Қазақ халқына алғыс айтты

Түлкібас ауданында халық-аралық келісім мәселесі жөнінде фейсбук әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түлкібас аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуатбек Еркебаев, аудандық этно-мәдени орталықтарының төрағалары мен мүшелері қатысты.

Отырыста сөз алған түрік этно-мәдени орталығының басшысы аудан тұрғындарын ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, бірлік пен достықты нығайтуға шақырды. Сондай-ақ, ол Елбасының Қазақстан халқына жасаған жақсылықтары мен жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.

Ал, славян этно-орталығының төрайымы Елена Киреева: «Біз киелі Қазақстан елінде өмір сүріп келеміз. Бұл – біздің жалғыз Отанымыз. ҚР Тұңғыш Президентінің арқасында әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп отыр. Бізде барлық ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынас сақталған. Қазіргі таңда славян халқының біразы мемлекеттік тілде еркін сөйлей алады» деді.

Сонау соғыс жылдарында көптеген өзге ұлт өкілдері қазақ еліне жер аударылды. Сол қиын-қыстау кезде қазақ халқы барша ұлт өкілдеріне қол ұшын беріп, бауырына басып, ерекше көмек көрсетті. Соның арқасында қазақ елі бүгінде көп ұлтты мемлекетке айналып отыр. Аспанында көк туы желбіреген егемен елімізде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, туған тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеді.

Ел ішіндегі ымыралы ынтымақ пен ауызбірлікті сақтауға бір ауыздан қолдау білдірген орталық мүшелері жүзден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып, ел болып қалыптастырудағы Елбасы еңбегінің ерен екенін атап өтті. Сондай-ақ, олар қазақ халқының кең пейілінің ашықтығына, қиын-қыстау заманда демеу болған қазақ жұртшылығына үлкен алғыс білдірді.

 

 

Пікір қалдырыңыз