Тұрақты аударымдар – қомақты зейнетақы кепілі

Зейнетақымен қамсыздандыру ісі зейнеткерлерді ғана емес, жалпы, жұмыс істеп жүрген халықтың белсенді тобын да қызықтырады. Бұрынғыдай емес, қазір адамдар өз болашағын сауатты түрде жоспарлай бастады. Мұның бәрі қазыналы қарттыққа, болашаққа деген талпыныс. Осыған орай біз «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Мұсаевқа жолығып, көкейде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алған едік.

– Мұхтар Әбдібайұлы, әлемді әбігерге салған коронавирус індеті филиал жұмысына қалай әсер етті? Карантин кезінде салымшылар мен зейнетақы алатындарға қалай қызмет көрсеттіңіздер?

– Індеттің таралуына байланысты біз наурыз-сәуір айларында алғашқылардың бірі болып шектеу шараларын енгіздік. Мұндағы мақсат – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Осыған байланысты қордың барлық бөлімшелері қызмет көрсетудің жаңартылған режиміне көшті. Кейбір бөлімшелер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшсе, қалғандары алдын-ала жазылу бойынша жұмыс істеді. Зейнетақы қызметтерінің кейбір түрлерін қашықтан алу мүмкін емес. Сондықтан кезекші қызметкерлер осы бағыттағы қызметтерді жүзеге асырды. Мәселен, салымшының немесе алушының қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді ресімдеу (жерлеу және мұра), Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерді ресімдеу және басқалар. Қордың өзге де қызмет түрлерін біз ENPF ұялы қосымшасы және Қордың www.enpf.kz корпоративтік сайтындағы жеке кабинет арқылы алуға ұсыныс жасадық.

Эпидемиологиялық ахуал біршама жақсарғаннан кейін, яғни тамыз-қыркүйек айларында барлық филиалдарымыз салымшылар үшін есігін айқара ашты. Олардың көпшілігі бізге үнемі қоңырау шалып, қашан қалыпты жұмысқа көшетінімізді сұрап отырды. Әрине, бұл – бізді қуантатын жағдай.

Дегенмен, шектеу шараларына қарамастан, 1 қаңтардан 30 қыркүйекке дейін бізде 145 860 қызмет көрсетілгенін атап өткім келеді. Соның ішінде салымшыларға немесе алушыларға жеке зейнетақы шоттарынан 39 879 үзінді көшірме беріліп, зейнетақы төлемін тағайындау туралы 6 418 өтініш қабылданды. Салымшылардың немесе алушылардың деректерін өзгертуге немесе толықтыруға 39 969 өтініш қабылданса, хабарландыру тәсілін өзгертуге 26 533 қосымша келісім тіркелді. Сондай-ақ, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ғаламтор арқылы 10 онлайн-тұсаукесер және ұйымдарға бару арқылы 786 тұсаукесер өткізілді.

– Қордың негізгі көрсеткіштері қандай?

– 1 қазандағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың шоттарында 12,5 триллион теңге мөлшерінде зейнетақы жинағы бар. Былтырғы қазан айынан бергі бұл сома шамамен 1,9 триллион теңгеге немесе 20 пайызға ұлғайды. Яғни бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 598,6 млрд. теңгеге артық. Мұндай өсімге негізінен БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,08 триллион теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелгеннің арқасында қол жеткізілді.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасып, 12,2 трлн. теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 301,9 млрд. теңге, ал, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,14 млрд. теңгеге жетті.

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2 миллион бірлікке көбейіп отыр. Шоттардың ең көбі міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған. Олар шамамен 11 миллион, дәлірек айтқанда, 10 982 963 теңгені құрайды (жыл басынан бергі өсім – 11%). Одан кейін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан шоттар. Олардың саны – 521 681 (өсім – 2%). Ал, ерікті зейнетақы жарналарының саны да біртіндеп өсуде, қазір қордағы осындай шоттар саны – 56 517 (өсім – 4%).

2020 жылдың 1 қазанында Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 1 495 903 бірлікті құрады, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен 1 466 867 ЖЗШ, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен 27093 ЖЗШ ашылды, ерікті зейнетақы жарналары бойынша 1943 шарт жасалды. Салымшылардың зейнетақы жинағының жалпы сомасы 881,3 млрд. теңгені құрайды. МЗЖ бойынша зейнетақы жинағының орташа сомасы 592 мың теңгені құрады.

– Айтыңызшы, шотты қалай ашуға болады?

– Қазір БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға қорға келудің қажеті жоқ. Алғашқы жарна түскен кезде шот БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезіндегі (сіздің жұмыс берушіңіз жіберген) төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. БЖЗҚ салымшының қолданыстағы құжатының деректемелері туралы барлық қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

– Зейнетақы жинақтарының жай-күйін қалай тексеруге болады?

– Зейнетақы жинағы туралы ақпаратты білудің бірнеше тәсілдері бар. Атап айтқанда, электрондық тәсілдер, БЖЗҚ-ға ұсынылған электрондық пошта арқылы, электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе логин мен парольді пайдалана отырып, БЖЗҚ жеке кабинеті (сайтта немесе мобильді қосымшада) арқылы, ЭЦҚ пайдалана отырып, электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы немесе мобильді азаматтар базасында тіркелген салымшының ұялы телефон нөміріне келетін бір реттік sms-пароль арқылы, БЖЗҚ-ға тікелей хабарласу арқылы, пошта қызметтері арқылы (БЖЗҚ мен жасалған келісімшартта алу тәсілін таңдаған және БЖЗҚ дерекқорында пошта мекенжайы өзгермей өзекті болып қала беретін салымшылар алады) алуға болады. Әрине, ең жедел тәсіл – БЖЗҚ-ның жеке кабинеті арқылы ақпарат алу. Сондай-ақ, БЖЗҚ-ның смартфондар мен планшеттерге арналған жаңартылған ұялы қосымшасын да пайдалануға болады.

– Смартфон арқылы зейнетақы шотының жай-күйін қалай қадағалап отыруға болады?

– ENPF ұялы қосымшасы – қордың өзі әзірлеген жоба. Оның көмегімен жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ғана алып қоймай, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, барлық филиалдар мен қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін де көруге болады. Сондай-ақ, бұл жерде зейнетақы калькуляторы да орналастырылған, оның көмегімен өзіңіздің болашақ зейнетақыңызды есептеуге болады. Онлайн-бот ең көп қойылатын сұрақтарға жауап береді, ал, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар мұнда өтініш жолдау және басқа да көптеген мәселелерін шешу мүмкіндігіне ие.

БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын өз телефоныңызға Google Play немесе AppStore арқылы тегін жүктеп алуға болады. Ұялы қосымшаға тіркелу үшін сіздің ұялы телефоныңызға смс-хабарламамен жіберілетін біржолғы парольді пайдаланасыз.  Өз парақшаңызға кіру үшін қосымшада авторланудың да екі тәсілі бар: ЖСН және пароль енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаңызды пайдалану. Сондай-ақ, пайдаланушы Android үшін Touch ID және IOS үшін Face ID арқылы кіре алады. ЖСН-ді логин ретінде пайдалану зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алу тәсілі ретінде міндетті түрде интернет-ақпараттандыруды таңдауды көздейді. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатпен БЖЗҚ кеңсесіне барып, қосымша келісімге қол қойып, enpf.kz сайтында тіркеуден өту қажет.

Сондай-ақ, ENPF ұялы қосымшасында Push хабарламалар бар. Бұл қызметті пайдалану үшін қосымшаға кіріп, баптаулардағы «push хабарландыруларын қосу/өшіру» қызметін қосуыңыз керек. Осының бәрін жасаған соң, смартфоныңыздың экранында қысқа хабарламалар пайда болады. Олар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының түскені туралы ақпаратты уақтылы еске салып отырады.

– Салымшыларға өз болашағын жоспарлау үшін қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– «БЖЗҚ» АҚ салымшылары үшін қамсыз қарттықты жоспарлай алатын бірнеше тәсілдері бар. Бірінші кезекте, әрине, тұрақты зейнетақы аударымдары, себебі, ол – қомақты зейнетақы кепілі. Екінші кеңес – еңбек қызметін бастай отырып, өзінің еңбек қатынастарын ресми түрде, яғни еңбек шарты бойынша (егер ол тұрақты жұмыс болса) немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша (егер жұмыс уақытша болса, мысалы, жобалық режим, штаттан тыс) ресімдеу. Бірінші жағдайда жұмыс беруші (заңды тұлға, жарналарды аудару жөніндегі агент) қызметкердің табысынан 10 пайыз мөлшерінде зейнетақы жарналарын аударуға міндетті. Екінші жағдайда, егер сіз АҚС шарты бойынша жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші табысыңыздың 5 пайызын аударуы тиіс. Бұл жарналардың түсуін ұдайы бақылап отыру керек. Оның үстіне БЖЗҚ осы тұрғыда барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Оған электрондық жіберілім, enpf.kz сайтындағы жеке кабинет, үнемі жаңартылып отыратын ұялы қосымшалар дәлел. Жақында жарналардың түскені туралы push-хабарлама қажетті функциясы іске қосылды.

Сонымен қатар, қорда жеке жинақтау шотын ашып, өзіңізге ыңғайлы соманы белгілеп, ерікті зейнетақы жарналарын ай сайын өз шотыңызға салып отыруға болады. Бұл жерде аударымдардың мөлшері соншалықты маңызды емес, өйткені, түптеп келгенде, сіздің зейнетақы қоржыныңыздың қаншалықты толық екендігі олардың тұрақты аударылуына байланысты.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз