Қамқорлық қайтарымдылығымен құнды

Пандемия жалғыз Қазақстан емес, барлық мемлекеттер үшін үлкен сынақ болып отыр. Індетпен күрес жолында көп қиындықтарды бастан өткеріп келеміз. Қиындықтар, әсіресе, білім саласында қатты анғарылуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы қыркүйекте халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында білім саласында атқарылуы тиіс жұмыстарға арнайы тоқталды. Қашықтықтан оқытуда кетіп жатқан кемшіліктерді атап, бірқатар міндеттер жүктеді. «...Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы қажет» деді. Білім саласында ұзақ жылдар бойы тер төгіп келе жатқандықтан, осы салаға қатысты пікір білдіруді жөн санап отырмын.

Еліміздің ертеңі – жастар. Келешек – солардың қолында. Басты капитал білім десек, кейінгі ұрпақтың сауатты, жан-жақты, интеллектуалды болуы – баянды болашағымыздың кепілі. Осы орайда Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек» деген сөзі еске түседі.

Расында да, бәсекеге төтеп бере алатын ел боламыз десек, Жолдауда айтылғандай, білімді, ғылымды жетілдіру мәселесіне баса назар аударуға тиіспіз. Мемлекеттің экономикасы мен ел басқару жүйесін түбегейлі өзгертудің қажеттілігін өмірдің өзі талап етіп отыр. Президентіміз елдің дамуы жан-жақты сарапталған реформалар жасауға байланысты екенін атап өтті. Алайда, соңғы жарты жылдағы әлемдегі індет, дағдарыс біздің осал тұстарымызды айқын көрсетіп берді. Жасыратыны жоқ, коронавирус індетінің салдарынан мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Жұмыс істеу тәсілі мен мазмұны түбегейлі өзгеріп жатыр. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыру амалсыздықтың әрекеті болып отырғанын көріп-біліп отырмыз. Қателіктер де кетіп жатыр. Ашығын айтқанда, нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермей отырғаны және ақиқат. Мұның өзі елеулі қиындықтар туғызуда. Білім сапасы туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Әрине, әдеттегідей сабаққа тұрақты қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың жөні бір басқа. Президент өз Жолдауында соның орнын толықтыруды ұсына отырып, өскелең ұрпақтың оқуына, үздіксіз білім алу және ғылым саласында жетістіктерге жету үшін барлық жағдайды жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы келер жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артатынын, алдағы уақытта бұл игі үдеріс жалғасын табатынын жеткізді. Бұл үшін мемлекет тарапынан алдағы 3 жылда 1,2 триллион қаржы қарастырылып отыр. Мұғалімдердің айлық жалақысын көтеру мәселесі өте орынды. Бұл мемлекетіміздің педагогтарға жасап отырған шынайы қамқорлығының айқын көрінісі. Қамқорлық қайтарымдылығымен құнды. Елімізде карантинге байланысты қашықтықтан оқыту әлі де жалғасып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ұстаздар әрбір сабаққа арнайы дайындалып, барынша ізденімпаздығын, біліктілігін көрсетулері қажет. Қашықтықтан дәріс берсе де мұғалімдер оқушыларына біліммен қатар тәрбие де бере алады.

Сондықтан Президентіміздің жаңа экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайға байланысты ел тағдырын жан-жақты талдап, дамудың стратегиясын айқындап берген Жолдауын толық қолдап, одан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолында барлық біліміміз бен тәжірибемізді жұмылдыра білейік!

Саттар ҚУАШБАЙ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, эконономика ғылымдарының докторы, профессор.

 

 

Пікір қалдырыңыз