Компаниялардың табысы ғылымды қаржыландыруға жұмсалуы тиіс

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын тыңдап, шешімін күтіп тұрған бірқатар күрделі мәселелердің бар екеніне көз жеткіздік. Мемлекет басшысы ел ішінде болып жатқан түрлі жағдайлардың ақ-қарасын ажыратып берді. Президентіміз әлемді шарпыған пандемияның басқа мемлекеттер секілді бізге де үлкен сынақ болғанын айта келе, Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білгенін, қиын сәтте бірлік пен татулықтың аса маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Жолдауда мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан бастап, басқа да органдар салаларының дамуына байланысты тиісті бағыттар көрсетілді.

Ауыл шаруашылығы саласын көтеру мемлекеттің болашағы үшін маңызды. Кез келген ұлттың тамыры ауылдан бастау алады. Сондықтан Президент ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізу керектігіне ерекше тоқталды.

Жолдауда кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылды. Кәсіпкерлерге қолдау білдіру арқылы ел тұрғындарының әлеуметтік-материалдық жағдайларының жақсаруына мүмкіндік беріледі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі білім саласын да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, бүгінгідей онлайн түрде білім берудің өзіне тән машақаты шығып тұрған кезде жастардың сапалы білім алуы өте өзекті мәселе болып отыр. Білімді жастар – жарқын болашағымыз. Сондықтан Президент білім, ғылымды қолдау бағытында Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Еліміздегі ірі кәсіпорындар мен шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты ғылымды қаржыландыруға жұмсалуы қажеттігін атап өтті.

Президент біздің әрбіріміз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керектігін де айтты. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап ететіні белгілі. Еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты.

Валида ЛАЛИЕВА, №37 жалпы орта мектебінің кітапханашысы. Сайрам ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз