Қақтығыс тоқтады, қасіреті қалды

Қараша айындағы басты жаңалық – Таулы Қарабақтағы қарулы жанжалға нүкте қойылды. Отыз жылға жуық уақытқа созылған текетірес Әзірбайжанды да, Арменияны да әбден қажытқаны анық. Арадағы соғыс салдарынан қаншама сарбаздар қыршындарынан қиылып, қаншама отбасы қара жамылды.

9 қарашада Мәскеудің ара ағайындығымен ресми Баку және Ереван тараптары бейбіт келісімге келіп, 9 тараудан тұратын құжат қабылданды. Осындай үшжақты пәтуаның нәтижесінде биыл 44 күнге созылған қақтығыс тоқтады. Құжатқа бейнеконференция түрінде қол қойылды. Армения премьер-министрі Н.Пашинян онлайн-конференцияға қатыспағанымен, фейсбуктегі парақшасында тікелей эфирге шығып, өз шешімі туралы хабарлады. Онда: «Мен Ресей және Әзірбайжан президенттерімен Қарабақ соғысын аяқтау туралы мәлімдемеге қол қойдым. Жарияланған мәлімдеменің мәтіні мен үшін және халқымыз үшін ауыр. Мұндай шешімді әскери жағдайды талдап және бәрінен жақсы білетін адамдардың бағасына қарап қабылдадым. Сондай-ақ ол, осы жағдайдағы ең дұрыс шешім деген сенімге негізделді» деді Н.Пашинян.

Өзара ымыраға сәйкес Әзірбайжан әскері соңғы бір жарым айда басып алған барлық аудандар мен Таулы Қарабақтың айтулы бөлігі Бакудің қарамағына өтеді. Сонымен қатар Әзірбайжан Армения арқылы өзін Түркиямен, Иранмен шекаралас жатқан Нахичеван аймағымен көліктік байланыс орнататын болды. Ал, Арменияға Лачин дәлізі арқылы Таулы Қарабақпен қатынас орнатуға мүмкіндік беріліп отыр.

Құжатта Арменияның басып алған аумағын Әзірбайжанға қайтару мәселесі де қаралды. Мәселен, 15 қарашаға дейін Ағдам ауданы Бакудің қарамағына беріледі. Армения әскері 20 қарашаға дейін Кельбаджар ауданынан кетуі тиіс. Ал, Лачин ауданын 1 желтоқсанға дейін босатуы қажет. Ресей осы ымыраның орындалуын қадағалау үшін Таулы Қарабаққа екі мыңдай бітімгер әскер кіргізді. Сондай-ақ, 90 бронетранспортер, 380 автокөлік пен арнайы техника әкелінеді. Осының нәтижесінде енді Әзірбайжанда да Ресейдің контингенті пайда болып жатыр. Мұнан бөлек, бейбіт келісімнің орындалуын бақылауға Ресеймен бірге Түркия да араласпақ. Олар осы мақсатта бірлескен орталық құру меморандумына қол қойды. Орталық Әзірбайжан аймағында орналасады. Яғни аймақтағы бітімгерлік миссияны Ресей әскері орындайды. Ал, Түркия бұл процеске бітімгерлік штабына өзінің бақылаушыларын жіберу арқылы араласады. Мұндағы басты себеп, Таулы Қарабақта Түркия әскерінің пайда болуына Армения түбегейлі қарсы. Бітімгерлік күштер өңірде 5 жылға дейін тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етпек. Межелі мерзім аяқталған соң тараптар қарсылық танытпаса, оның уақыты тағы 5 жылға созылады. Сондай-ақ, тараптар әскери тұтқындар мен қайтыс болғандардың денесін алмасады.

Әзірбайжан жағы Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімді тарихи шешім деп есептеп, думандатып тойлап жатса, Арменияда мәлімдеменің соңы бүкілхалықтық шеруге ұласты. Наразылар Еревандағы Үкімет үйі мен парламентке басып кіріп, Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Олардың ойынша, Үкімет басшысы Ресей және Әзірбайжанмен бейбіт келісімге қол қоя отырып, ұлт мүддесін сатты, жеңісті қолдан берді. Бірақ, премьер-министр келісімге қол қою туралы шешім өзі үшін өте қиын болғанын айтады. «Егер осы ымыраға келіспегенде Әзірбайжан Таулы Қарабақты түгел басып алар еді. Бұл құжатқа Шуша қаласы басып алынып, армян күштерінің бас штабы ресурстар жағынан проблема туындағанына шағымданғанда қол қойылды» дейді Н.Пашинян. Ереванда өткен брифинг барысында журналистердің билеуші фракция премьер-министрді қазіргі биліктің басқа өкілімен алмастыруға дайын ба деген сұрағына ел парламентінің «Менің қадамым» деп аталатын басқарушы фракциясының өкілі, заң шығарушы органның вице-спикері Лена Назарян жауап берді. Ол премьер-министрдің ауысуын қолайсыз деп санайтынын мәлімдеді. «Жоқ, бұл нұсқа қабылданбайды. Қалай болса да парадоксальды болып көрінуі мүмкін, бұл жағдайда елді тұрақтандырушы фактор Никол Пашинян болып табылады» деді саяси күштің өкілі.

Айта кету керек, бүгінде әскери әлеуеті мен экономикалық қуаты қарсыластарынан көш ілгері Әзірбайжан әскери тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да жеңіске жетті деп бағаланып жатыр.

Бакудің мәлімдеуінше, Таулы Қарабақтағы армян күштерінен азат етілген территориялардың бәріне Әзірбайжан заңдары енгізіледі. Оларға босқындар оралады. Әзірбайжан тарапы армяндарды қумаймыз, қала берсе де болады, оларға ешқандай қысым жасалмайды деген еді. Десе де, Қарабақ пен оккупацияланған аудандарда өмір сүріп келген этникалық армяндар бұған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, армяндар «маған да жоқ, саған да жоқ» деген принциппен үйлерін өртеп кетіп жатыр.

Жалпы, Таулы Қарабақ ресми түрде Әзірбайжанның аумағы саналады. Бірақ, Кеңес өкіметі ыдыраған тұста Әзірбайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін қақтығысты. Армения тарапы тоқсаныншы жылдары Таулы Қарабақ автономиялық облысымен қатар оған іргелес жатқан Әзірбайжанның жеті ауданын оккупациялаған. Бүгінге дейін олардың төртеуі әскери қимылдар нәтижесінде босатылды. Сондай-ақ, Қарабақта орналасқан Әзірбайжанның байырғы мәдени астанасы болып келген Шуша қаласы да азат етілді.

1988-1994 жылдары болған соғыста 30 мыңдай адам қаза тауып, миллионға жуық әзірбайжан босып кетті. Содан бері Таулы Қарабақ этностық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы азаттығын жариялады. Алайда, әлемнің бірде-бір мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындаған жоқ.

1995 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Армения мен Әзірбайжан қақтығысын шешу үшін Минск тобын жасақтады. Бұл келісімге Франция, Ресей және АҚШ өкіл ретінде енді. Бірақ, бұл келісім діттеген мақсатына жеткен жоқ.

БҰҰ Таулы Қарабақ аймағын ресми түрде Әзірбайжан аумағы деп мойындап, екі елді мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып келді. Қарсыласын бітімге келуге мәжбүр еткен Ильхам Әлиев осымен тоқтамақ емес. «Отан соғысы аяқталды. Әзірбайжан бұл ұрыста керемет жеңіске жетті. Біздің жер оккупациядан азат етілді. Көз алартқандарды қуып шықтық. Екінші Қарабақ соғысы Әзірбайжанның даңқты жеңісімен тарихта қалады» деген Әзірбайжан президенті халықаралық сотқа жүгініп, соғыстан келген материалдық және моральдық шығынды өндіріп алмақ. Әскери саяси терминде ол контрибуция деп аталады. Экономикасы әлсіз Арменияның соғыс шығынын төлей қоюы екіталай деген долбар бар. Әзірге белгілісі, таяу бес жылда ешқандай атыс болмайды. Ал, бес жылдан кейін не болатыны белгісіз...

 

 

Пікір қалдырыңыз