Құжаттарды қабылдау тәртібі ескертілді

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы партиялар төрағаларымен «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді. Мұнда 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған кезекті сайлауда ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және олардың сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру тәртібі туралы түсіндірілді.

Саяси партия құжаттарды ұсынған кезде аумақтық сайлау комиссиясы саяси партияның тиісті филиалы жоғары басшы органының мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы хаттамасынан үзінді болуын тексеруі тиіс. Сондай-ақ, партиялық тізім электрондық және қағаз түрінде болуы, саяси партияның уәкілетті органда тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі, азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтініші және өмірбаяндық деректері, жеке куәліктердің көшірмелері болуы міндетті. Уәкілетті адам қол қойған және саяси партияның мөрімен куәландырылған партиялық билеттердің көшірмелері немесе саяси партияға мүшелігін растайтын құжат та қабылданады. Және азаматтардың өтініштерінің, өмірбаяндық деректерінің, жеке куәліктерінің көшірмелері мен партиялық билеттердің саны партиялық тізімге енгізілген адамдардың санына сәйкес келуі шарт.

Партиялық тізімді тіркеу үшін кандидат пен оның зайыбының ағымдағы жылы 1 қарашадағы жағдай бойынша кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы қажет. Бұл анықтаманы Қаржы министрлігінің мемлекеттік Кірістер комитеті органдары кандидатты тіркеген күннен бастап он бес күн ішінде мәліметтердің анықтығын тексеріп барып береді. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес декларация тапсыру кезінде кандидат немесе оның зайыбы декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анық еместігі анықталған жағдайда тиісті сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар, партиялық тізімге енгізілген адам кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген жағдайда,

сондай-ақ, кандидат өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланса, сайлау комиссиясы тіркеудің күшін жоя алады. Мұнан бөлек, тіркелу үшін саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат, яғни банктен түбіртек қажет. Сайлау жарнасы – партиялық тізімге енгізілген әрбір тұлға үшін ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшері. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының жеті және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.

Саяси партия құжаттарды ұсынғаны туралы хабарлама сайлау комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылады.

– Және бір айта кетерлігі, саяси партиялар Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы көлемінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды енгізеді. Осы тұрғыда ескеретін бір мәселе, тізімге енетін жастардың жасы міндетті түрде 29-дан аспауы қадағаланады, – деді Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев.

Партиялық тізімдерді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталып, оған бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18-00-де аяқталады. Яғни тіркеу 10 қарашада басталып, 10 желтоқсанда аяқталады.

 

 

Пікір қалдырыңыз