Абылай Донбай: «Мәди ұстазымның жұмысын қайта жалғастырамын»

Сот шешімімен ақталып, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне қайта кіріскен белгілі дәрігер Абылай Донбайдың өзіне тілеулес болған жандарға айтар алғысы шексіз.

– Менің тағдырыма алаңдаушылық білдіріп, қиын сәтте моральдық жағынан қолдау көрсеткен туған-туыстарыма, дос-жарандарға, БАҚ өкілдеріне, жалпы жанашыр жандарға алғысымды айтамын, – деді А.Донбай. Менің ешқандай кінәм болған жоқ. Тергеуде де, сотта да алғашқы жауаптарымнан айнымадым. Ең бастысы, ұжымға қайта оралдым. Енді сүйікті ісім – бүйрек пен бауыр трансплантациялау оталарын жасауға қайта кірісемін. Операция үстелін сағынып қалыппын. Науқастарды емдеймін. Тәлімгерім Мәди Биғалиев бастаған жұмысты одан әрі жалғастырамын.

Оқырмандардың есіне сала кетейік, өткен жылы 18 қарашада «Адам ағзаларын заңсыз ауыстырумен айналысты» деген айыптаумен Абылай Донбай мен оның серіктестері қамауға алынған болатын. Олар таяуда Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған соттың шешімімен кінәсіз деп табылып, ақталып шықты.

С. МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз