«Бізді Қоңыратбаевтың сөзі қамшылады»

Биыл осыған дейін хакім Абайдың 38-ші қара сөзі деп аталып жүрген «Китаб тасдиқ» еңбегі жеке кітап болып жарық көрді. Рухани әлемімізде ерекше жаңалық болып табылатын аталған кітап жөнінде оның авторы, жас абайтанушы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Әзімхан Исабекпен сұхбаттасқан едік.

– Әзімхан, сонымен, «Китаб тасдиқ» қандай еңбек? Қай жанрға жатқызамыз? Біз сөз етіп отырған еңбегінен кейін Абайды ақын ғана емес, үлкен философ деп айта беруге болатын шығар?

– Қазақ әдебиеттану ғылымында абайтанудың негізін М.Әуезов қалағаны белгілі. Сондықтан Абай туралы әңгіме айтуға ниетті кез келген адам алдымен Әуезовтің жазғандарына сүйенеді. Абайды «философ» деу, философиялық тұрғыдан зерттеу туралы Мұхтар Омарханұлы өзінің атақты «Абай Құнанбаев» монографиясында жан-жақты тоқталады. «Абай мұраларын зерттеушілердің кейбіреулері «Абай философиясы» деген тақырыпты бөліп алып, тексеруді талап етеді. Абайды философ деп атап жүргендер де табылады. Анығында, бұл жөнінде дұрыс түсінік керек. Шын мәнінде алғанда, Абай философ емес. Ғылымдық кең мағынасында Абай философ емес дейтұғынымыз – оның арнап жазған, философиялық жекеше терең толғаулы еңбектері, трактаты жоқ. Ауызша әңгімелескен шақтарында, әрине, өзінің ақын шәкірттеріне, жақын тыңдаушыларына Абай әр мезгіл оқып отырған Спиноза, Спенсер, Дарвин, Дреппер немесе ескі антик философиясынан: Сократ, Платон, Аристотель еңбектері туралы сан мәртебе ойларын, сын толғауларын айтқан болар. Бірақ сол мәжілістерден, сондағы ойшыл Абай айтқан философиялық пікірлерден бізге жеткен жазба дерек жоқ. Абай жоғарыда біз айтқандай, бұлардың да бірде-бірінің атын атап, еңбектерін талдамайды. Сөйтіп, аңдап қарасақ, Абайдың дүниежүзілік философия ғылымымен ой шенестірген, жалғасқан еңбектерін көрмейміз. Өзінен туған, өзіндік философиялық системаны танытатын арнаулы трактат тағы да жоқ дедік», – деп нақты айтқан. Көрдіңіз бе, М.Әуезов Абайды философ емес деп отыр.

Ал, «Китаб тасдиқтан» шағатай өрнегімен бір ғана мысал келтірейін: «Біз ъилмні сатыб мал ізләмак емәсміз, мал бірлән ъилм кәсіб қылмақбыз. Һунәр – өзі дә мал, һунәрні үйренбәк өзі де ихсан, бірақ ол һунәр ъадаләтдан чықмасын, шаръиға муафиқ болсын» дейді. Яғни Абай кез келген өнер болсын, ғылым болсын, бәрін Исламның сүзгісінен өткізу керек деп отыр. Мұнда философияның иісі де сезілмейді. Сондықтан «Китаб тасдиқ» еңбегі, керісінше оның философ болмағанына толық дәлел.

– Қазір «Китаб тасдиқ» еңбегі «Абай шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биігі» деген әңгімелер жиі айтылады. Енді осы мәселеге тоқталсаңыз?

– Абай бала күніндегі «Шығыс ақындарына» және «Иузи раушан, көзі гәуһар» деген өлеңдері мен хаттары болмаса, басқа бүкіл шығармаларын қазақ тілінде жазған. Ал, «Китаб тасдиқтің» таза шағатай тілінде жазылуы – Абай шығармаларының қазаққа ғана емес, күллі Түркі жұртына ортақтығын аңғартады. Себебі, сол уақытта шағатай тілін тұтас түркі халықтары қолданған. Бұл еңбек оның 1903 жылы жазған ең басты һәм қорытынды шығармасы.

Бұл еңбегінде ол исламға тек сопылық көзқараспен қарамау керектігін ескертеді. Ислам – екі дүниеге бірдей қарап, ғылымның қарыштап дамуын қалайтын дін. Яғни бұл туынды – қазір көп ғалымның айтып жүрген орынды-орынсыз пікірлерін теріске шығарады.

Ал, енді «Китаб тасдиқ» сөзінің баламасына келер болсақ, бәзбіреулер бұл шығарманы «Аллаға сенімді бекіту кітабы» деп аударып жүр. Бұл үлкен қателік. Асылында «Китаб тасдиқтің» аудармасы – «Растау кітабы». Мұнда Абай ислам дінін өркениетпен байланыстыра зерттейді. Тек діннің қағидаттарын талқылап қоймай, қоғамның, ғылымның дамуына ерекше мән береді. Ақжол Батырұлының: «Дін – Алла Тағаладан. Мәдениет – адамнан. Дін – адамды басқарады. Ол адамға бағынышты нәрсе емес. Адам – мәдениетті басқарады. Адамды дін басқарған кезде ғана – адам. Адамды мәдениет басқарған кезде ол адамшылықтан айырылады. Өйткені, мәдениет адамды басқаруға жаратылмаған. Ол адамға қызмет етуге жаратылған. Дін – аспаннан түсірілген. Мәдениет – жерде пайда болған» деген сөзі бар. Яғни Абай бұл шығармада қалың елін, қазағын ең әуелі иманға, қоғамды дамуға һәм өркениетке шақырған. Демек, Абай иман мен өркениеттің ара жігін ажыратпай екеуінің басын біріктіруге күш жұмсаған. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлайтын ақын «Китаб тасдиқта» былай деп үн қатады: «Хаким ұйқы, тынычдық, хәуас қызықның бәрін қойұб, адам баласына файдалы іс чығармақлығына йағни електірианы тауыб, асманнан жайды бұрұб, дүнианың бір четұнан хазір жауаб алыб тұрыб, отманан суға хайласын тауыб, мың адам қыла алмас қызмәтләр ішләтіб қойұб, тұрғанлығы, уа хұсусан адамның ъақл-фікрін ұстартыб, хақ бірлән батылны айұрмақны үйреткенлігі, барчасы нафиғлық болған соң, бізнің оларға минәткарлығымызға дау жоқ». Бұл жерде ұлы ақын «асманнан жайды бұрұб» деп, 1902 жылы америкалық ғалым Никола Тесланың найзағайдан жарық алудың технологиясын ойлап тауып, адамзат игілігіне қосқан үлесін айтып отыр. Жапан далада, қараша үйде шырақпен отырған Абайдың осы жаңалықтардан хабардар болып отыруының өзі өркениет емес пе?

– Сіздің сөзіңізден соң Ақжол Қалшабек ағамыздың «аталмыш шығарманың осы күнге дейін түпнұсқа мәтінін оқымай, тек аудармасымен алданып келіппіз» дегені есіме түсіп отыр. Бұл кітаптың осыған дейін түпнұсқадан оқылуына не кедергі болды?

– Бұл туындының өз дәрежесінде бағаланбай, жарияланбай келуінің бірнеше факторы бар. «Китаб тасдиққа» келгенде еңбектің қазақ тіліндегі аудармасын місе тұтыппыз. Абайдың тұңғыш толық жинағы 1909 жылы Кәкітай мен Тұрағұлдың қолға алуымен Петербургтегі Ильяс Бораганскийдің баспаханасынан басылып шыққан. Ерекшелігі сол, бұл жинаққа ақынның қара сөздері енбеген. Кейін М.Әуезов Абайдың толық жинағын құрастырып латын қарпінде 1933 жылы жарыққа шығарады. Нақ осы жинаққа хакімнің «Китаб тасдиқ» туындысы отыз сегізінші қара сөз болып енді. Анықтап айтқанда, Мұхаң бұл іске лажсыздан барды. Сайып келгенде, Әуезовтің ол заманда бұл шығармаға транскрипция жасамай, қазақ тіліне аударып бергенінің өзі үлкен олжа еді. Өйткені, 1932 жыл Әуезовтің түрмеден босап шыққан кезі болатын. Ол кезеңде ислам мен шағатай тілін дәріптесең «пантюркизм», «панисламизм» (исламшыл, түрікшіл) деп айыпталып қамалып кетуің мүмкін. Қысқасы, содан бастап осы уақытқа дейін «Китаб тасдиқ» барлық академиялық басылымдарда отыз сегізінші қара сөз болып басылып келді. Ақиқатында отыз сегізінші қара сөзге «Китаб тасдиқ» деп арнайы өз атын қойып, шағатай өрнегімен шығару Мұхтар Әуезовтің асыл арманы болған екен. Бұл жайлы жазушы Абайдың Тұрағұлдан туған қызы Ақиламен кездескенде: «Енді 150 жылдық тойға дейін Мүрсейіттің қолжазбасы бойынша Абайдың жеке, арнайы басылымын даярлап, кітап бастырып шығарса дұрыс болар еді. Мүрсейіт еңбегі сонда жарқырап шығар еді!» деген екен. Бір әңгімесінде Тұрағұлдың қызы Ақиланың (1990 ж. қайтыс болған) Мұқаңмен бір кездесіп әңгімелескенімде сөзден-сөз шығып, Мүрсейіт туралы айтқанда: «Мүрсейіт қолжазбасы бойынша Абайдың бөлек жинағын құрастыру ойда болып еді» деген сөзі хатқа жазылыпты. Қарап отырсаңыз бұл Абай, Мұхтар, Мүрсейіт аталарымыздың алдында бізге жүктелген жауапкершілік емес пе?

Расында, біз Абайды шектен тыс жұмбақ етіп, тым күрделілендіріп жібердік. Әлбетте, ол қазақтың бас ақыны, бірақ, солай екен деп Абайды орынсыз әсірелей беруге болмайды. Бұл тақырыпқа көп адамның тісі батпауының, бара бермеуінің, оның шығармаларының оқыла бермеуінің бір себебі осы болуы да мүмкін.

– Сосын шағатай тілі бүкіл түркі жұрты мың жыл бойы қолданған ортақ тіл. Сондықтан ол өрнекпен кезінде Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Бұрһанеддин Рабғузи, Сәйф Сараий, Қадырғали Жалайырилар да жазды. Себебі, шағатайша жазу Абай өмір сүрген қоғамда, бүгінгі тілмен айтқанда, трендте болған. Сол дәуірде қаншама қаламгер шағатайшалап, араб, парсы сөздерін қосып жазуды армандаған. Мәселен, Нұржан ақынның:

Парсы, ғараб ұлғатпен келтірер ем,

Ғалимдік дариясынан ішсем қанып.

Көңілге келген істі нұсқалайын,

Жоқ алтынды қазайын қайдан тауып,

деген сөзінен-ақ осы стильмен жазуға ол кезеңдегілердің қаншалықты құмартқанын аңғаруға болады.

– Шағатай тіліндегі қолжазбаны транскрипциялау кезінде қандай қиындықтар кездесті?

– Бұл қолжазба біздің қолымызға 2019 жылдың көктемінде түсті. Бір жері өшіп, бір жері көгеріп, сарғайған парақтардан Абайдың әрбір сөзін, әрбір әрпін танып, оқып шығу оңайға түскен жоқ. Алғашқыда шағатай (ескі түрік) тілімен жазылған қолжазбаны көріп абдырадық. Қытайдан келген қандастарымыз да, арабша оқи білетін имам молдалар да бұл жазуды оқи алмады. Сондай қиындықтан соң имам Абдулла Жолдас ағамыздың «Китаб тасдиқты» оқығаны бізге Вильгельм Томсеннің 1893 жылы Орхон ескерткіштерін оқығанынан кем әсер еткен жоқ. Осыдан-ақ бұл ғылыми туындыны транскрипциялау қаншалықты күрделі болғанын аңғаруға болады. Қолжазбалардың ішінен біз осы күнге дейін академиялық басылымдарда басылмай келген һашияларға (жиек жазуларына) ұшырастық. Олардың бәрін хатқа түсіру – ұстазым, профессор М.Мырзахметұлының сөзімен айтқанда, нағыз әдебиеттің қара жұмысы.

Алла бұйыртса «Китаб тасдиққа» қатысты тағы да ғылыми еңбек дайындап жатырмыз. Ол да елді елең еткізетін жөні бөлек еңбек болар деп үміттенеміз.

– Мойнына осындай жауапкершілік алу қарапайым магистрантқа ауыр соққан жоқ па?

– Біз жұмысты жариялағаннан кейін қаншама адам осы еңбекті өз беттерінше зерттегісі келді. Жазып жүргендер де баршылық. Әйткенмен, ақиқат біреу. Кезі келгенде тарих пен уақыт бәрінің өз бағасын береді. Шығыстанушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың «Абайдың ең қиын-қыстау ойларының бірі 38-ші қара сөзі. Бұған әзірге ешкімнің тісі батпай жүр» деген сөзі бізді қамшылады десем артық айтқандығым емес. Бұл шығармаға тіс батыру расымен де бізге оңайға түскен жоқ. Аталмыш еңбек осыдан 7 жыл бұрын, мен студент болып жүргенде ғылыми жұмыс негізінде басталған еді. Сол кезде ұстазым Ақжол Батырұлы осы тақырыпты дипломдық жұмыс етіп берген. Бұл тақырыпта магистрлік диссертациямды сәтті қорғадым. Енді, Алла бұйыртса осы жұмысты жалғастырып, докторлық диссертация қорғасам деген ниетім бар.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал ТӨРЕБЕК.

 

 

1 пікір

  • Темір
    Темір

    Абайдың қарасөздерін зерттеу оңай шаруа емес. Әсіресе 38-қара сөзінің қиыншылығы баршылық. Оны Әуелбек Қоңыратбаев дөп көрсеткен. Жастар сол пікірлерді дамытып, жаңа белеске көтеріле білуі шарт.

Пікір қалдырыңыз