Алаяққа алданған кәсіпкер

Түркістандық тәртіп сақшылары аса ірі көлемдегі алаяқтықтың жолын кесті. 57 миллион теңгені қолды қылған күдікті Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, сарыағаштық кәсіпкер Нұр-Сұлтан қаласында арзан бағада пісте сататын адам барын естіп, телефон арқылы 500 тоннаға тапсырыс береді. Осылайша кәсіпкер телефон арқылы сөйлескен сатушының есепшотына бірден 57 миллион теңгеден астам ақша аударып жібереді. Алайда, не пістеге, не ақшаға қолы жетпеген кәсіпкер алаяққа алданғанын біліп, полицейлерге арызданады.

Облыстық тергеу басқармасының қызметкерлері күдіктіні бас-аяғы үш тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласында құрықтады. Тергеу барысында күдікті сатып алушымен тікелей кездеспегенін пайдаланып, жеңіл жолмен пайда тапқысы келгенін жасырмады. Жәбірленушінің бар ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген күдіктіден полицейлер айғақты зат ретінде 15 миллион теңге мен 2 жеңіл автокөлік және соңғы үлгідегі 2 дана ұялы телефон тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдікті Сарыағаш аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Оның үстінен ҚР ҚК-нің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Д.ЖҮСІПОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз