Қайран құрдасым...

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Үмітхан Алтаева туралы бір үзік сыр


Әрине, кімнің қанша өмір сүретінін, қашан дәм-тұзы таусылатыны бір Жаратқан иемнің өзіне ғана аян. Әріптесіміз Әуесбай Әбдіразақов қайтыс болғанда ма екен, газеттегі еске алу дүниесін: «Ажал шіркін алпысыншы жылғыларға ауыз сала бастады» деп жазған екем. Күні кеше көз алдыңда жүрген досыңнан айырылып қалу қандай қиын?! «Құрдастың Құдайы бір» демекші, күтпеген жерден келген қаза қабырғамды қайыстырып жібергендей еді. Әріптесіміз Үмітхан Алтаевадан да солай ойламаған жерден көз жазып қалғанда ұжым үрпиісіп қалды. Анда-санда ғана жөтеліп қалып жүрген адамды кім жаманатқа қия қойсын. Ұялы телефонымның «Оңтүстік Қазақстан» чатындағы маған жазған сенің хабарламаң әлі сақтаулы. «Мен ЦАХ-та реанимациядамын. Құрдас, хабарымды біліп қой» депсің. Бұл хабарламаны 8 шілдеде сағат 7.51-де жолдаған екенсің. Артынша-ақ «Алла шипасын берсін. Сауығып кет» деп жауап беріппін.

«Ауруханаға жатқаны дұрыс болыпты. Ем-домын алған соң тәуір болып, қатарымызға қосылатын шығар» деген сенімде болғанымыз рас. Жұмыс бабымен қайта хабарласуды ұмытып кеткендей екем. Сөйтсек, қауіпті індеттің белең алған тұсы екен ғой, қайдан білейік?! Арада екі күн өтпей жатып жұмадағы жаманат хабар жүректі сыздатты...

Содан өзімді қоярға жер таба алсамшы?! Құрдасымның аманатына қиянат жасадым ба деген ой жанымды жегідей жейді. Медицина мекемелерінің жұмысына негізінен біздің бөлім қарайтындықтан әріптестерімнің науқас туған-туысқандарын ауруханаға жатқызу, дәрігерлеріне сөйлесіп беру жөніндегі өтініштеріне құлақ асатынмын, лажы болғанша көңілдерін қалдырған емеспін. Үмітхан да менен сондай ілтипат күтті ме екен?! Дәрігерлеріне өзім сөйлескенде бір септігі тиіп, ажалдан аман қалар ма еді деген ой әлі де мазалайды... Өлім түгілі, өкпеге қиятын жан сен емес едің ғой, Үмітхан!

Сен тірі болғаныңда биыл осы қараша айында 60 жасқа келгеніңді ақар-шақар тойлап жатар едік-ау! Қайтейік, тағдырдың басқа салғанына көнбеске шара жоқ. Мерейлі жасқа келгеніңде мақтау мақала емес, естелік жазғаным қандай өкінішті! Сен нағыз еңбектің қоңыр торысы едің. Жорға жазудан жалықпайтынсың. Секретариаттың папкасында жазғандарың толып тұратын. Лездемеде газеттің келесі санына тапсырысты үйіп-төгіп беріп: «Біздің бөлімнің материалдары жатып қалды» деп шыр-пыр болатынсың. Редакцияда қалаған кәсібін құлай сүйген, мамандығына адал, жанкешті жан екеу болса, соның бірі, жалғыз болса сол сен едің. Руханият бөлімінің жұмысын жүйелі жолға қойып, тасын өрге домалатқаныңа бүгінде әріптестерің куә. Ешуақытта ерінбейтін қасиетің көпке үлгі болып қалды.

Қатар болған соң қалжыңдасамыз ғой. Есіңде ме, Еркін Досымбайдың әр қабинетті аралап, «Үмітхан бөлмесінде шай қойып, дастарқан жайып күтіп отыр» деп шақырып келгені. Бәріміз жиналып келсек, Үмітхан ештеңеден бейхабар, компьютерін тықылдатып, пысылдап жазуын жазып отыр... «Жақсы көргені соншалық, тегін күйеуінің атына (Алтай) ауыстырып алған» дейтінбіз. Айта берсек, мұндай мысалдар таусылмайды. Конфет сұрап көрші бөлмеге талай бардым өз басым. Кабинетінде өзі жоқ болса, шкафынан бір-екеуін ұрлап әкетемін. Ешқашан жоқ демейтін. Әзілге әсте ашуланбайтын еді. «Барыңдаршы әрі басымды ауыртпай» деп жорта өкпелеп қалатын, онысы шәйі орамал кепкенше ғой.

Үмітхан жақсы журналист қана емес, ардақты ана ретінде отбасының да ұйытқысы бола білді. Әсіресе, күйеуі Алтайға деген құрметі ерекше болатын. Айтыс, Наурыз сияқты мәдени іс-шараларға жолдасын ертіп баратын. Осы қарашаңырақта жүріп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырды. Мүмкіндігіне орай той қызығына біздің ұжым түгелге жуық қатысатын. Қызы Жанерке де – ана жолын қуған журналист.

Ол 59 жарым жасында құрметті демалысқа шығып, зейнетақысының да игілігін көріп үлгермеді. Құдай оның биыл бұл жалғаннан озатынын сездірді ме екен, былтырдан бері Үмітхан құрдасымыз суретке көп түсіпті. Жансыз бейнелеріне қарап сағынышымызды басқандай боламыз. Амал не, орны ойсырап білініп қалды. Көңілді мұң басады. Артында қалған ұрпақтары аман болсын дейміз!

Үмітхан нағыз кемел шағында еді. Осы жылдар ішінде шипажайларға барып, дұрыстап демала да алмаған сыңайлы. Қу тіршілік қой?

Жаның жәннатта болсын, пейіште нұрың шалқысын, құрдасым!

 

 

 

Пікір қалдырыңыз