Шаруа баққан ел биыл бірнеше белесті бағындырды

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Береке мен мерекенің бастауы болған күз айларының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Қамбасы толып, көңілі жайланған көпшілік бұл мезгілде «Алтын күз» мерекесін тойлап жатады. Иә, Жер-ананың биылғы берген ырыс-несібесі де аз болмады. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәлімет биылғы тышқан жылының да табысты болғанын айтады.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешені біздің облыста негізгі салалардың бірі болып саналады. Өңірлік өнімнің жиырма пайыздан астамын құрайтын бұл саланың биылғы табысы қандай болды? Енді осыған жан-жақты тоқталсақ.

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өткен болатын. Шынында да, өзімізді азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етпей, ел экономикасының еңсесін тіктеу мүмкін емес. Міне, осыны көздеген Мемлекет басшысы бұл салаға барынша басымдық беруді тапсырды. Жолдау жүктеген міндет біздің облыста қаншалықты жүзеге асты? Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биылғы карантинге қарамастан бұл сала жылды табысты қорытындылап отыр. «Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы дақылдары 17 мың гектарға көп егілді. Яғни өткен жылдармен салыстырғанда 846 мың гектарға артық. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдар 18,8 мың гектарға, мал азығындық дақылдар 11 мың гектарға, көкөніс, бақша өнімдері 1,7 мың гектарға артық егілген болса, есесіне мақта дақылы 5,5 мың гектарға қысқартылды. Ал, масақты дақылдар тікелей егу әдісімен 1,5 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда үш есеге ұлғайды. Бұл технология жұмыс күшін азайтып, еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік берді» дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, диқандарға минералды тыңайтқыштар да дер кезінде жеткізіліп берілген. Жалпы көлемі 75 мың тоннаны құрайтын 500 түрлі тыңайтқыш 50 пайыз жеңілдікпен жеткізілген. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін нарықтық бағадан 16 теңгеге арзан бағамен 76,2 мың тонна жанар-жағармай босатылған.

Облыста жеміс-жидектің көлемі 20,1 мың гектарды, жүзім 10,1 мың гектарды құрайды. Жаңадан 442 гектар қарқынды бау егіліп, жалпы көлемі 3,1 мың гектарға жеткен. Алма бауларынан гектарына 25 тонна, жүзімнен 15 тонна өнім алынды.

Иә, жыл өткен сайын суға деген сұраныс артып келеді. Сол себепті оны үнемдеу технологияларына басымдық беріліп, биыл қосымша алты мың гектар жер жаңа технологиямен игерілген екен. Сонымен бұл әдіспен егілген жер көлемі жалпы 24 мың гектарға жетсе, оның 21,1 мыңы тамшылатып, 2,9 мың гектары жаңбырлатып суару әдісіне көшкен. Сондай-ақ, жыл он екі ай жаңа піскен өнімді тұтыну үшін жылыжай салу ісі де жақсы жолға қойылды. Биылдың өзінде қосымша 80 мыңға жуық жерге жылыжай салынып, оның жалпы көлемі 1 193 гектарға жетті. Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш ауданында (726 га) болса, 78 гектармен Ордабасы ауданы екінші орында келеді. Келес ауданы 76 гектарға, Қазығұрт ауданы 61 гектарға жылыжай салған екен. Жалпы, республика бойынша біздің облыс жылыжай өсіруден (67 %) көш бастап келеді.

Ауа райы біршама жылы болып келетін біздің өңірде бір жылда бір жерден екі-үш рет өнім алуға мүмкіндік мол. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген біздің диқандар бұл жағынан да көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Атап айтсақ, «Бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу» бағытында 128 ауылдық округте 5,2 мың гектарды құрайтын 1928 жоба жүзеге асырылып, 220 мың тонна өнім өндірілген.

Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы үйіргелік жерлерді де игеру керек дегенді айтқан болатын. Бұл тапсырма да мейлінше орындалып, нәтижесінде 287 жоба жүзеге асырылды. Осылайша әр отбасы 850 мың теңге қосымша табыс тапты. Бұл көп балалы аналардың, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін көтеруге серпіліс берді.

Міне, осылайша ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды жұмыстар биылғы тышқан жылының табысты болуына жол ашты. Табыс көзін одан әрі жетілдіре түсу үшін қолға алынған жаңа жобалар да жоқ емес. Соның бірі ретінде өткен жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен қолға алынған «Бөген арнасын» айтуға болады. Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан, Арыс, Түркістан магистральды каналдары және Қараспан су торабы республикалық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке алынып, мамандандырылған «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, 34 техникамен қамтамасыз етілді. Бұл мекеме ағымдағы жылы Қараспан магистральды каналында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, Түркістан, Арыс магистральды каналдарында дамбы көтерді.

Иә, су – тіршілік көзі. Онсыз диқанның жұмысын көзге елестету қиын. Шіліңгір шілдеде егістік алқаптары су тапшылығынан қурап бара жатқан шаруалардың шырылына куә болғанымыз бар. Міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін облыс әкімшілігі тарапынан біраз жұмыстар қолға алынғанын да айта кетейік. Мысалы, Түркістан, Қараспан магистральды каналдарының бойындағы иесіз, жекеменшік және коммуналдық меншіктегі 97 ішкі каналдарды орталықтан басқару мақсатында «Тұран-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына беріліп, мекеменің өз қаражаты есебінен Ордабасы ауданында ұзындығы 51 шақырымды құрайтын 23 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген, нәтижесінде 8580 гектар жерді ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылды. Бұдан бөлек, 15 каналға күрделі жөндеу жұмыстары және 5 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 41 336 гектар жерді ағын сумен қамтамасыз ету жақсарып, 719 гектар жер қайта айналымға қосылған.

Міне, осылайша егін саласындағы жетістіктерін еселей түскен Түркістан облысы мал шаруашылығы саласы бойынша да біраз белестерді бағындырып отыр. Атап айтсақ, мал мен құс басы 5-6 пайызға, өнімі 6-7 пайызға артқан. Республика бойынша ірі қара мал санының 14 пайызы, ұсақ малдың 22 пайызы, жылқының 12 пайызы, түйенің 15 пайызы біздің облысқа тиесілі болса, одан өндірілген еттің 12 пайызы, сүттің 14 пайызы өңір үлесінде екенін атап айтуға тиіспіз. Асыл тұқымды мал басын көбейту бойынша да біздің облыс республикада көш басында келеді. Ұсақ малдың 50 пайызға жуығы асыл тұқымды қошқарлармен түрлендіріліп, республикада 1-орынға шықса, ірі қара аналықтың 36 пайызы асыл тұқымды бұқамен түрлендіріліп, еліміз бойынша екінші орыннан көрінді.

Міне, осыдан-ақ бұл саладағы жетістіктердің қомақты екенін аңғаруға болады. Жалпы, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан берілген мәліметтерді «сөйлете» берсек, бұл тізімді одан әрі толықтыра беруге болар еді, бірақ, қазірше сәл тізгін тарта тұрғанды жөн көріп отырмыз. Ең бастысы, бейнетқор елдің биылғы ырыс-несібесі де жаман емес.

 

 

Пікір қалдырыңыз