай келмейтін 5-6 мамандық үшін, жалпы жоғары оқу орнының бас лицензиясын алып қою – мәселенің дұрыс шешімі деп айта алмаймыз.

– Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын лигаға бөлу бойынша 4 санатты белгілеп отыр. Сіздің жеке пікіріңіз қандай?

– Иә, Президенттің жоғары оқу орындарын лигаға бөлу тапсырмасын орындау мақсатында Білім министрлігі жариялаған бірінші санат – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ЖОО-лар. Екінші санатта – ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындары болмақ. Оларға да бірінші санаттағы жоғары оқу орындарымен бірдей академиялық еркіндік беріледі. Үшінші санатқа келсек, өңірлік немесе салалық жоғары оқу орындары академиялық еркіндіктің үлкен көлемін иеленеді. Аталған үш санатқа кірмейтін өзге оқу орындары төртінші санатқа топтастырылып, олар толық көлемде тұрақты мемлекеттік бақылауға алынатыны айтылған. Ал, менің жеке көзқарасымды білгіңіз келсе, жоғары оқу орындарын лигаға бөлу мәселесін мен айтып, жазып жүргендей, елімізде мамандандырылған университеттер құрудан бастау керек. Өйткені, мамандықтар арасындағы бәсекелестікті күшейту арқылы жоғары білім сапасын арттыруға болатынын айтқым келеді.

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім департаментінің директоры болған кезіңізде де жоғары оқу орындарын оңтайландыру жүргізілген еді ғой. Сол кездегі оңтайландыру мен қазіргі жоғары оқу орындарын жабу арасында қандай айырмашылық бар?

– Негізі, ел дамуының басым бағыттарының бірі – жоғары білім сапасы екені белгілі. Ендеше, білім нарығында тек қана сапалы білім беріп, бітірушілері бағдарламада көрсетілген нәтижелік тиімділігін көрсететін университеттер ғана қалу керек. Сондықтан, саяси тұрғыдан айтарлықтай айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Тек жоғары оқу орындарын жабудағы ұстанымда өзгешелік бар екенін айтқым келеді. 2007 жылғы оңтайландыру нәтижесінде 35 жоғары оқу орны мен 82 филиалдың қысқаруын қамтамасыз етіп едік. Қазіргідей, қайталап айтамын, университеттерді бас лицензиясынан айырмай, жоғары оқу орындарының құрылтайшылары мен ректорларын бірнеше рет жинап, ақылдасып, пікір алмасып, мамандықтары ұқсас бірнеше жоғары оқу орындарын біріктіру барысында бір жетекші жоғары оқу орнын қалдыру мәселесі мәмілемен, ортақ ұйғарыммен шешілген еді. Ал, филиалдарға келсек, Білім туралы заңға филиалдарда әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар ғана бойынша білім беруге болатыны, ал, үшінші-төртінші курсты жоғары оқу орнының өзінде тәмамдау керектігі жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң университеттер тиімсіз деп филиалдарын өздері жапты. Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан мемлекеттік маңызы зор мәселеде, ел ішінде университеттердің жоғары білім беру сапасының біліктілік талаптарына сай келмейтіндігі жөнінде ақпаратты жұртшылыққа жеткізу жағы кемшін болып тұр. Содан да ел арасында екіұдай пікір қалыптасып отырғанын жасыруға болмайды. Оған нақты мысал ретінде министрліктің 90 жылдық тарихы бар Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиядан айыру әрекеті айқын дәлел. Басқа жабылған жоғары оқу орындарын айтпағанның өзінде, тілге тиек болып отырған академияның қандай кемшіліктер жібергені, оны жою жолында жасалынбаған іс-әрекеттері бұқаралық ақпарат құралдарында нақты мысалдармен негізделіп жариялануы керек еді. Олай болмады, көпшілік академияның тыныс-тіршілігі туралы жарияланған жағымды ақпараттарға сүйеніп, министрлік аталған жоғары оқу орнын орынсыз кінәлап отыр деген ойға келуі мүмкін. Көптің көкейіндегі мәселеге толыққанды ақпараттың жоқтығы – майға от құйғандай болып отыр. Ендеше, университеттерді жабу алдында, тексерушілер анықтаған кемшіліктерін ашық ақпарат көздерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, екінші тараптың хабар тарату құқығын сақтай отырып, көпшілікке ұсыну керек. Көзіқарақты халық содан кейін кімнің – ақ, кімнің – қара екенін өздері-ақ айқындап алар еді. Мен де маман ретінде жоғары оқу орындарын жаба салу, бас лицензиясын ала салу – оңай шаруа емес екенін, түпкілікті шешім қабылдауда жан-жақты зерделеуден өткізу керектігін айтқым келеді. Әрине, қоғамға сапалы білім беретін университет керек.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп-көп рахмет! Ертең өтетін ғылыми жиында да жоғары білім сапасын арттыру бойынша жүргізілген зерттеулер мен тұжырымдар толыға түсетініне күмәніміз жоқ. Конференция жұмысына табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰЛБЕК.

 

 

Пікір қалдырыңыз