Дипломы бар, жұмысы жоқ жастар көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы отандастарымызға ауқымды-ауқымды міндеттер жүктеді. Ел Президентінің, әсіресе, мемлекеттік басқарудағы қатып қалған қағидаларды реформалауға қатысты айтқан ойы көңілден шықты.

Мен қырық жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметте болдым. Ауыл әкімі, бөлім басшысы қызметтерін атқардым. Әлбетте, кез келген мемлекет өзіне тән жүйені таңдайды. Мемлекеттік басқару жүйесі өзгерген сайын кемшіндеу кетіп жататын тұстарымыздың бастары қылтиятыны бар. Мәселен, осыдан 13 жыл бұрын, дәлірегі 2007 жылы әрбір министрлікке жауапты хатшы деген қызмет енгізілді. Осы бір лауазымның артық екенін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтты.

Мемлекеттік басқарудағы күрмеуі қиын мәселелердің тағы бірі – ауыл әкімдерін сайлау. Осы мәселені бірінші болып Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы көтерген болатын. Қазіргі таңда жергілікті мәслихат депутаттары да ауыл әкімін сайлау керек деген көзқарасты құптай бастағанын көріп жүрміз. Бірақ, біздегі заң бойынша ауыл әкімін аудандық мәслихат депутаттарына аудан әкімі ұсынады. Аудан әкімінің өзі де дәл осындай сценариймен билікке келеді. Айырмашылығы – аудан әкімін облыс әкімі аудандық мәслихат депутаттарына таныстырып ұсынып, келісімін алады. Аудандық мәслихат депутаттары қолдарын көтереді де, әкімдер сайланып жатады. Яғни бәсекелестік жоқ. Тым болмағанда 2-3 кандидат өзара таласқа түссе, елдің таңдауына да мүмкіндік туар еді.

Ауылдық кеңес арқылы басқару да жергілікті әкімдерге едәуір жәрдем болады. Мемлекет басшысы осы Жолдауында жергілікті басқаруға байланысты өте құнды пікірлер айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат жұмысын ширатуды тапсырып, 2025 жылға дейін мемлекеттік қызметшілер санын 25 пайызға қысқарту керектігін қадап айтты.

Қазір дипломы бар, жұмысы жоқ жастарды жиі кездестіресіз. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік университеттердің саны жөнінен дамыған елдердің алдына түсіп кеткенімізді жасыруға болмайды. Диплом үлестіруді мақсат тұтқан университеттердің санын азайту керек деген әңгіме де жиі айтылады. Ондай оқу орындарына байланысты айтылған сыннан тез арада қорытынды шығаруымыз керек.

Президент, сондай-ақ, отбасы құндылықтары, үлкенді сыйлау, кішіге құрметпен қарау сияқты тәрбие төңірегіндегі мәселелерге де ерекше тоқталды. Рас, біз қазір білім алуды тек балл көрсеткішімен өлшейтін болдық. Мұның да кереғар тұстары бар екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жоғары білімді маман тек теориямен ғана шектеледі. Ал, теория мен практиканың арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені ескеріле бермейді. Міне, осы мәселелерді дөп басып, көрсетіп берген Мемлекет басшысын біз қолдауымыз керек. Жолдау жүктеген міндеттерді әркім қал-қадерінше орындап, өз үлестерін қосатын болса, болашағымыздың баянды болатыны сөзсіз.

Оразбек ШЫРШЫҚБАЕВ, Жетісай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз