Түркістан – қылмысы ең аз облыстардың қатарында

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Екі миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысы республикада қылмысы аз өңірлердің қатарына еніп отыр. Демек, өңіріміздегі қоғамдық-саяси ахуал, криминогендік жағдай тұрақты деген сөз. Олай дейтініміз, бұрындары бір ғана Түркістан қаласындағы қылмыс әлемі жайлы қоғамда түрлі әңгімелер айтылып жататын. Ал, бүгінде рухани астана облыс орталығына айналғалы бері тәртіп сақшылары тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткенін аңғаруға болады.

– Түркістан облысының полицейлері қылмыстың азаюы мен қаладағы қоғамдық тәртіптің сақталуын барынша қырағылықпен атқарып келеді. Бүгінде өңірде қылмыс азайып, ашылу көрсеткіші артқан. Жалпы, республика көлемінде он мың тұрғынға шаққандағы қылмыс саны 86 болса, бұл көрсеткіш Түркістан облысында 31-ді құрайды. Яғни 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңір еліміз бойынша қылмысы ең аз облыстардың қатарында тұр. Себебі, облыс көлемінде қылмыстық құқықбұзушылық 26,6 пайызға, ал, қылмыс 27,5 пайызға азайған, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Тағы бір көңіл қуантарлық жағдай – күнгей өңірдегі мал ұрлығының 54,5%-ға азайғаны. Қылмысты жедел ашу үшін түркістандық полицейлер қазір «чат» әдісін кеңінен қолданып жатыр екен. Яғни тәртіп сақшылары заңсыз тасымалданған мал басын анықтап, суретке түсіріп, арнайы чатқа жібереді. Полицейлер мал ұрлығы туралы арызданып келген азаматтарға сол бейнежазбалар мен суреттерді көрсете қояды. Нәтижесінде жыл басынан бері мал ұрлығын кәсіп еткен 58 қылмыскерден тұратын 18 қылмыстық топ құрықталған және олар жасаған 113 қылмыс дер кезінде ашылған. Сонымен қатар, жыл басынан бері ұрланған 1091 малдың 484-і иелеріне қайтарылған.

Өңірде есірткі қылмысымен күрес те жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Дегенмен, есірткіге есі кеткендер аз емес. Полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері есірткіге қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 343 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде есірткі егудің – 73, есірткі сақтаудың 19 фактісі бар. Одан бөлек, заңсыз айналымдағы 6 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленген.

2020 жылы облыс аумағындағы жол апаты оқиғалары 10,4 пайызға және мас халде көлік басқару 20,5 пайызға кеміп отыр. Қайрат Сұлтанбайұлының айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де төмендеуі тиіс. Сондықтан бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін полицейлер профилактикалық іс-шараларды көбейткелі отыр. Айта кетсек, жол апатының орын алуына жүргізушілердің жол ережесін жиі бұзуы, қараусыз жүрген малдың жол қозғалысына кедергі келтіруі, облыс орталығындағы адам мен көлік санының күрт артуы және мас халде көлік басқару негізгі себеп болып келеді. 2019 жылы облыс аумағында орнатылған 540 бейнебақылау камерасы арқылы 84 қылмыс ашылып, 50 007 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Одан бөлек, Түркістан қаласында процессингтік және жедел басқару орталығы іске қосылып, 56 бейнебақылау камерасы орнатылды. Демек, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында жол полицейлері қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр деп айтуға болады.

Наурыз айының ортасынан басталған пандемия кезінде қалалық, аудандық полиция басқармалары жанынан карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын 50-ден астам мобильді топ құрылған. Олар бүгінге дейін заңға бағынбаған 4242 деректі анықтап, іс-құжаттарды тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдаған екен. Нәтижесінде 3279 дерек бойынша 160 млн. 999 мың 804 теңге айыппұл салынған. Аталған мәліметке сүйенсек, өзі мен өзгенің өміріне атүсті қарайтын, белгіленген тәртіпке бағынғысы келмейтін адамдардың әлі де көп екеніне көз жеткіземіз. Одан бөлек, заңға бағынбай той-жиын өткізіп жатқан тұрғындар жайлы да жиі естиміз. Сайып келгенде, мұның барлығы аты жаман аурудың алдын алуды қиындататын факторлар екенін түсіну керек.

Бүгінде өңірдегі көші-қон саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлерінің 55 жастан асқан қариялар мен кейуаналардың үйіне барып құжаттандыру ісін бір ізге түсіргені қуантады. Сондай-ақ, КСРО кезіндегі төлқұжатпен жүргендердің де құжаттары ауыстырылуда. Жалпы, бүгінге дейін облыста 235 адам құжаттандырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тоқтаусыз жүргізіле бермек.

– Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының қолдауымен облыс орталығын «Қауіпсіз қалаға» айналдыру мақсатында қала, аудандардағы тәжірибелі полиция қызметкерлері киелі өңірге жұмылдырылды. Олармен күнделікті қаладағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Ал, өзім кез келген азамат үшін есігімнің ашық екенін мәлімдеймін. Тіпті, әлеуметтік желіде де тұрғындармен кері байланыс жасау, ашықтық орнату үшін жеке парақша аштым. Жағдайдың барлығын өз бақылауымда ұстауға барымды саламын, – дейді полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы.

Расында, қоғамда тәртіп сақшылары жайлы теріс пікір көп те, олардың қызметі қаншалықты ауыр екенін ұқтыратын сөздерді сирек естиміз. «Таяқтың екі ұшы болады» демекші, бұл заңды да. Бетін аулақ қылсын, бірақ, басымызға әлдеқандай іс түсе қалса полицияға жүгінетініміз рас қой.

 

 

Пікір қалдырыңыз