ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕГІ ЛАУХАЛАР ТАРИХИ ОРНЫНА ҚОЙЫЛДЫ

Шараға қатысушылар «Қасиетті лауханың тарихы» көрмесін тамашалады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қазандық бөлмесінде «Қасиетті лауханың жаңғырылуы» шарасы өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген басымдылықтар негізінде тарихи лаухаларды (тудың басы) орнатуға арналған шараға Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында қала басшысы Рашид Абатұлы тарихи маңызға ие жәдігерлерді қайта жаңғыртып, өз орнына орналастырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне алғыс білдірді.

-"Бүгін  - өткенімізді қайта жаңғыртып, жоғалтқанымызды тапқан ерекше күн. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының  "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында  Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздан бастап мұсылман әлеміне мәшһүр Ахмет есімімен әйгілі шайықтардың есімдері жазылған  лаухалар  Тайқазанның айналасына, яғни тарихи орнына қайта орнатылды. Төл жәдігерлерімізді, тарихымызды түгендеп, насихаттау болашақ ұрпақ үшін маңызды мұра болып қалары сөзсіз. Тарихымызды тану, жаңғырту жолындағы маңызды күнмен баршаңызды құттықтаймын",-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанды қоршай орналасқан он лауха жөнінде  1871-1872 жж. орыс саяхатшысы А.Л.Кунның альбомында және М.Е.Массон 1928 жылы Түркістанға арнайы келген сапарында: «Тайқазанның он құлағына жылқы қылымен ұшталған, кейбірі жарты ай секілді иіліп біткен, темірмен қапталған ұзын он лауха бекітілген» - деп жазады.  1935-1940 жылдары кесене қараусыз қалған тұста он лауха қолды болғандығы жайында деректер кездеседі. Ғалым П.Н.Ахмеровтің «Ахмет Ясауи мөрінің жазбасы» атты еңбегінде он лауһаларда және мөрде мұсылман әлеміне белгілі  Ахмет есімімен әйгілі болған шайықтардың есімдері жазылғандығы айтылады. Олардың берілу тәртібі мынандай:

1. «Ахмет (яғни Мұхаммед (с.а.у.)-Алланың елшісі».

2. «Шайық Ахмет Ханбал».

3. «Ахмет Хейрун-насаж» (тоқымашылардың ең үздігі).

4. «Шайық Ахмет Аркам» (шұбар ала).

5. «Шайық Ахмет Хазрави».

6. «Шайық Ахмет Равия» (Равиялік).

7. «Шайық Ахмет Мұхтар» (таңдаулы).

8. «Шайық Ахмет Хами» (сақтаушы).

9. «Шайық Ахмет Кабир» (ұлы).

10. «Шайық Ахмет Сағари»-деп аталады.

 


Пікір қалдырыңыз