Жаңа бағыттар тек алға жетелейді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын ерекше ықыласпен қабылдадық. 11 бағыт бойынша аса маңызды міндеттерді айқындап берген стратегиялық құжат бүгінде жіті талқыланып, отандастарымыз тарапынан жан-жақты қолдауға ие болуда.

Мемлекет басшысы Жолдауында қазір ең бір қиын кезеңдерден өтіп жатқанымызды айта отырып, сындарлы шақта бар күш-жігерлерін сарп етіп еңбек еткен дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге, сондай-ақ, жағдайға бей-жай қарамаған барша азаматтарға алғысын жеткізді. «Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Қазақстан жаңа әлемде өзіндік лайықты орнын алуға тиіс. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз» деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Сарабдал басшы әуелі мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінің негізгі қағидаттары мен өзгерістеріне тоқталды. Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керектігін айтты. Мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту арқылы да жұмыс істей алатынымызды ескертті. Биыл мемлекеттік қызметкерлер саны 10 пайызға дейін, ал, келесі жылы 15 пайызға дейін қысқартылатын болды. Үнемделген қаражат есебінен қызметкерлердің жалақысы өспек. Сондай-ақ,

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап балдық-факторлық жүйе енгізілмек. Бұл жоба мемлекеттік қызметкерлердің өз істеріне деген қызығушылығы мен құлшынысын арттыратынына сенімдіміз. Мемлекет басшысының Жолдауда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатынын айтқандығы халықты тағы бір қуантқан жай болды. Президент тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың баспана мәселесін жедел шешу керектігін ескертті. Сонымен бірге отбасылық-демографиялық ахуалды да назардан тыс қалдырмаған сарабдал басшымыз көптеген жарым көңіл шаңырақ иелерінің көңілдеріне үміт отын жақты. Қасым-Жомарт

Кемелұлы Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмау салдарынан ажырасып кетіп жатқанын қынжыла айтты. Сол себепті Үкіметке «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Өзге де бағыттар бойынша кемшіліктерді сынға алып, жаңашылдықтарды ұсынған ел Президенті қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың уақтылы орындалуын қадағалап отыратынын айтты. Бұл шешімдер дағдарыстан кейінгі жаңа әлемнің жаңа келбетіндегі Қазақстанның бейнесі болмақ. Сол себепті де сіз бен біз Жолдауға қолдау білдіріп, тиісті ұсыныстар мен тапсырмаларды мейлінше дұрыс орындауға міндеттіміз.

Ерлан КҮЗЕМБАЕВ, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары.

 

 

Пікір қалдырыңыз