Сарыағашта қызу өмір

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Жуырда Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы және кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтағы жай-күйімен жақынырақ танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.

Журналистер әуелі Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында болып, коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Қазір ауруханада орталықтандырылған оттегі стансасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ол іске қосылғанда аурухана бөлімдерінің 134 нүктесін қажетті ем-доммен қамтамасыз ететін болады.

 

Екінші толқынды да еңсермек

Өкпе қабынуы, ауа жетіспеушілігі шағымымен түскен науқастарға дер кезінде көмек көрсету үшін 4 ИВЛ аппараты сатып алыныпты. Жалпы, аурухана бойынша 18 ИВЛ аппараты бар. Оған қосымша 246 пульсоксиметр, 150 контактісіз тепловизор сатып алынған екен. Демеушілердің көмегімен ауруханаға 35 оттегі концентраторы, 60 дана оттегі баллоны, 1 ЭКГ аппараты, 2 монитор, 20 тонометр алыныпты.

Орталық аурухана 192 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Аурухана жанында БОКС, яғни жұқпалы ауруы бар деген күдікпен келген науқастарға арналған арнайы бөлме ашылған. Кез келген жұқпалы аурумен түскен науқастың диагнозы толық анықталғанша осында тұрады. Мұнда арнайы киім ауыстыратын орын, жұқпалы ауруға арналған кіші зертханасы бар.

30 төсек-орынды инфекциялық госпиталь жұмыс істейді. Осында 10 науқас орта ауыр дәрежеде ем алуда. Сарыағаш – шекаралық аудан. Сондықтан шекарадан өткен адамдарды оқшаулау үшін Қапланбек ауылдық ауруханасының базасынан 80 төсек-орынды, №12 кәсіптік колледж жатақханасында 100 орынды карантиндік стационар ашылған. Шекарадан өткен азаматтар осы жерде уақытша оқшаулауда болады.

Аурухананың дәрі-дәрмек және қорғаныш киімдері мен залалсыздандыру құралдарының қоры 2 айға жетеді.

 

«Қамқорлық» баспана сыйлады

Дарбаза ауылының тұрғыны Рыскүл Торыбаева – жалғызілікті көпбалалы ана. Кешегі күнге дейін 8 баласымен пәтер жалдап күн кешіп келген. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы аясында ауылдың жанашыр кәсіпкерлері мен жастары демеушілік жасап, Рыскүл Торыбаеваға 6 бөлмелі тұрғын үй салып беріпті.

Осы ауылдағы «Ауес» ӨК-нің басшысы Ерлан Дүйсебаев – қолы ашық жандардың бірі. Ол Рыскүлге баспана салып беруге өз үлесін қосыпты. Жылдар бойы баспана тақсыретін тартқан ананың қайырымды жандарға айтар алғысы шексіз.

– Бұл бізге өте үлкен көмек болды. Әрине, қуаныштымын. Ауыл әкіміне, асарға келген ауыл жастарына, кәсіпкерлерге, қысқасы, барлық қайырымды адамдарға алғыс айтамын. Көпшіліктің арқасында 6 бөлмелі кең де жарық үйге ие болдым. Қазір үлкен қызым колледжде оқиды. Қалғандары мектепте білім алады. Осы күнге дейін вахталық жұмыста істеп келдім. Енді үйім бар, тігін машинасын алып, көрпе-төсек тігіп жатырмын, – дейді Рыскүл Абдуллақызы.

 

Төрт оқушы – олимпиада жеңімпазы

Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, «Iqanat білім беру қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «IQanat» республикалық олимпиадасы ауыл мектептерінің 9-сынып оқушылары арасында әр жарты жыл сайын 4 пән бойынша өтіп тұрады. Осылайша ауылдағы зерек балаларды қолдап, олардың білімі мен біліктілігін арттырып, жергілікті және шетелдік университеттерде білім алуларына мүмкіндік туғызады.

Сарыағаш ауданынан олимпиадаға қатысу үшін 791 оқушы онлайн режимінде өтініш берген. Соның ішінде аудандық турдан 239 оқушы, облыстық турдан 12 оқушы іріктеліп, республикалық турға жолдама алған.

Қазір Түркістан облысынан 8 оқушы сынақтан өткен болса, соның ішінде Сарыағаш ауданынан 4 оқушы жеңімпаз атанды. Енді озат оқушылар Бурабайда орналасқан «Iqanat high schol» мектебіне барады.

– Соңғы екі жылда үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Төрт оқушымыз жеңімпаз атанды. Қазір олар Бурабайда оқып жатыр. Алдағы уақытта олимпиадаға 1500 оқушы қатысады. Ауданда 77 мектеп, 2 жекеменшік мектеп бар. Оқушылардың саны 55489-ды құрайды.

Жасыратыны жоқ, оқушылар онлайн жүйесінде оқып жатыр ғой, олардың арасында смартфоны немесе планшеті жоқ оқушылар да табылады. Осыған орай биылғы оқу жылында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға 873 планшет, 477 компьютер берілді. Алдағы кезде 3488 ноутбук алғалы отырмыз. Біз мұны жетім және жартылай жетім балаларға таратып беретін боламыз, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Майрихов.

 

Табыстың бір көзі – гүл өсіруде

Өңір диқандары жылыжайдан жыл он екі ай бойы өнім алады. Әсіресе, Жартытөбе ауылдық округінің тұрғындары қыс-жаз айларында да көкөніс егіп, өнімдерін базарға шығарады. Үйіргелік жеріне гүл өсіретіндер қаншама?!

– Көпшіліктің сұранысына орай гүл көшеттерін өсірудеміз. Маргарита, гвоздика, глобус секілді гүлдер үлкен сұранысқа ие. Бұл көшеттер күз, қыс айларында да гүлдейді. Суыққа төзімді. Осы гүлдерге Астана, Алматы қалаларынан көп тапсырыс түседі. Менің үйіргелік жерімдегі гүлдерім барлық тапсырысты орындай алмайды. Сондықтан оған бүкіл ауыл болып жұмыламыз. Көршілерім де гүл егеді. Гүлдің өзінен 1,5 млн. теңге табыс аламыз, – дейді кәсіпкер Бақтияр Азимов.

Оның бұдан бөлек жылыжайы бар екен. Онда жылдың төрт мезгілінде де қияр, қызанақ, салат жапырағын өсіреді.

Осы ауыл округіндегі Бостандық елді мекенінің тұрғыны Абдукахар Нуриев үйіргелік жеріне 1997 жылы 40 түп лимон көшетін еккен. Әдетте, лимон көшеті 2 жылдан соң өнім бере бастайды. Мәселен, өткен жылдың өзінде Абдукахар аға 6 сотық жерінен 3 тоннаға жуық өнім алған. Оның әрбір кіләсін 600 теңгеден өткізіп, 2 млн. теңгеге жуық табыс тапқан.

 

Көпірлер көбейіп келеді

Соңғы жылдары облысымызда көпір салу ісі жанданып келеді. Соның бір мысалы ретінде жуырда Жартытөбе ауылдық округіндегі Келес өзеніне салынған көпір ел игілігіне берілді. Осы кезге дейін Келес өзенінің арғы бетінде қоныс тепкен ауылдарға қатынау қиынға соғатын. Екі ауылды жалғайтын көпірдің құрылысына қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Көпір құрылысын «Корпорация «Береке А» ЖШС атқарған. Көпірдің ұзындығы – 60 метр. Құрылыс жұмысы биылғы шілде айында басталып, қазан айында толық бітіпті.

– Биыл талай қиындықты бастан кештік қой. Сонда да атқарылған жұмыстар көп. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қолдауымен Келес өзенінің үстіне көпір салынды. Бұл 5600 тұрғыны бар Еңкес ауылы мен 8 мыңға жуық тұрғыны бар Ынтымақ ауылын байланыстырады. Ауданда апатты көпірлер де бар. Атап айтқанда, Сарыағаш қаласы ішінен өтетін Кескен және Рамадан каналдарының үстіндегі көпірлер ескірген. Алдағы кезде бұл көпірлерді де жаңартамыз. Өткен жылы Ақжар елді мекенінде Келес өзенінен өтетін жаңа көпірді пайдалануға берген болатынбыз.

Биыл ауданда 1 млрд. 500 млн. теңгеден астам қаржыға жол салынды, 56 шақырым жол жөнделді. Бұл жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Сарыағаш қаласындағы орталық көшеге аудандық бюджеттен 250 млн. теңге бөлінді.

3,6 шақырымды құрайтын көше толық жөндеуден өтіп, жыл соңында пайдалануға беріледі, – дейді аудан әкімі Мұхит Отаршиев.

Иә, көпірлер елді мекендерді ғана емес, өмірді де жалғайды. Сарыағаш ауданында атқарылып жатқан игілікті істерді көріп көңіліміз толды.

Сарыағаш ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз