Көптің көңілінен шыққан құжат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоғамда қордаланған проблемалар ашық айтылып, қазіргі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайға жан-жақты талдау жасалып және оны оңалту бағытында нақты міндеттер қойылған. Сондай-ақ, халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың алғышарттары көрсетілген.

«Заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуі керек» деп баса айтқан Мемлекет басшысы мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылауды күшейтуге арналған «Қоғамдық бақылау туралы» Заң әзірлеп, оны қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, ел Президенті Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру жөнінде, оларды сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында сатып алуды (мемлекеттік сатып алуды) ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына кеңінен тартуды, мәслихаттарға өңірді дамытуға және ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау мен петиция жасау құзыретін беру жайында, әсіресе, халықтың сұранысын ескере отырып, ауыл әкімдерін тікелей сайлау, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру арқылы тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсау туралы айтқандары елдің көкейіндегі ойды дөп басты деп ойлаймын.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүргендіктен шағын және орта бизнеске қатысты Жолдауда айтылған қолдауларға қатысты да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Шын мәнінде пандемияның зардабы кәсіпкерлерге ауыр тиді. Көпшілігі жабылып немесе уақытпен шектеліп, қаржылық қиындықтарға тап болған уақытта мемлекеттің қолдауы аса қажет еді. Шағын және орта бизнеске салық жеңілдіктері берілді, оларды төлеу мерзімі ұзартылды, айналым қаражатын көбейту бойынша арнайы бағдарлама қабылданды және қазіргі күрделі жағдайға қатысты қосымша 200,0 млрд. теңге бөлу арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800,0 млрд. теңгеге дейін жеткізуге тапсырма берілді. Сонымен қатар экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерге алған несиелеріне 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия берілуі – оларға кәсібін қайта жандандыруға үлкен көмек болғаны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл Жолдауы елдің игілігіне бағытталған, уақыт талабы мен қоғам үмітіне жауап беретін тарихи зор құжат болды.

Сылқынбек СПАБЕКОВ, Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы Бәйдібек аудандық филиалының директоры.

 

 

Пікір қалдырыңыз