«Абылай ханның арманын орындап жатырмыз»

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Түркістан: Көне мен келешек көпірі» деректі фильмінде қазақ халқы қазіргі таңда Абылай ханның үш арманын орындап жатқанын мәлім етті» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістанды көтеру – біздің халқымыз үшін қасиетті мәселе, біздің парызымыз. Бұл біздің көне, тарихы тереңде жатқан қаламыздың бірі. Басқа елге барсаң мысалы, Ресейдің Мәскеуден басқа Санкт-Петербургі бар. Түркияның Анкарадан басқа Ыстамбұлы бар. Бізде Алматымыз да бар. Енді барып келетін Түркістанымыз да бар деп отырмыз. Сөйтіп-сөйтіп ел өркендейді, жер өркендейді. Екінші жағынан Абылай ханның арманын орындап жатырмыз. Қала сала алмадым деп кетті. Қазақты жерге жұмыс істеп үйретпедім деп кетті. Басын қоса алмадым деп үш арманымен өмірден өткен. Қала салу сол ата-бабамыздың арманын орындаумен бірдей. Тәуелсіздігіміз де солай» деді Елбасы.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ «Түркістан: Көне мен келешек көпірі» деректі фильмінде Түркістан қаласын дамытуға қанша қаражат бөлінгенін айтып берді.

«Астананы салған қаражат баяғыда өзін-өзі ақтады, қазір бұл қала бюджетіне ақша құятын донор болды. Сол сияқты бірінші кезеңде Түркістанға 350 млрд. теңге жұмсалатын болды. Оның 50 пайызын жекеменшіктер бизнес ретінде салып жатыр. Сондықтан оның ауыртпашылығы болмайды деп ойлаймын. Бұл да бір үлкен қала болған соң барлығы атсалысады. Себебі, Түркістанның тұрған жері – қалың жұрттың ортасы, қазақтың қаймағы бұзылмаған, ғұрып-салттарды сақтайтын елдің ортасы» деді Н.Назарбаев.

Оның айтуынша, облыс орталығы атанған екі жылда 160 нысанның жартысы салынып бітті. Оның ішінде әкімшілік ғимараты, қазақ драма театры, Конгресс-хол, 10 мың орынды стадион, Жастар сарайы бар.

Бас жоспарға сай 2050 жылы Түркістан тұрғындарының саны 500 мыңға жетуі тиіс.

Сонымен бірге, Түркістаннан Ташкенте теміржол салынып, Самарқан, Бұқара, Ташкент, Шымкент, Түркістан қалаларынан үлкен шеңбер жасалмақ.

 

 

Пікір қалдырыңыз