Мақсат айқын, міндет көп

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы мемлекеттің барлық негізгі құрылымдарының қызметін шынайы бағамдап, елдің әл-ауқатының одан әрі өсуінің негізгі векторларын анықтап берді. Президент мемлекет пен қоғам өмірінің әр саласына қатысты ой-пікірлері мен тың идеяларын, ұсыныстары мен тиісті органдарға арналған тапсырмаларын ортаға сала келіп, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға тиянақты жауап берді.

Жолдау – жаңа кезеңдегі тәуекелдер мен ауыртпалықтардың алдын алып, оларды еңсеруге бағытталған мемлекеттің кешенді жобасы. Бұл құжат алдағы жылдары атқарылатын жедел іс-қимылдар мен оң өзгерістердің нақты алғышартына айналады. Жолдаудағы айтылған негізгі міндеттер тізбесі еліміздің пандемиядан кейінгі кезеңдегі қалыбын айшықтап тұр. Яғни мемлекет:

– бұдан әрі де әлеуметтік ұстаным дәстүрінен айнымайды;

– саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы сабақтастық одан әрі жалғасады;

– заң үстемдігіне қол жеткізу басымдық болып қала береді;

– жемқорлықпен күрес тоқтаусыз жүргізіледі;

– ең бастысы, «мемлекеттің бірінші құндылығы оның қарапайым азаматтары» дейтін қағида мызғымайды.

Қ.Тоқаев ұсынған орасан әлеуметтік көмектер пакеті еліміздегі жағдайдың күрделілігіне қарамастан, оны оңалтуға мемлекет ресурсының толық жеткілікті екенін анық аңғартады. Осының айғағы ретінде пандемия басталғаннан бері халықтың әлеуметтік жағдайы мен денсаулығын қолдау бойынша біршама шаралар қабылданып, уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам отандасымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алып, бұған 450 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалғанын, миллионннан астам азаматқа азық-түлік және тұрмыстық заттар пакеті берілгенін атап айтуға болады.

Президент өз Жолдауында ұлттық экономикамыздың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту жөнінде ойларын айтып, ауыл шаруашылығы саласында жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы проблемаларын сынға алды. Шикізат өндірумен шектелмеу үшін логистика және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау, кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тоқталып, көптен бері азаматтарымызды елеңдетіп жүрген мәселе – еліміздегі жерлердің шетелдіктерге сатылмайтынын нақты атап өтті.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Үкіметке бизнеспен бірлесіп, сапалы жаңа Ұлттық жобаны дайындауды тапсырды.

Коронавирус салдарынан мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Осыған байланысты толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажеттігін тапсырып, балалар қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы біліммен қамтамасыз етілуі қажеттігін нақтылады. Білім саласындағы басты проблеманың бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Келесі жылдан бастап мұғалімдердің еңбекақылары 25 пайызға көбейеді. Осы мақсатқа алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге бөлінеді. Бұл осы сала қызметкерлеріне деген үлкен қолдау деп ойлаймын.

Мемлекеттік басқарудағы жаңа модельдің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Бұл мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне, сондай-ақ, оларды орындау жауапкершілігіне көзқарасты өзгерту үшін қолға алынған еді. Президент өз Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тағы да кеңінен тоқталды. Өйткені, елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құрудың алғышарттары бар. Ол – ауыл әкімдерін сайлау, инфрақұрылымдық, әлеуметтік бастамаларға аудандар мен ауылдық округтердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізу, халық бюджеті ұғымын қолданысқа тереңірек енгізу. Сондай-ақ, мәслихаттардың қоғамдағы рөлін, құзыреттілігін күшейту, ашықтығын қамтамасыз ету, петиция институтын заңды түрде дамыту, осы арқылы өңір мен орталық арасындағы байланысты жетілдіру, өзін-өзі басқару институтының бейнесін жаңғырту, оның даму жөніндегі түбегейлі тұжырымдамасын әзірлеу. Мәслихат сессияларында «онлайн трансляция» жүйесін қолдану мәслихат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, депутаттарымыздың да өз өкілеттіктеріне жауапкершілігін арттыратыны анық.

Президент атап өткендей, егер азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Сондықтан мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұң-мұқтажын, халықтың үнін ескеруге бағытталып тұр. Басты міндетіміз – билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату.

Осы орайда негізгі өзгерістер өңірлерден бастау алады. Біздің Қазығұрт ауданында келесі жылы бірнеше ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізу маңызды болмақ.

Елімізде мемлекеттік қызметшілердің санын биыл 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға қысқартып, қалғандарының жалақыларын көбейту де өте маңызды мәселе деп ойлаймын. Бұл мемлекеттік қызметшілердің өз жұмыстарына деген ынтасын, жауапкершілігін арттырады.

Президентіміз жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына негізгі басымдық беру, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, экология және биологиялық әркелкілікті қорғау, әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында, цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы туралы аса маңызды мәселелер бойынша тың ойларымен бөлісіп, нақты ұсыныстарын, жауапты тапсырмаларын айқындап берді.

Еліміздің кешенді әрі жүйелі түрде дамуына негіз болатын осы Жолдауда аталған мәселелерді бүкіл қоғам болып жүзеге асыруға атсалысуымыз керек.

Өрісбай Көпеев, Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз